Таным • 13 Маусым, 2024

«Түрік» қолданысын қайтаруымыз қажет

149 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ерте дәуірлерде, сонау VI-VІІІ ғасырларда-ақ мәңгі тастарға (бенгү таш) «Түрк» деп таңбаланған этнонимнің де, сондай-ақ тиісті этностың тілінің атауының да уақыт өте келе, ХІХ ғасырда екі түрлі қолданыла бастауының түп-төркінінде астарлы саяси себептердің жатқаны баршаға мәлім. Екі түрлі қолданыс ең алдымен түрік тілдерін бір тілдің диалектісі ретінде емес, жеке, дербес тіл ретінде қарастырудан өрбіді. Осылайша, «түркі тілдері» (тюркские языки) термині қолданысқа ене бастады.

«Түрік» қолданысын қайтаруымыз қажет

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Соған қарамастан, В.Радлов, Л.Будагов, П.М.Мелиоранский, Д.Немет секілді түрколог­тер еңбектерінде түрік тілінің тармақ­та­ры үшін «диалект», «наречие» термин­дерін қолдану ұстанымынан айнымады. Қазан төңкерісінен (1917 жыл) кейін, сондай-ақ В.В.Радлов қайтыс бол­ған­нан (1918 жыл) соң орыс түркологтері тү­рік тіл­дері мәселесінде «наречие» мен ­«диалект» терминдерінің орнына «тіл» (язык) тер­минін қолданысқа енді. Осылай­ша, тү­рік тілінің әр тармағын жеке, дербес тіл ретінде қабылдау үрдісі қалыптас­ты. Сөйтіп, әлемдік түріктану саласын­да өзін­дік мектебі қалыптасқан Ресейде ­­­­ХІХ ғасырдың екінші жартысында «тү­рік»­/ «түркі» терминдері қатар қолда­ны­­ла ­бастады. Ресей түркологтерінің бір бө­­лігі сол кездегі осман түріктерінен өз­ге тү­рік жұрттарын бөліп көрсету мақ­са­тын­да «түркі» (тюрк) деп қолданға­нын ашық жазды. Соған қарамастан, ресей­лік түркологтардың бір бөлігі өз еңбекте­рін­де «түрік» (турок/ турецкий) қолданы­сын сақтап қалды. Мәселен, көрнекті орыс түріктанушысы П.М.Мелиоранский ­«турок» және «тюрок» деген екі термин­ді қолданысқа енгізуді қажет деп сана­­майтын ғалымдардың пікіріне қосы­ла­тынын, өйткені «славян» деген термин маңайында ұйысқан орыс, болгар, чех, поляк т.б. славян халықтары секілді түрік халықтары мен тайпаларының да өз­дерін бірлестіретін «турок», «турец­кий» деген терминдерді қолдануға то­лық құқылы екенін баса көрсетеді (П.М.Мелиоранский, Турецкие наре­чия и литературы// Энциклопедичес­кий словарь, изд. Ф.А.Брокгауз, И.А.Еф­рон, т. ХХХІV, СПб., 1902, 159-бет). Сол секілді, орыс түркологиясының ірі өкілдерінің бірі А.Н.Самойлович те кеңес дәуірінің белгілі бір кезеңіне дейін «турок», «турецкий», «туркология» қолданысын жақтап, еңбектерінде осы қағидаттан айнымады. Оның ғылыми жұмыстарында «тюрк», «тюркский», «тюркология» түріндегі қолданыстар тек 1933 жылдан бастап қана енді. Бәлкім мұны басылым редакторлары түзеді. Танымал шығыстанушы, түрколог, арабтанушы, тарихшы, көп қырлы ғалым В.В.Бартольд та көзі тірісінде көбіне «турецкие государства», «турецкие народности», «кочевые турецкие племена» деп жазды. Кеңес түркологиясында саяси себептерге байланысты қалыптасқан «түркі» деген ұстаным өзге елдердегі түркология саласына да әсерін тигіз­­бей қоймады. Бұл турасында түркиялық ғалымдар Ахмет Буран мен Эрджан Алкая: «Бұл терминологияны кейін­­нен Еуропалық түркологтар да қабыл­дап, көне, жаңа және жаңаша түрік жазба тілдерінің барлығын қамтитын, қысқаша атымен «Fundamenta» деп танылған еңбекте (Philologiae Turcicae Fundamenta) «Түркі тілдері» деген термин берілді (француз тілінде Langues Turques; ал ағылшын тілінде Turkic Languages). Сол секілді қазіргі таңда ағылшын тіліндегі «Turkish» сөзі Түркиядағы түрік тілін, ал «Turkic» сөзі болса, барлық түрік тілдері үшін қолданылып келеді», деп жазады (Ahmet Buran, Ercan Alkaya. Çağdaş Türk Lehçeleri. Akçağ Yayınları, 12. Baskı, Ankara, 2018, 34-бет). Ал енді тәуелсіз­дік алғалы елеулі уақыт өтсе де, Қазақстан­да бұл мәселе түбегейлі шешілме­гені қай жағынан да жөнсіз. Осы түрік/ түркі қолданысы елімізде әлі күнге дейін бір ізге салынбағаны жас буынды адастырып жатқаны ақиқат.

Өзім де, бірқатар ғалым-зерттеу­ші­лер де «түрік» терминін тұрақты түр­де қолданып келеміз. Бірақ арагі­дік еңбектерімізді жариялайтын басылым редакторлары «түрк» деген қол­данысымызды белінен сызып, «түркі» деп түзетіп жіберетіні де бар. Амал не, бұл мәселе әлі ресми түрде бір ше­шімін таппағандықтан, жалпыны бір­дей міндеттей алмаймыз. Тек, өзіміз секілді ұстанымдағылар ғана «түрік» қол­данысынан бас тартпай келеді. Біз­дің ұстаздарымыз академиктер Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, өзге де аға буын өкілдері үнемі «түрік» деп жаз­ды. Мағжан Жұмабаевтың атақты өлеңін­де де: «Түркстан Ер түріктің бесігі ғой, Түркстан екі дүние есігі ғой. Тамаша Түркстандай жерде туған, Түріктің Тәңір берген несібі ғой», – демеуші ме еді? Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының тіл заңына салсақ, Түрікстан болуы да қисынды. 2018 жылы жарық көрген ­«Ұлы Дала әдебиеті» атты монографиям­ның «Қазақ әдебиетінің түп-төркіні жайында» деген бөлімінде «Кеңестік кезеңде атажұрт пен Анадолыдағы аға­йындардың арасын алшақтату үшін қол­данылған жасанды «түркі» термині бұл шығарылымда ТҮРК деп берілді» деп көрсеткен едім. Сондай-ақ аталған бөлімде: «Түркология ғылымы Еуропада туды, ХХ ғасырда Ресейде классикалық деңгейге көтерілді, кеңес дәуірінде саясатқа айналды. Сөйтіп, әр республика өз түркологиясын жасап, байырғы ортақ мұраны әр түрк тектес халықтар иелік еткелі бақталасып, талас тудырып, жүйеден адасты. Ғылым саяси құралдың ойыншығына айналып, «түркі» деген жасанды термин ойлап табылып, атажұрт пен Анадолыдағы ағайындардың ара­сын алшақтатудың амалы қарастырыл­ды. Түрік тектес халықтарды кемсіту үшін, олардың асыл мұраларын жоққа шығару үшін түрлі айла-шарғыны жасап бақты. Мысалы: біз аса қадірлейтін ғалым В.В.Радлов, түрік халықтарының мұраларын түрікке жақындатпау үшін әйгілі зерттеу еңбегін «Атлас древностей Монголии» деп атаған. Шындығын­да ол - түрік халықтарының ескерткіштері. Бағзы заманнан бізге жеткен мұралардың «Көне түркі ескерткіштері» аталуы да кеңестік кезеңнің салқыны еді. Дұры­сы «Көне түрк ескерткіштері» болатын. Иісі түрк халықтары тарихқа, тілге, дін­ге келгенде балталаса да бөлінбей­міз, біргеміз. Көне ескерткіштерде, түрк бітігінде «түрк» деп айтылады. Ендігі жерде осы «ТҮРК» сөзіне тоқтауымыз керек», – деп жазған едім (Жолдасбеков М., Ұлы дала әдебиеті. Астана: «Ғылым», 2018. 10-бет.). Ежелгі бітік тастағы жазуларда кейде дауысты дыбыстардың сақтала бермейтіндігін ескеріп және ана тіліміздің заңдылықтарына да сүйеніп, ендігі жерде «ТҮРК» сөзін «ТҮРІК» деп жазғанымыз жөн болады. Дұры­сы осы! Реті келгенде мынаны да айта кетейін, көне жазба жәдігерлеріміз мәселесінде де тақырыпқа, салаға үстірт қарайтын зерттеушілеріміз де бар­шылық. Мәселен, «Күлтегінді» кейбір зерттеушілер «Құлтегін» деп жүр. Бұл көпе-көрінеу бұрмалаушылық, әрине. Мұнда «Құл» дейтін сөз де, ұғым да жоқ, дұрысы «Күл + тегін», ұлы мұрагер деген мағынаны білдіреді. Біздің ұлттық гуманитарлық ғылымда мұнан да басқа күмәнді, даулы мәселелер жеткілікті-ақ. Сондықтан, бәлкім, осыларды түбе­гей­лі шешіп отыратын Түркиядағы се­кілді министрлік деңгейінде құзыреті бар «Түрік тілі жоғары құрымы» (Türk Dili Yüksek Kurumu / Турецкое лингвистическое общество) секілді ұйым бізге де құру керек шығар. Түркия­да түрік тілінің дұрыс қолданылуы, тілдік заңдылықтарының, емлесінің сақталуы мәселесінде ең басты қадағалушы орган да, бақылаушы орган да – осы ұйым. Түрік тілінде жазылған, әсіресе, филология саласындағы ғылыми еңбектер мен диссертациялар осы ұйым бекіт­кен емле сөздігінің заңдылықтары бойын­ша тексеріледі. Термин мәселесінде де осы ұйым құзырлы. Түрік тілдеріне қатыс­ты халықаралық деңгейдегі көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, көпте­ген маңызды жобаны қаржыланды­­рып отыратын да солар. Қысқасы, қазақ тіліне қатысты мәселелерді, ортақ емле, бірыңғай термин қолданысын бірізге ­салатын, тіпті соны қадағалап, талап етіп, орындатып отыратын бір мекеме, ұйым керек-ақ.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері