Оқиға • 11 Маусым, 2024

Алматыда әкімдік пен президент резиденциясына шабуыл жасағандар сотталды

103 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаппай тәртіпсіздіктерге, күзетілетін объектілерге шабуыл жасау және оларды басып алу, сондай-ақ билік өкілдеріне күш қолданды деп айыпталған 11 сотталушыға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Egemen.kz соттың Telegram парақшасына сілтеме жасап.

Алматыда әкімдік пен президент резиденциясына шабуыл жасағандар сотталды

Фото:kst.sud.kz

Сот айыпталушылардың 2022 жылдың 4-5 қаңтарында Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқанын анықтады. Олар күзетілетін нысандарға: қалалық әкімдікке, президент резиденциясына және полиция ғимаратына заңсыз кірген.

«Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері мүліктің жойылуына байланысты ауыр зардаптарға әкелді. Бұл ретте үш сотталушы тәртіпсіздік барысында қоғамдық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдаған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсетті. Сотталушылардың бірі екі әскери курсантты кепілге алып, оларға жеңіл дене жарақатын салды», делінген сот хабарламасында.

Айыпталушылар тағылған айыпты жартылай мойындады. Рақымшылық жасау туралы заңды пайдаланып, 10 айыпталушының әрқайсысы 1 жыл 9 айға, біреуі 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті