Аймақтар • 19 Маусым, 2024

Құнанбайдың дүбірлі тойы

167 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткенге көз жүгіртіп, көңіл таразысына салып безбендеп көрсеңіз, қазақ жоқ іздеген жолаушы іспетті. Тасқа басылған тарихы көмескіленіп көрінбей қалғаны да рас. Абай тойы қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы той тойлау емес, ой ойлаудың басты орында екенін ерекше айтқан-ды. Биыл хакім Абайдың әкесі қоғамға қозғау саларлық ақылы асқан қайраткер тұлға, «мырза», «қажы» атанған Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы. Ел мерейін өсіріп, алыс-жақын ағайынның басын қосып, Өскенбай баласының тойы өтті Абай елінде.

Құнанбайдың дүбірлі тойы

Абайтану ғылымының асқар биігі Мұхтар Әуезов Абайды жете тану үшін оның әкесі Құнан­бай дәуірін зерттеуді алға тар­тып, оның жан-жақты тұлға екенін айтады. Расында да, қазақ хал­қын патшалық Ресей үкіметінің езгісінен арашалап, ел ішіндегі арандатушыларды да ықты­рып, тізе салып бұқтырып отыр­ғаны да, шындық шымылдығын аша­ды. Жасыратын несі бар, Тәуел­­сі­здік таңы қылаң бергелі өлген ті­рі­ліп, өшкеніміз қайта тұта­нып, ше­жі­ре парақтары жаңаша түлеп сал­ды. Осындай айтулы тұлғаның бірі – Құнанбай. Абай әкесі болып, «Абай жолы» роман-эпопеясының кесек кескінді ке­йіп­кері болып баяғыдан таныс. Жұрт болып жұмылуды да, ел ең­сесін тіктеу мезетінде оның тұл­ғасын айқын таныту мұратының менмұндалап тұрғаны шын.

Осыған дейінгі өткізілген ірілі-ұсақты басқосулар мен таным­дық іс-шараларды есептемегенде, Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойына арнал­ған игі іс-шаралар дүйім халықтың ба­сын қосып, зиялы қауым өкіл­­де­рін бір арнаға тоғыстырып, 14–15 ­маусым күндері аталып өтті. ­14 маусым Семей қала­сының Шәкә­­рім атындағы уни­верситетінде ­«Құ­нанбай Өскен­бай­ұлы: тұлға, тарих, фено­мен» ха­лықаралық ғылы­ми-тәжі­ри­бе­лік конференция­сы өт­кі­зіл­ді. Келелі кеңесте абай­та­ну­шы ға­лымдар мен әдебиет зерт­­теу­шілері бүгінгі ғылым мен тұл­­ғатану аясындағы бірқатар мә­се­лені, қайткен күнде ғы­лым көк­­жиегін кеңейтпек керек деген мән­де түйіні қиын тақырып­тар­ды талқылады. Ғы­лыми отырыста филология ғылымдары­ның докторы, профес­сор Арап Еспенбе­тов «Құ­нанбай – тарихи тұлға» атты баяндамасын­да қа­зақ тарихының санғасыр­лық өт­ке­ніне үңілгенде, халқына пана болған ел қорғаған батырлар, екі ауыз сөзбен талайдың тағды­рын шешкен билер, ділмарлықпен аузына дүйім жұртты қаратқан ақпа шешендер, ел-жұрты­ның тағдыршешті кезеңдерінде өлең-толғауларымен қалың көпке жол көрсетіп, бағдар нұсқаған ақын-жыраулар дәуіріндегі Құнан­бай бейнесін алдымызға тосты. Мұхтар Әуезов өзінің сурет­кер­лік құдіретінің арқасында Құ­нан­бай­дың сан қырлы бейне­сін қа­­зақ оқырманының көкейі­нен кет­пес­тей бейнелеп берді. Одан бері ­де дүниеге келген ірілі-ұсақты көркем шығармаларда, тарихи еңбектерде Құнанбай тұлғасы өрнегін тапқаны белгілі. Ғалым өз сөзінде Құнанбай туралы Алаш ақиықтарының айтулы пікір­лерін алға тартып, тереңнен толғады.

ку

Қазіргі күнде Абайдың әке­сінің тарихи және көркем бей­несін жарыстырып, Құнан­бай тұл­ғасын танытуда бірқатар мә­се­ленің ішінара туындайтыны рас. Оқырман да оның тұл­ғасын көркем әдеби образбен шатастырып, «солай болып­ты мыс», «Мұхтар солай жаз­ған» деген дүдәмал ойлармен шабуылға шыққысы келіп тұ­рады. Көркем ойдың иірімі иіп әкелген өмір заңдылығынан ту­ған Құнанбайдың тарихи һәм көр­кем бейнесі хақында Л.Н. Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің профессоры Тұр­сын Жұртбай «Құнанбай: тарихи және көр­кемдік шын­дық» деп өткен күн­дер ізіне үңілді. Көрнекті қа­лам иесі көркем әде­биеттің мәңгілік категориясы болатын көркем шындықтың әсерінен арылмаған әкелі-балалы екеу­дің, бірі – қатыгездіктің, бірі адамгершіліктің нышаны болып қалғанын, қоғамдық коллизия – қоғам мен қоғам арасында­ғы жанталасқан шарпысуларды айтты. Бұған қоса жерлестер арасына келген ғалым Құнанбай мен Абайға қатысты бұра тартатын деректерді, оларға қатысты тарихи мекендер мен киелі жерлер туралы да пікірін орта салды. Құнанбайдың ұлы денесі ба­йыз тапқан Ақшоқыдағы қыстау орнын қалпына келтіру, Абай кітап алып тұрған тарихи орын – бұрынғы Н. Гоголь атындағы кітапхана ғимаратын мемлекет меншігіне қайтару туралы толғамын жария қылды.

Осы жолғы абайтану ғылы­мы­ның аясын кеңейтіп бас­қосудың бәсін жоғарылатқан дүние – аталған іс-шараға өзге елдердегі бауырлас халықтардың келгенін білеміз. Анкара Хажы Байрам Вели университетінен PhD, қауымдастырылған профессор Бекир Түмен Сомунжуоғлы «Құнанбай және оның дәуірі» деген сөзінде Құнанбай Өскен­байұлы туралы Түркияда жет­кілікті түрде танылған және ол туралы дербес академиялық ­зерттеулер жүргізілгенін жет­кізді. Тарихи тұлғаның ме­шіт салып, орыс тілі арқылы заман талабына сай білім алу, діни өмірді қор­ғау талпыныстарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді.

Халықаралық жиын орайын­да Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және шығыс тарихы мен әдебиетіндегі са­на-сезім жетекшілері» кіта­бы­­ның тұсаукесері өтті. Қазақ әде­­биетіндегі ислам дүние­та­нымы мен шығыс философия­сын зерделеген ғалымға Шәкә­рім университетінің «Құр­мет­ті профессор» атағы беріл­ді. Кон­ференцияда тарих ғылым­да­рының докторы, профессор, Ш.Уә­ли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай, Ә.Науаи атындағы Таш­кент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінен арна­йы келген ғалым Жавлон­бек Жовлиев, ­саясаттанушы, тарихшы Жандос Қарынбаев аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы жайындағы өз зерттеу еңбек­тері­мен бөлісті.

Отырысты түйіндеу тұсында: «Құнанбай Өскенбайұлы – ше­шендіктің, көсемдіктің, әділдік пен адалдықтың бейнесі. Біз келешек ұрпақтың бойына сол қасиеттерді сіңіру арқылы нағыз ұлтжанды, батыр, шешен ұрпақ­ты тәрбиелейміз», деп сөз алған Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов іс-шараға қатысқан және абайтану ғылымының өрі­сін ке­ңей­­тіп жүрген ғалымдар мен зерт­­теушілерге Құнанбай Өскен­бай­­­ұлының 220 жылдығына арналған мерейтойлық медаль­ды табыс етіп, алғысын білдірді.

Құнанбай Өскенбайұлы­ның мерейтойын атап өту аясында Құрбан айт қарсаңында Құнанбайдың өзі мен жақын-жұрағаты жерленген қорым орын тепкен Ақшоқыда түйе сойылып, құрбандық шалынды. 15 маусым күні Қарауыл төбеде «Бала Құнанбайдан дана Құнанбайға дейін» атты театрландырыл­ған көрініс пен ұлттық салт-дәстүр көрмесі ұйымдастырылды. Дү­бірлі тойға жиналған еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар спорттық ойындарды тамашалап, қажыға арналған асқа қатысып тарқасты.

Құнанбай қажы тұлғасын танытуға бағытталған респуб­ли­­­калық жыр мүшәйрасының қо­­рытындысына орай 28 ақын қа­тысқан жыр додасында суы­ры­лып шыққан Бауыржан Игі­лік І орынды иеленсе, Нұржан Бай­төс ІІ орын және жас ақын Бауыржан Серікқали ІІІ орын­ның жүлдесін қанжығасына байла­ды. Астана мен Алматы, Қараған­ды қалалары атынан бақ сынаған өзге де ақындар байқаудың ынталандыру сыйлығын місе тұтты. Қазақ күресінен орта салмақ дә­режесінде сынға түскен балуан­дар арасында Б.Ахметқали ІІІ орын, Д.Тұтқышов ІІ орын және Абай облысының абыройын асқақтатқан Қуан Барыс І орынды иеленіп, өгіз палуан атанды. Аталған спорт түрінен аса ауыр салмақта кім мықтыны анық­таған балуандар ішінен ІІІ орын Ә.Оразбаевқа бұйырса, ІІ орын Е.Қажыбаевтың еншісінде кетті. Д.Нұралинов Түйе палуан атанып, І орын иеленді.

Бұған қоса Абай ауданында өткен мәдени-көпшілік іс-ша­рада жұртшылық алдында 500 бала ашамайға отырып, бабадан жеткен көне салтты жаңғыртты. Жылқы десе делебесі қозып, қазақ баласының ерекше аңсары ауатын көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, асау үйрету, аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы сияқты ат спорты түрлерінің ұйымдастырылуы шетел қонақ­тарын әсерге бөлеп, тәнті етті. Тағы да бір айта кетерлігі, осы мерейтойда жүлделі болған же­ңімпаздар мен жүлдегерлер Құнанбай заманындағыдай түйе жетектеп, үйір жылқы айдап кет­ті. Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойын ұйым­дастырушылар тойдың мақсаты жүлделі болғандарға түйе мен жылқы атап, бағзы дәуірдегі бабалар ізін жаңғырту екенін тілге тиек етті.

 

Абай облысы