Саясат • 13 Маусым, 2024

Қазақстан – Корея: Ынтымақтастықтың маңызды белесі

126 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Елімізге Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапармен келді. Оны «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұраны орындалды.

Қазақстан – Корея: Ынтымақтастықтың маңызды белесі

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Алыс-беріс 6 млрд долларға жетті

Салтанатты қарсы алу рәсімінен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізуге Шығыс залына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге іс-сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты. Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді.

– Бүгінгі сапардың қос тарап үшін де мән-маңызы зор. Корея Республикасы – біз үшін сенімді серіктес әрі стратегиялық әріптес. Екі елдің достық дәстүрге негізделген қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі мәселелер іскерлік рухта және сындарлы негізде шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда екі ел арасындағы та­уар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып жатыр. Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады. Біз осы жетістіктерді еселеп, қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Бұл сапар екі елдің ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

п

Өз кезегінде Юн Сок Ёль екі ел ара­сын­дағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Көптеген кореялық компания Қазақстан экономикасына инвестиция құйып, жұмыс орындарының ашылуына және өнеркәсіптің өркендеуіне ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, корея­лық инвесторлар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, бу-газ электр стансасының құрылысы сияқты ірі жоба­ларға қатысып, Қазақстанның ұлт­тық инфрақұрылымын дамытуға өз үлес­терін қосып келеді. Біз аса маңызды шикі­заттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді келешегі зор бағыттар бойынша ынты­мақ­тастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатыс­ты ал­ғашқы дипломатиялық стратегиясы, – деді Корея Республикасының Президенті.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынасты кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге ниетті екенін тағы да растады. Сондай-ақ осы байланыстарды саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша одан әрі нығайта түсуге өзара ниет білдірді.

Бұдан бөлек, президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәсе­лелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кореяның халықаралық деңгейдегі көптеген мәселеге қатысты ұстанымы ұқсас екенін атап өтіп, әлемдегі геосаяси қайшылықтардың шешілуіне екі ел орта державалар ретінде өз үлестерін қоса алатынын мәлімдеді.

 

11 бірлескен құжатқа қол қойылды

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Рес­публикасының Президенті Юн Сок Ёль кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің елімізге жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты.

м

Қазақстан Президентінің пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің «негізгі жаһандық мемлекет» ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Сеул – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында және еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның отыз жылдан астам уақыт ішінде жоғары деңгейдегі саяси диа­логке қол жеткізгенін, табысты эко­но­микалық ынтымақтастықты және берік гуманитарлық байланыстарды жолға қойғанын атап өтті. Екі ел пар­ла­ментаралық, үкіметаралық, ведом­ствоаралық деңгейде және басқа да түрлі салаларда ықпалдастық орнатқан. Іскерлік кеңес пен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табыс­ты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел кәсіпкерлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты жолға қою ісінде тұрақты байланыстар аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанда Оң­түстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания жемісті жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гума­нитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне назар аударды.

– Қазақстанда тұратын 120 мың этностық корей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және оған өлшеусіз үлес қосады. Өз кезегінде Корея­да білім алып жатқан мыңнан астам қазақ­стандық жастар мемлекеттер арасындағы «достықтың алтын көпірі» саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Юн Сок Ёль қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, биыл Корея Республикасы мен Қазақстан арасында стратегиялық серіктестік орнағанына 15 жыл толғанын атап өтті.

– Корея Республикасы өзінің басты стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен бірге жарқын және кемел келешекке қатар қадам басуға ниетті, – деді Корея Президенті.

Келіссөз барысында энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі, қаржы сек­торы, білім беру, денсаулық сақтау, фар­мацевтика, туризм, мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ықпал­дастықтың келешегі талқыланды.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды және сындарлы келіссөз жүргізгені үшін корей тарапына ризашылық білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады. Екі елдің ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Энергетика саласын дамыту ба­ғытындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  2. Мұнай-газ және мұнай химиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасының Энер­гетика министрлігі мен Корея Респуб­ликасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі арасындағы электр энергетикасы саласындағы жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі арасындағы маңызды минералдар мен металдар саласындағы жан-жақты ынтымақтастық туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Ұлт­тық экономика министрлігі мен Ко­рея Республикасының Экономика және қаржы министрлігі арасындағы білім алмасу және даму саласындағы ынты­мақтастық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  7. Қазақстан Республикасының Эко­логия және табиғи ресурстар министр­лігі мен Корея Республикасының орман шаруашылығы қызметі арасындағы орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  8. Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі мен Корея Республикасының Персоналды бас­қару министрлігі арасындағы мем­лекеттік қызметтегі персоналды басқару туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі мен Корея Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасындағы жұмыспен қамту және еңбек саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Корея Республикасының Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясы және Корея Республикасының Қаржылық қадағалау қызметі арасындағы банктерді қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  11. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корея Республикасының Қоршаған орта министрлігі арасындағы Париж келісімінің 6-бабы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.

 

Корея – ең ірі бес инвестордың бірі

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Корея Респуб­ликасының Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, сапармен келгені үшін Президент Юн Сок Ёльге шынайы ризашылығын білдірді және бұл күнді қазақ-корей достығы жылнамасындағы айтулы оқиға деуге толық негіз бар екенін айтты.

л

– Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамытуға уағдаластық. Өзара ықпал­дастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Ең бастысы, бір-бірімізге әрқашан тілеулес екенімізді таныттық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән беретінін, Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі саналатынын жеткізді.

– Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз. Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бас­таманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сирек кездесе­тін металдарды бірлесіп зерттеу және өн­діру мәселесі де қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компания­ларына қолайлы жағдай жасауға дайын екеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастық арасындағы жұмыс тобы құрылған. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Банктік қада­ғалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанына тоқталды.

– Жаңа құжат арқылы инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек. Елімізде корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы бар. Мен оны екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, тараптар ғылым және білім сала­ларындағы ынтымақтастықты ұдайы нығайтып келеді.

– Қазіргі таңда Кореяның жоғары оқу орындарында мыңнан аса қазақ жастары білім алып жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған кореялық әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Елдеріміз ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге келісті. Осыған орай Түркістанда Кореяның Усонг университетінің филиа­лын ашу мәселесі пысықталады, – деді Президент.

 

Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылады

Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге айрықша назар аударылды.

– Қазақстанда тұрып жатқан корей диаспорасының өз тілін сақтап, дамытуына қолдау көрсетіледі. Осы мақсатпен екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Кореяға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Таяу арада Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды әрі мазмұнды келіссөздер жүргізілгенін жеткізді.

– Астана мен Сеулдің өзекті мәселе­лерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Көпжақты ықпалдастықты нығайтуға екі ел де мүдделі. Біз Орталық Азия бестігі мен Корея диалогін одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Корея Республикасының K-Silk Road тұжырымдамасын қолдайды. Бұл мәселе бойынша бүгінгі келіссөздер барысында кең ауқымды әңгіме болды. Мен корей тарапының осы форматтағы алғашқы саммитті келесі жылы Сеулде өткізу туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл бастама екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін берері анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

лл

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президентімен халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасқанын, сондай-ақ жаһандық үдерістерге қатысты ой бөліскенін айтты.

– Біз әлемдегі түрлі қақтығыстарға байланысты алаңдаушылық білдірдік. Кез келген жанжалды диалог арқылы, дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Оның мызғымас негізі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары болуға тиіс. Осы ретте жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру туралы ой бөлістік, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Юн Сок Ёль Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастыққа назар аударды.

– Қазақстан Президентімен келіссөз­дер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қар­қынды дамып келе жатқан екі ел ара­сын­дағы ықпалдастық мәселелерін кеңі­нен талқыладық. Сонымен қатар Қазақ­стан мен Кореяның стратегиялық сері­ктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағда­ластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келі­сімге қол жеткіздік, – деді Корея Респуб­ликасының Президенті.

 

KIA зауыты іске қосылады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль Қазақстан-Корея бизнес форумына қатыс­ты. Мемлекет басшысы өз сөзінде жиын­ға қатысқан бизнес өкілдері­не ілти­пат білдіре отырып, екі ел арасын­дағы сауда-экономикалық ынтымақтас­тық­тың келешегі зор басым бағыттарына тоқталды.

– Корея Республикасы – Қазақстан­ның бес ірі инвестициялық және сауда серіктесінің бірі. Кореядан эконо­мика­мызға тікелей тартылатын инвести­ция көлемі он миллиард долларға жуық­тады. Ал өзара сауда айналымы алты мил­лиард долларды құрады. Бүгін­де Қазақ­стан нарығында Оңтүстік Корея­ның 700-ден астам компаниясы жұмыс істей­ді. Олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар мен басқа да кәсіпорындар бар. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-эко­номика­лық серіктесі ретінде өз позиция­сын нығай­ту­ға ниетті. Бұл туралы бүгінгі келіссөздер барысында сөз болды. Нақты жоспар­лар әзірленді. Келісімдерге қол қойыл­ды. Құжаттар елдеріміз арасындағы көпжақ­ты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап, Азия құрлығы орнықты даму және ғылы­­ми-технологиялық прогрестің көшбас­­шысына айналған қазіргі заманда мұ­ның өзектілігі айрықша байқалады. Сарап­шылардың болжамына сәйкес биыл әлем­дік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыз өсімін Азия қамтамасыз етеді. Бұл ретте Оңтү­стік Корея «Азия ренессансында» ең маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа экономикалық бағдардың дәйекті жүзе­ге асырылып жатқаны, инвесторлар­ға қолайлы жағдай жасау шараларына баса мән берілетіні туралы айтты. Оның пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалар Қазақстан мен Корея экономикалары кооперациясының маңызды бағыттары саналады.

– Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өн­діріс­ті кеңейтуге бағытталған жобалар­дың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі, – деді Президент.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды шикізат игеру саласында елі­міз­дің әлеуеті зор екеніне назар аударып, литий кен орнын игеруге және одан өң­делу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті оңтүстіккореялық серіктестермен (KIGAM, SK Ecoplant) ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының пікірінше, автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар.

– Қазақстанда қазір Hyundai маркалы автомобильдер құрастырылады. Келесі жылы толық циклді KIA зауыты іске қосылмақ. Аталған жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ретте компанияның алғаш рет Оңтүстік Кореядан тысқары жердегі зауыт құрылысына қаржы салып отырғанын және ол үшін біздің елімізді таңдағанын атап өткен жөн. Оңтүстік Кореяның бірқатар компания­сы автомобиль өнеркәсібін дамытудың келесі кезеңіне кірісуді, яғни Қазақстанда автобөлшектер өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отырғаны қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Табысты байланысқа тың серпін

Президент «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту­дің маңыздылығы артып келе жатқанын айтты.

 – Оңтүстік Корея компанияларымен осы бағытта тәжірибе алмасудан бас­тап, нақты жобаларды жүзеге асыруға және технологиялар трансфертіне дейінгі ықпал­дастықты жүйелі түрде жандан­дыра­мыз деп үміттенеміз. Бұдан бөлек, біз дәстүрлі қуат көздерін де дамытуға мүдделіміз. Сондықтан «Doosan Enerbility» компаниясының Түркістан мен Атырау облыстарында газ электр станция­ларын салу жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз агроиндустрия кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыруға ниетті.

– Бүгінгі келіссөздер барысында Корея Президенті Қазақстанға «ақылды ауыл шаруашылығы фермалары» принципі бойынша жұмыс істейтін технология­­лар жеткізу жөнінде ұсыныс айтты. Менің ойым­ша, бұл – өте жақсы ұсыныс. Біз атал­ған жобаны жүзеге асырамыз. Оңтүстік Кореяның жасанды интеллектіге, роботты техникаға және биотехнологияға негізделген инновациялық агротехнологиясын енгізуге мүдделіміз. Біздің шаруалар тиімділігі жоғары «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр, – деді Президент.

Сонымен қатар Президент Сингапур компанияларымен бірлесе жүзеге асырылатын «Alatau City» жобасына кореялық инвесторлар мен девелоперлерді де белсенді атсалысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін зор мүмкіндіктерге жол ашылып отыр.

– «Pfizer», «Roche», «GE Healthcare» және «Philips» секілді әлемге әйгілі компаниялар елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашпақ. Оңтүстік Кореяның «GL Rapha» компания­сы Алматыдағы биофармацевтика зауы­тының құрылысына көп ұзамай кіріседі деп үміттенемін. Бұл нарық стандарттарын едәуір жоғарылатады. Сондай-ақ елімізде Оңтүстік Кореяның диагностика орталықтары мен көпбейінді зертханаларын ашудың келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кореялық серіктестерімен жасанды интеллект технологиясын дамыту, дата-орталықтар салу және киберқауіпсіздікті қам­та­масыз ету бағыттары бойынша бір­лесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

– Астана халықаралық қаржы ор­та­лығы біздің бәсекеге қабілетті ин­вес­­ти­циялық ортамыздың берік негі­зі саналады. Біздің аймақтағы бұл біре­гей алаңда әлемдегі жетекші қаржы орта­лықтарының артықшылықтары барынша ескерілген. Бүгінде АХҚО-да әлемнің ондаған елінен екі мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Оңтүстік Кореядан 20-ға жуық компания бар. Біз қаржы технологиясы, IT, активтерді басқару және лизинг салаларында мұндай компаниялардың саны көбірек болғанын қалаймыз. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы толыққанды екінші деңгейлі банкке айналуын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытын­дылай келе, бүгінгі форум екі елдің күш-жігерін біріктіруге және табысты кооперациясына тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Бүгін мен K-Silk Road тұжырым­дамасын толық қолдайтынымызды айттым. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды тұ­жырымдама. Қазақстан аталған бағ­дар­ламаны іске асыру үшін қолдан кел­геннің бәрін жасайды. Президент мырзаның айтуынша, келесі жылы осы тұжырымдаманың аясында Кореяда саммит өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан бұл жиынға жан-жақты атсалысады деп ойлаймын. Қазақстан Үкіметі елімізде жұмыс істеуге ниетті оңтүстіккореялық компаниялар мен инвесторларға қажетті қолдау көрсетеді, – деді Президент.

Сонымен қатар форумда Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль, Кореяның халықаралық сауда қауымдастығының төрағасы (Іскерлік кеңестің тең төрағасы) Джин Сик Юн, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Hyundai Motor Russia & CIS өңірлік штаб-пәтері басшысы­ның орынбасары Им Дже У, «Astana Motors» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев, «Doosan Enerbility» компаниясының вице-президенті Янг Юн Хо, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов, «SK Еcoplant» ком­паниясының Алматы қаласындағы филиа­лының директоры Ли Джун Хек, Қызыл­орда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев және тағы басқалар сөз сөйледі.

 

Көрме мен гала-концертті тамашалады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль екі ел өнерпаздарының гала-концертін тамашалады. Оның алдында мемлекеттер басшылары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының фойесіне қойылған «Ұлы дала алтыны» көрмесін аралап көрді.

Көрмеге алтыннан жасалған археоло­гиялық тарихи жәдігерлер, соның ішінде басты экспонат ретінде Есік қорғаны­нан табылған «Алтын адамның» реконструк­ция­лан­ған киімі мен қару-жарағы қойылған.

Содан кейін екі ел президенттері Қазақ­стан мен Кореяның танымал мәдениет қайраткерлерінің, өнер ұжымдарының концертін тамашалады.

Бағдарлама аясында шетел компози­тор­ларының туындылары, әлемге әйгілі опералардан үзінділер орындалды. Сонымен қатар бірнеше хореографиялық композиция ұсынылды.

Концертте жеке орындаушылармен қатар, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының әртістері, «Бірлік», Korean Culture Leaders ансамбльдері өнер көрсетті.

Кешті Корея ресми делегациясының өкілдері және еліміздегі этномәдени бір­лестіктердің мүшелері де тамашалады.