Аймақтар • 08 Маусым, 2024

Жолда абай бол, жасөспірім!

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Соңғы кезде Батыс Қазақстан облысында кәме­летке толмағандардың себебінен болған кө­лік апаты жиілеп кетті» деп дабыл қағады облыс­тық ішкі істер департаменті. Мұның ішін­де ақыры адам өлімімен аяқталған оқиғалар да бар.

Жолда абай бол, жасөспірім!

Биылғы сәуір айының алғашқы күні Орал қаласында кәмелетке толмаған бала «Lada 219220» автокөлігінің рөліне отырып алып, Әбілқайыр хан даңғылының бойында, дәл аялдама жанында 37 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші ауруханада қайтыс болды.

11 мамырда Ақсай қаласында кәмелетке толмаған тағы бір жасөспірім «Suzuki» маркалы автокөлігімен 3 жасар баланы қағып кетті. Байғұс бала да алған жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды.

27 мамыр күні кешкісін Орал қаласындағы Чайкин және Көкшетау көшелерінің қиылысында скутер мен «Hyundai» маркалы автокөлік соқтығысқан. Скутердің кәмелетке толмаған жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

– Осы айтылған барлық факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Оның қо­ры­тындысымен апатқа қатыстылардың әрқайсысының кінәсі анықталады, – дейді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Болат Жаңабаев.

Полиция ата-аналар мен заңды өкілдер тарапынан кәмелетке толмағандарға тиісті бақылау болмай тұр дейді. Сондықтан жоғарыдағы жол-көлік оқиғаларына кінәлі болған жасөспірімдердің ата-анасы да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Биыл жыл басынан бері облыста 228 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның салдарынан 27 адам қаза тауып, 318 адам жарақат алған. Соның ішінде балалардың қатысымен 46 жол-көлік оқиғасы болыпты. Нәтижесінде, төрт бала қаза тауып, 54-і түрлі дене жарақатын алған. Осыған байланысты жергілікті полиция жүргізушілер мен жас жүргіншілерге жолда аса мұқият болу қажеттігін ескертеді.

 

Батыс Қазақстан облысы