Тұлға • 18 Маусым, 2024

Ғұлама Қаныш

72 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен ғасырда ұлт ғылымына орасан зор үлес қосқан тұлға – Қаныш Сәтбаев. Ғалымның азаматтық болмысы, ұлтына жасаған толағай еңбегі жыл сайын жаңаша өріс алып келеді. Жерінің асты мен үсті байлыққа толған байтақ мекеніміздің сан-салалы таланттарына, ғылым жолының өркен жаюына жол ашқан даңқты тұлғаның ғұмыры ірілікке толы.

Ғұлама Қаныш

«Бір жұлдыз тіл қатады ғарыш жақтан,

Әйгілеп ел мұратын Қаныш тапқан.

Тәңірі өзі таңдап сүйген ұлға,

Ақыл мен ой тізгінін тең ұстатқан»,–

деп ақын Несіпбек Айтұлы жырлағандай, ғалымның ақыл-ойы бала күнінен зерек еді. Ауыл мол­дасынан сабақ алып, кейін қазақ-орыс мектебінде оқыған ол өзгелерден дара туды. Акаде­миктің тұлғалық қырларын зерттеушілер, одан үлгі алушы жас­тар бүгінде көптеп танылады. Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі Досмұхамед Кішібековтің естелігінде дегдар тұлғаның үш қырына тоқталады. «Бірінші қыры: әрине, үлкен ғалым. Білімімен және көрегендігімен бүкіл кеңес одағын мойындатқанын айта кету керек. Жезқазған өндіріс орнын ашу үшін үкімет қаулысы қажет болған екен. Қаныш Сәтбаев осы мәселені қолға алып, одақтың ауыр өнеркәсіп наркомы Орджоникидзеден қабылдауды сұра­ған. 1936 жылы 31 желтоқсанда сағат 18:00-де қабылдауға кірген Сәтбаев түнгі бірге дейін тілдесіп, ғалымның білімділігі мен көрегендігіне разы болған Орджоникидзеден қаулы шығартып алған екен», дейді шәкірті. «Екінші қыры – ғылымды ұйымдастырушы адам. Бүкіл одақ бойынша мықты ғалымдарды және қазақтың маңдайға ұстар азаматтарын жинап, ғылым академиясын ашқаннан кейін, сол ғалымдардың орнын басатын буын дайын­дады. Ол кісінің алдына аспирантураға түсерде бардым. Ол кезде елімізде зертхана және өзге де қажетті дүниелер жоқ еді. Сондықтан бізді Мәскеуге жібер­ді, мен сол 25 адамнан құралған алғашқы лекте болдым. Ол кісінің мықты тұстарының бірі – адам тани білетін, сондықтан шәкірттерінен белгілі ғалымдар шықты. Үшінші қыры – өте беделді болса да, кішіпейіл еді. Мәскеуге барғанымызда Малая бронная көшесінде аспиранттар үшін үлкен жатақхана болды. Үлгермей қалған екенмін, орын болмады. Қаныш Имантайұлы бізді КСРО Ғылым академиясын басқарған Сергей Иванович Вавиловқа тапсырған. Содан Вавилов мені Мәскеудегі ғылым академиясының қонақүйіне орналастырамын деді. Мен бармайтынымды, ондай ақшам жоғын айттым. Болмай сонда орналастырды, бір тиын да төлеткен жоқ, аспирантура бітіргенше тегін тұрдым» – дейді Досмұхамед Кішібеков өз естелігінде. Міне, атпал тұлғаның қырлары оның зау биігін одан сайын асқақтата түседі. Мың өліп, мың тірілген қазақ баласының еңсесін көтеріп, иығын тіктеген Қаныш Сәтбаевтың әртүрлі сөйлеген сөздері, пікір-толғамдары бір төбе. Жанға азық болар мұн­дай лұғаттар қазір де кітаптардан кездеседі. Бір пікірінде: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжір­биелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады» – дейді ғалым. Келесі бір пікірінде: «...біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» – деп тағылымды ғибрат шоғын маздатады.

Қаныш Сәтбаевтың ағасы, Алаш ардақтыла­рының құрамында болған зиялы жан Әбікей Зейінұлы Сәтбаев інісінің ғылым жолына ерекше әсер еткен. Меніңше, ғұлама ғалым Алаш жолын, ұлтқа қызмет ету жолын көздеген, сол жолда болған. Оған әрбір еңбегі, тұлғалық болмысы дәлел. Ғалымның немере жиені Әлішер Қоғабаев өз естелігінде атасының ұлтқа сіңірген жан-жақты еңбектеріне тоқталады. «Қаныш Сәтбаевтың геологиядан басқа, мәдениет пен тарих саласы бойынша жазып қалдырған еңбектері бар. Ол Жезқазған мен Ұлытау өңірінен этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» еңбегін жазған. Шоқан Уәлиханов қағазға түсіріп алған «Едіге жырының мәтінін араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайта дайындаған. Қазақ орта мектебінің бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған алғашқы «Алгебра» оқулығын жазып шығады. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына халқымыздың музыкалық мұрасының інжу-маржаны есептелетін 25 әнді өзі орындап, оларға орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген екен», – дейді Әлішер Қоғабаев. Иә, елім деп еміренген ерен ердің бар мұраты – халқына жақсылық жасау, оның болашағын қалыптастыру болғанына шүбә жоқ. Әйтпесе «халқым менен де биік» деп ұлағатты сөз айтар ма еді? Уақыт өткен сайын ғұлама ғалым есімі жырға айналып, аңыз төрінен орын алуда. Ақын Ғали Орманов «Қаныш аға бейнесі» атты туындысында тебірене жыр толғайды.

«Өмірің ойға толы, Қаныш аға,

Ғажайып бəрі терең, бəрі жаңа.

Өренді өрісіне тарттың соның,

Нұр жайнап көрінгендей алыс жаға.

Əуелде өзің тапқан, ойлап алдын,

Секілді таулар сенің қоймаларың.

Қазынасын хатқа тізіп жаздың соның,

Адамша өз қолыңмен қойған бəрін».

Иә, тереңге құлаш сермеген ғалымның өмірі ойға толы екені рас. Әр минутын екшеп еліне арнаған ердің үні бүгінге жетіп, қыруар еңбегі көкірегімізде сайрап тұр. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дегендей, сол бірегей тұлғалар сапында Қаныш Сәтбаев есімі көп жұлдыздың ішіндегі шоқ жұлдыздай жарқырай бермек.