Таным • 18 Маусым, 2024

Аппақ ишан айбары

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы тергеу суретін көргенде ауыл ақсақалдарының бір әңгімесі есіме түсті. 1930 жылдың шамасында Оңтүстікте әйгілі Шаян медресесін ұстаған Аппақ ишанды – Сейдахметұлы Мақсұмды Ташкент жақтан тұтқындап, қол-аяғы кісендеулі күйінде туған жеріне алып келді деседі.

Аппақ ишан айбары

Мақсаты – жұртқа дін мен діндарды масқаралап, айып­тау екен. НКВД-сы бар, шолақ белсенділері бар, халықты жинап Аппақ ишан мен басқа да молдаларға неше түрлі ғайбат айтты дейді. «Халықтан кім сөйлейді?» дегенде, ешкім үндемепті. Сонда бір қария тұрып: «Айналайындар-ау! Осы сендер адамнан тудыңдар ма? Бәріміз де Мақсұмды қырық жыл аппақ десек, ол қалай қара болады? Алла сөзін жұрт санасына құйған адамды қалай ғайбаттаймыз! Төбемізде Құдай тұр ғой...» деп кемсеңдеп жылап жіберіпті.

Иә, кеңес өкіметі діндар мен зиялының айбарынан, білікті де ақиқат сөзінен қорықты. Қару кезеніп, атып тастауға асықты.

Мынау – Аппақ ишанның соңғы суреті. Азапталған, қиналған, қор­ланған түрі. Не үшін? Халқымызды иман­ға ұйытып, дін-ислам оқуына жаңа­шылдық әкелгені үшін! Құрбан айт күн­дері ел жолында, иман жолында құр­бан болғандардың аруағын бір еске алып қойған орынды.

Мақсұм Сейдахметұлы туралы соңғы жылдары академик Мәмбет Қой­гел­диев, қаламгер Көлбай Адыр­бек­ұлы т.б. бірсыпыра материал жариялады. Қазір қолда бар дерек пен жұртшылық естелігін танымалдандыру қажет-ақ.

Аппақ ишан 1864 жылы туып, 1931 жылы 67 жасында Павлодар түрмесінде азаптан қаза тапқан. Ол 1926 жылға дейін Шаян мешіт-медресесінің имамы әрі мүддарисі болған. 1905 жыл мұғдарында қажылыққа барған. Қа­риялар шежіресіне сүйенсек, арғы тегі - пайғамбарымыздың қызы Фатима мен Әли шадиярдың 35-ұрпағы. Қазақ этногенезінде орны бар қожа сойынан. Көнекөздердің айтуынша, мешіт-медресенің негізін Аппақ ишанның әкесі Сейдахмет Қосымұлы қалапты. Сірә, әу баста тұрқы қарапайымдау болса керек. 1883 жылдан оқу басталған. Мешіт-медресе құрылысына патша үкіметі де, қазақ байлары жәрдемдесіп, кешенді ғимараты 1906 жылы біткен. Ол мешіттен, дәрісханадан, азанханадан және 29 құжырадан (шәкірттер тұратын орын) тұрады. Мұнда бір мезгілде 100 шәкірт оқыған. Білім алуға қазақ елінің төрт тарапынан да келген. Медресе бағыты қадімнен жәдитке табиғи түрде өткенін екі дерек нақты дәлелдейді: 1) патша өкіметінің

150 мың рубль бөлуі (осы уақытта ол заманауи жәдит мектептерін ғана қолдаған); 2) Аппақ ишанның зайыр­лыққа жа­қындығы – баласы Бақа­булланы 1918 жылы Ташкентте Алаш зиялылары ашқан Қазақ педагогика курсында (бү­гінгі Абай университетінің бастауы) оқыт­қанынан көрінеді. Біздіңше, саяси репрессиядан нақақ күйген дін қай­раткері есімін Түркістан, Шымкент, Павлодар өңіріндегі рухани нысандарға беруге болады.

 

Сабыр ШӘРІП,

PhD