Айбын • 08 Маусым, 2024

Офицерлер қатары толықты

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрі әскери оқу орындарының үздік түлектеріне погон тапсырды. Салтанатты рәсім «Атамекен» этномемориалдық кеше­нін­де өтті.

Офицерлер қатары толықты

Іс-шараға Қорғаныс министрлігі­нің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы, әскери оқу орындарының басшылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, курсанттар мен түлектердің туыстары қатысты. Сағадат Нұрмағамбетов атын­дағы Құрлық әскерлері әскери инс­ти­ту­тының түлектері Бауыржан Алпыс­баев пен Иманжүсіп Асылбеков, Радио­электроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері Бекжан Дайырбай мен Диас Омар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан офицерлік погондарды алу мүмкіндігіне ие болды.

– Әскери институттан «Инженерлік қамтамасыз ету» бағдарламасы бойын­ша білім алдым. Уақыт тез өтіп кетті. Ен­ді қызметтің жаңа кезеңі бас­талады. Лейтенанттық погонды Қарулы күш­тер­дің Жоғарғы Бас қолбасшысының қо­лынан алудың жауапкершілігі жоғары. Маған көрсетілген бұл сенімді ақтауға тырысамын, – деді түлек И.Асылбеков.

Айта кету керек, погондарды салтанатты түрде тапсыру рәсіміне үздік­тер­дің үздіктері келді. Олардың арасын­­да халықаралық пәндік олимпиада­­лар­дың жүлдегерлері, спорт шеберлері
бар.

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу үздіктері, Құрлық әскерлері әскери институтының түлектері Данияр Ғабиден мен Тимур Қазисовке, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері Алмаз Дүйсенбаев пен Қанат Мұратовқа лейтенант погондарын тапсырды.

– «Әскери істегі киберқауіпсіздік» мамандығын алдым. Оқу барысында бағдарламалауды меңгердім. Биыл ТМД елдері арасында ақпараттанудан өткен халықаралық олимпиадаға қаты­су біз үшін маңызды оқиға болды. Онда жүлделі орынға ие болдық. Әрине, мен лейтенант погонын Қорғаныс ми­нистрінің қолынан алғаныма қуаныш­тымын. Бұл – үлкен сенім. Сол сенімді ақ­тауға тырысып, адал қызмет етемін, – деді лейтенант А. Дүйсенбаев.

Сонымен бірге Қорғаныс министрі Ш. Уәлиханов атындағы әскери колледж­дің түлектері Әлішер Өтелбаев пен Беглан Темірханға, армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы әскери кол­ледждің түлектері Мақсат Азықанов пен Нұрбол Жұмабайға да кіші сержант погондарын табыс етті.

Генерал-полковник Руслан Жақ­сы­лықов түлектерді тарихи оқиғамен құт­тықтап, Отанына адал қызмет етуге тілек білдірді.