Волонтер • 20 Маусым, 2024

Тасқын кезінде бірлік пен қамқорлықтың не екенін түсіндік - ақмолалық ерікті

183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы су тасқыны салдарынан елдің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл - көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат. Осынау қиын-қыстау кезеңде халықтың бір жұдырықтай жұмылғаны біршама қайғылы оқиғаның алдын алды. Болары болды, тасыған су жерге сіңді, жан-жаққа ағызылды. Уақыт өте келе бәрі қалпына келетіні белгілі. Алайда халықтың кезекті «дағдарысқа» ұшырауы әп-сәтте естен кете қоймас. Баспанасыз, киім-кешек пен азықсыз, малы мен мүліксіз қалған азаматтарға керегі - жылулық.

Тасқын кезінде бірлік пен қамқорлықтың не екенін түсіндік - ақмолалық ерікті

Фото. Асылхан Сейдахмет

Биылғы су тасқыны салдарынан Ақмола облысында барлығы 1 817 үй су астында қалды, оның 359-ы апатты деп танылса, қалған үйлер жөндеуге болатын баспаналар санатына жатқызылды. Қазіргі уақытта зардап шеккендерге келтірілген залал өтеліп, жаңа үйлер салынып, жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. 

Дәл сол уақытта көмек қолын созғандар көп болды. Қандай да бір мәселе болмасын, халқымыз бірігіп, мұқтаждарға көмектесетіні жанға жылу ұялатады ғой. Барлық өңір тұрғындары, отандық ұйымдар, ірі компаниялар, бауырлас мемелкеттер гуманитарлық көмек жинап, 10 апатты облысқа жөнелткен. Кішкентай бүлдіршіндер де ересектерге тән шешім қабылдап, тиын-тебендерін шығарған. Адам баласынан бөлек, тіпті ит-мысықтар да бөгет тұрғызуға атсалысқанын көрдік. 

Бұл ретте еріктілердің де еңбегін ерекше айта кеткен жөн. «Волонтерліктің даму деңгейі - қоғам өркениетінің белгісі». Ақмола облысындағы еріктілер осылай дейді. Олар ауыр дертке шалдыққандарға ақша жинауға, жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік алып беруге, қоғамда тәртіп орнатуға, баспанасыз қалғандарды тамақтандыруға, жоғалған жерлестерін іздеуге, қаңғыбас жануарларға мейірім беруге және балалардың тәрбиесіне үлес қосуға көмектеседі. Бүгінде еріктілерге де қолдау көрсету шаралары жаңа серіп алып келеді.

Су тасқыны кезінде жерлестеріне қол ұшын созған жандардың бірі - Анаргүл Ержанқызы. Көкшетаулық еріктінің өмір тарихы кино сценарийіне ұқсас деуге болады. Оның жоғары білімі бар, бірақ қан орталығында санитар болып жұмыс істейді. 100 мың теңге көлемінде жалақы алып, көше кезіп жүрген адамдарға тамақ дайындап, таратады. Кезінде көрші мемлекеттен Қазақстанға көшкен ол да біраз уақыт бойы баспанасыз жүрген, оған да көмек көрсеткендер табылған. 

щ

Анаргүл Ержанқызы «Доброе сердце Lider.kz» ұйымының ұжымына қосылып, біраз шаруа атқарды. 

«Су тасқыны кезінде тамақ пісіріп, зардап шеккендерге тараттық. Бұл іске біздің ұйымның еріктісі Юлия ханым бастамашы болды, даладағы қазан-ошаққа тамақ пісіріп жатқанын көріп, біз де кірісіп кеттік. Сол кезде күн суық болды, қар еріп, көшелерді су басты. Қиын әрі күрделі сәтте бірлік пен қамқорлықтың не екенін түсіндік. Су тасқыны Рамазан айына тұспа-тұс болған еді, ораза ұстағандар көп болды. Ешкімге «жоқ» демедік, таңертең де түнде де жұмысымызды істедік. Қажетті азық-түлікті Көкшетау тұрғындары мен басқа еріктілер жинады», дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, қала әкімдігі облыс аумағында бөгеттерді тұрғызу жұмыстарын, өзен-көлдердің шамадан тыс тасып кетпеуін, келтірілген шығынды есептеу және басқа да маңызды мәселелерге назар аударды. Ал тұрғындарды тамақтандыру, азық-түлік, киім-кешек тарату ісімен еріктілер көбірек айналысқан, шығындардың басым бөлігін «Доброе сердце Lider.kz» ұйымының жетекшілері өздеріне алған. 

«Қарғын сумен күрескен құтқарушыларды да назардан тыс қалдырмауды жөн деп есептедік. Оларға да далада тұрып тамақ пісірдік, су басқан орындарға апардық. Бұл істен қала тұрғындары да қалыс қалмады. Көкшетаулықтарға алғысым шексіз», деп қосты Анаргүл Мушканова. 

Көкшетаулық ерікті мұндай табиғи апаттар енді қайталанбаса екен деп тілейді. Халық арасында жүрген волонтер қоғам осы сынды күрделі кезеңдерде қатты қамығып қалатынын жасырмады.

«Тасқын кезінде баспанасынан, мал-мүлкінен айырылып қалған тұрғындарды көрдім. Ондай материалдық заттар, әрине, адам денсаулығына қарағанда құнсыз. Десе де өмір бойы еңбек етіп, жылдар бойы бала-шаға, отбасы үшін жиған-тергеннен бір сәтте айырылып қалу, үйсіз қалу - өте қиын. Осының барлығы адамды күйзеліске ұшыратады, болашаққа деген сенімін жояды. Ал біз, сол жандарға үміт бергіміз келді», деп түйіндеді Анаргүл Ержанқызы.