Жәдігер • 13 Маусым, 2024

Қапсағай садақ

37 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ерте дәуірдің әскери-жауынгерлік өнерін зерттеген еуропалық және ресейлік мамандар Мелюкова, Черненко, Смирнов, Хазанов, т.б. еңбек­терінде және Оңтүстік Сібір тұрғындарының б.з.б. тұрмыс-тіршілігіне зерттеу жасаған А.М.Кулемзиннің жазбаларында да садақты тұңғыш болып Азия құрлығының тұрғындары қолданғаны хақында айтылады. Бұл деректер аталған өлкелерде жүргізілген археологиялық қазба ба­ры­сында табылған заттай жәдігерлер арқылы да толық дәлелденіп отыр.

Қапсағай садақ

Яғни ерте заманда әрқилы жағдайға байланыс­ты адам­дардың аңдарға лақтырған тасы жетпейтін сәттер көп болғандықтан, олар тастың орнына садақ пайда­ланған дейді зерттеушілер.

Сөйтіп, олар кәдімгі табиғатта өсіп тұрған тобылғы, үйеңкі, қайың, шыбық, тал, т.б. ағаштардың түзу бұтағын кесіп алып, екі басын доғаша иіп, оның екі ұшына керіп қайыс бау тағып, қарапайым садақ жасаған. Бұл садақтың ерекшелігі – ешқандай жапсырма, құрама болмаған. Ағаш және таспалап тілген қайыс адырна қатарлы екі-ақ бөліктен тұрған.

Зерттеуші мамандар бұдан 2000 жыл бұрын адамдар пайдаланған бұл қаруға «Қапcағай садақ» немесе «Сапқы садақ» деген атау беріпті (Б.Базылхан. Моңғолша-қазақша сөздік. Ұланбатыр – Өлгий. 1984. 549-б.). Тіпті кейбір көне жазбаларда «дөрекі садақ» деген де атауы бар екен. Бағзы заманда ат жалын тартып мініп, қолына садақ ұстауды үйренуші бозбала әуелі шағын, қолға жеңіл осы Қапсағай садақпен атып үйренетін болған екен.

Ертедегі жартас суреттерінде бейнеленген садақтың түрі – осы Қапсағай. Бір қызығы, бұл садақтың қарапайым нұсқасы күні бүгін Моңғолияның батыс өлкесі қазақтар шоғыр қоныстанған Бай-Өлке аймағында өмір сүретін этностық моңғол тайпасы ұранхай туғандар арасында әлі күнге дейін сақталған.

Ертедегі адамдар осы қапсағай садақтың оғының жебесін тастан немесе сүйек қолданып жасағаны туралы дерек бар. Оған дәлел 1949 жылы Моңғолия территориясындағы Зүүн Қайырхан тауын­дағы қорғаннан табылған қап­сағай садақтың тас жебесі болған (Б.Бал­дандорж, Ч.Шарав, Д.Дондог. «Сурын харваа». Ұланбатыр. 1976 ж. 7-б.).

Осы қапсағай садақты қазақ фольклорында «Имек садақ» деп атапты. Оған 2004 жылы «Фо­лиант» баспасынан жарық көрген жүзтомдықтың 25-томын­дағы «Олжа қызы» атты дастанда:

«Қолына имек қарын садақ түссе,

Тигізеді басты қойып, қадап тіске.

Болады жаудан қайтпас бала батыр,

Басқа қалқан, үстіне жарақ кисе»,

деген жыр жолдары дәлел болса, қазақ­тың атақты ғашықтық дастаны «Қыз Жібек» жырында оның сұлулығын «Тал шыбықтай иіп, Кірпігі сүйрік қы­лыштай» деп имек садаққа балап суреттесе, тағы бір деректе «Қалмақ сонда долданды, Имек садақ қолға алды» (Бабалар сөзі. 51-том. Астана: 2006 ж. 228-б.) деген тіркесті кездестірдік.