Аймақтар • 19 Маусым, 2024

94 дәрігер баспаналы болды

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандыда медицина саласындағы кадр жетіспеушілігін жойып, білікті дәрігерлерді жан-жақты қолдау арқылы өңір медицинасын өркендетуге басымдық беріліп келеді. Мәселен, өткен жылы медицина қызмет­керлерінің күні қарсаңында ауылға барып, қызмет ететін ақ халат­ты жандарға 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін сертификат табысталды. Ал күні кеше жас дәрігерлерге баспана кілті салтанатты түрде берілді.

94 дәрігер баспаналы болды

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Облыстық балалар клиникалық ауруханасының ескі ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, «Дәрігерлер үйі» деп аталып, жаңа ғимарат жас медицина мамандарына баспана етіп берілді. Тұрғын үй дәрігерлер арасында 12 медициналық ұйымға бөлініп, дәл осы үйден 94 жас маман қызметтік пәтер кілтін алды.

Жаңа баспана иелеріне үйлердің кілтін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыстап, жаңа қоныстарына құтты болсын айтты.

– Кәсіби мереке қарсаңында осындай тамаша салтанатқа жиналдық. Мен кілт тапсыруға арнайы келдім. Бүгін біз денсаулық сақтау қызметкерлеріне қан­дай әлеуметтік қолдау көрсететінін көріп отыр­мыз. Көп мәселенің шешімін табуы облыс әкімдеріне байланысты. Сіздің ай­мақ­тарыңызда дәрігерлерге осын­дай қол­дау көрсетілетіні қуантады. Жаңа пәтер­лерге бақыт орнасын! – деді өзі­нің құттық­тауында министр Ақмарал Әлна­зарова.

с

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сонымен қатар министр аймақта атқарылып жатқан игі бастамаларға да тоқтала өтіп, оған да оң баға берді. Әсіресе ауыл медицинасын дамыту үшін салынып жатқан 155 нысанға. Енді бір-екі жыл уақыт ішінде толық пайдалануға беріліп қалады.

Өңірде медицина саласы қызмет­керлерінің жағдайын жақсарту әрі кадр тапшылығын шешу мақсатында жүзеге асып жатқан баспанамен қамту жұмысы әрі қарай да жалғаса береді. Баспана мәселесі шешілсе, кадр тап­шы­лығы да жойылады. Сол себепті, дәрігерлерге жыл соңына дейін тағы бас­пана беріледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласының қыз­мет­керлеріне жағдай жасау керектігі жөнінде баса айтқан еді. Осы ретте биыл біз 220 пәтер береміз. Дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады. Сіздерге денсаулық және жаңа баспанада тек шаттық тілейміз! – деді аймақ басшысы.

«Дәрігерлер үйіндегі» пәтерлердің жартысы – бірбөлмелі, жартысы – екі­бөл­мелі. Барлық үй жөндеуден өткізілген. Жиһазбен, қажетті тұрмыстық техникамен қамтылған.

Қызметтік пәтерге қол жеткізгендердің бірі – Умида Пазылова. Ол – қаланың При­шахтинск бөлігіндегі №2 емхананың жал­пы практика дәрігері. Қарағандыға келіп, жұмыс істеп жатқанына екі жыл болыпты.

– Облыс әкімдігіне алғысымыз шек­сіз. Жолдасыммен, екі баламмен екі бөл­­мелі пәтер иесі атандық. Кадр жетіс­пеу­­ші­лігіне байланысты Қара­ған­ды облы­сына Түркістан облысынан шақыр­ту­мен келгенбіз. Жаңа пәтерге көшіп, енді алаңсыз еңбек етеміз, – дейді Умида Пазылова.

№3 көпсалалы аурухананың анес­те­зиолог-реаниматологі Онласын Тоқаев пен «Jysan Med» емханасының онкологі Жазира Науқанова да жаңа баспанаға ие болғандарына қуанышты.

– Пәтерлер жайлы әрі жарық. 2023 жылдың қазанында отбасын құрып, пәтер жалдап тұрдық. Үйлі болсақ деген арманымыз бар еді. Әйтпесе, үй жалдап тұру жас мамандар үшін қымбатқа түседі. Енді, міне, қуанышымызда шек жоқ. Алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Тағы бір артықшылығы – қала орталығында орналасқандығы. Қаланың кез келген жеріне барып-келуге тиім­ді. Арманымызды жүзеге асырған мем­ле­кеттік органдарға рахмет, – дейді О.Тоқаев.

Бұған дейін Бұқар жырау ауданы Доскей аулындағы жөндеуден өткен үйде 40 медицина қызметкері қызметтік тұрғын үйге қол жеткізген еді. Мұнымен қоса, биыл ауылға баратын медициналық қызметкерлер 8,5 млн теңгеден алады.

 

Қарағанды облысы