Пікір • 15 Маусым, 2024

Әлем айнасы және біз

222 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әйгілі Махатма Ганди: «Әлемді өзгертеміз десек, біз өзіміз сол өзгеріске айналуымыз керек» дегені мәлім.

Соңғы бес жылда Мемлекет басшысының елде сәтімен саяси реформалар жүргізіп, «Әділетті Қазақстан» қағидатын елдік идеология­ның арқауына айналдыруы, ұлттың қастерлі ұғымдары мен әлемдік құндылықтарды тең ұстауы – дамуымыздың жаңа бағдарын айқын­дады. 2019 және 2022 жылдағы президент сай­лауы, соңғы екі жыл ішінде жүргізілген саяси және конституциялық реформа, соның аясында балалар болашағын берік етуге һәм жұртшы­лық әл-ауқатын көтеруге бағытталған тың тұрпат­ты қос қордың («Ұлттық қор – балаларға», «Қазақстан халқына») аяқ алысы, шетел асқан активтер мен заңсыз жекешелендірілген 5 миллион гектар жердің мемлекетке қайтуы халық сенімін арттырды. Мұның сыртында әділеттіктің мазмұны сынды ел тұтастығы, қалың қауым үнін тыңдауға жұмылған билік бетбұрысы, заң мен тәртіптің қатаңдығы, «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» бір­лігі, ешқашан ескірмейтін «адал азамат» құн­дылығы жаңа идеологиялық тұғырнама ретінде орнықты. Конституциялық сот, Парламент құзыретінің артуы, ауыл, аудан, қала әкімдерінің ізашар сайлауы, мұғалім мен дәрігер қауымының жалақысының артуы, осы саладағы тың жобалар («Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», т.б.) – елеулі бастамалар. Әлеуметтік зәруліктердің орайлы шешілуіне жаңа Парламенттің белсенділігі мен іскерлігі, билік пен қоғам арасындағы алтын көпір – Ұлттық құрылтай да тың серпін бергендей.

Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай жиынында мемлекет те, қоғам да темірқазық етер жалпыұлттық алты құндылық жүйесін айқындап берді. Бұл халқымыздың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген рәміз­ді нақылына дөп келеді. Тәуелсіздік пен отан­шылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауап­кершілік, заң мен тәртіп,  еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық – енді тек биік пәлсапалық термин күйінде қалмай, халықтың болмысына, қасиетіне айналуы керек. Мемлекет басшысының әділеттілік қағидатының басты мазмұны да, мұраты да осында!

Халқымыз «Қатер табан астында» дейді. Соңғы бес жылда Арыс пен Жамбыл әскери қоймасындағы жарылыс, шекара сыртынан сансыратқан Сардоба, әлемдік пандемия дерті, Екібастұз ЖЭС-ның төтенше жағдайы, Қостанай мен Семей ормандарындағы өрт, кешегі батыс және солтүстік өңірлердегі тасқын су, т.б. табиғи-техногендік оқиғалар қанша күрделі болса да, біздің елдігіміз бен бірлігімізді сынады. Ауыр күндерде қиындыққа тап болған өңірлерге Президенттің өзі бас болып барып, қамыққан жұртшылықтың көңілін демдеді және шұғыл қалпына келтіру жұмыстарының жөн-жобасын шешті. «Әр нәрсенің қайыры бар» деген. Осы сынақтан соң, халықтың Президентке сенімі одан сайын арта түсті. Баспанасыз қалып, бірер ай ішінде пәтер кілтіне қол жеткізген Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола өңірі тұрғындарының алаулаған жүзінен әділетті шын сезінгенін аңғарамыз. Күзге салым бұл қуаныш әлі еселенеді.

Мемлекетіміздің сыртқы саясатына келсек, әлемде геосаяси текетірес, соғыс пен қақтығыс өршіп, дүниенің үйлесім шаңырағы қақ бөлініп ортаға түскен бес жылда Қазақстан қауіпсіздік, ел мен жер тұтастығы, экономикалық өріс пен инвестиция тарту бағытында қағидатты жолынан айнымады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Сингапур дәрісінде жаһандық сын-қатерді былай түсіндірді: «Қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілу­ге жақын. Өйткені былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 трил­лион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек қаруланудың жаңа бәсекесі басталды». Бұдан шығар жол қайсы? Президент оны да айтты: «Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз», деді.

Бұл халқымыздың «Айналаңды доспен қорша!» деген даналығына сәйкес келеді. Президентіміз 2019–2023 жылдары БҰҰ Бас ассамблеясының тарихи сессияларында өңірлік тұрақтылықтың жаңа моделі мен осы халықаралық ұйымды реформалауға қатысты тың идея көтерді. Бүгінде әлемдік күн тәртібінің ділгір жиындарында Қазақстан ілтипатпен аталатын болды. 2024 жылы немістің әйгілі SWP ғылыми орталығы біздің елді әлемдік үйлесімге себепші 12 «орта держава» қатарына қосты. Бұл – маңдай тер мен жауапкершіліктің көрсеткіші.

Күні кеше Қазақстанға арнайы келіп, еларалық экономика мен инновацияны дамытуға мүдделі екенін мәлімдеген Корея Президенті Юн Сок Ёль газетімізге берген сұхбатында елге де, Мемлекет басшымызға да жоғары баға бере келе, Қ.К.Тоқаевпен БҰҰ алаңындағы кездесуін еске алды. Біздің бейтарап саясатымыз бен жауапкершілігі жоғары дипломатиямыз әлемдегі түсіністік пен елдегі береке-бірлікке қызмет етіп отыр.