«Таза Қазақстан» • 08 Маусым, 2024

16 мың тонна қоқыс жиналды

104 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде өтіп жатқан экологиялық акция аясында Батыс Қазақстан облысында да жүйелі іс-шаралар өтіп жатыр.

16 мың тонна қоқыс жиналды

Суретті түсірген – Ясипа Рабаева

Биылғы су тасқыны кезінде Орал қаласы қапшық-қапшық құм, үйілген топыраққа толып кетті. Жағалауды бекіту үшін мыңдаған адам, жүздеген техника дамылсыз жұмыс істеп, қаланы қорғап қалды. Ол кезде қаланың көше-жол желі­сін, аула-аумақтарын тазарту, абаттан­дыру және көгалдандыру ісі кейінге шеге­рілді.

Алайда тасқынның беті қайтып, өмір ағысы қалыпты жағдайға түскен соң, яғни биылғы 22 сәуірден бастап облыс бойынша санитарлық тазалық айлығы жарияланып, апта сайын сенбілік өткізіліп келеді.

Жоспарға сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жыл соңына дейін жалғасады.

Бүгінге дейін акцияға өңірде 90 мың­нан аса тұрғын және 3 мыңнан аса мекеме-кәсіпорын қатысқан.

«Облыстың түрлі елді мекенінде 44 мыңнан аса ағаш-көшет отырғызылып, мемлекеттік орман қорының 1,5 мың гектарына 3,3 млн дана жасыл желек егілді. Негізі биылғы жоспар 14,7 млн дана болса, қалған 11,4 млн дана желек күз мезгілінде егіледі», дейді Батыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй.

Санитарлық тазалық айлығы аясында барлығы 60 мың аула, 2,5 мыңнан аса көппәтерлі тұрғын үй мен 60 мың жеке тұрғын үй, 231 саябақ пен тынымбақ тазаланып, жинақталған. Сондай-ақ 2 717 шаршы метр тротуар жөнделіп, ауыстырылыпты. 165 су нысаны тазартылған. Оның ішінде өзен-көлдер мен жасанды су айдындарының аумағы – 9 807 шаршы метр болса, 55 субұрқақ пен ұзындығы 134 017 метр болатын арықтар тазаланып, ретке келтірілген.

Сенбілік кезінде 1 мыңнан аса әлеу­мет­тік нысан, 3 мың өнеркәсіп объек­тісі, 525 тарихи-мәдени ескерткіш қамтылған. Тазалық жұмысына 900-ден аса техника жұмылдырылып, 16 мың тонна тұр­мыс­тық қалдық арнайы полигондарға шы­ға­рыл­ған.

Елді мекендерді санитарлық тазарту мақсатында 31 мамырда облыстық жалпы сенбілік ұйымдастырылған еді. Ал 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай экологиялық сенбілік өтті.

«Су тасқынынан кейін өзен арналары мен аумақтарды қоқыстан тазалау мақсатында шілде айында «Таза жаға­лау», қыркүйек айында «Таза орман» акцияларын өткізуді жоспарлап отырмыз» дейді «Таза Қазақстан» респуб­­ликалық акциясының өңірдегі кура­тор­ларының бірі, облыстық Табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев.

«Мемлекет басшысының бастауымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын батысқазақ­стан­дық­тар бірауыздан қолдап, белсенді қатысады. Себебі біздің туған қаламыз ежелден «жасыл қала» деген атаққа ие. Осы атаққа лайық болып, әр ауылда тазалық жұмысын жүргізуіміз керек. Біздің мақсатымыз үйімізді, ауламызды, тұрған жерімізді таза ұстау», деді жалпыхалықтық сенбілікке қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы