Ауыл • 21 Маусым, 2024

«Алтын микрофонды» ауыл әкімі

60 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Осыдан он ай бұрын Шет ауданының Талды ауылында әкім сайлауы өтті. Оған «Қазақстан» ұлттық арнасының Қарағанды қосынына он бес жыл бойы жетекшілік еткен журналист Нұрлан Әбжанов өз кандидатурасын ұсынды. Осы өңірдің топырағынан өсіп-өнгендіктен халық қолдап, 251 дауыс жинап, әкім болып сайланды.

«Алтын микрофонды» ауыл әкімі

Нұрлан Аманұлы ұлттық арнада қызмет ете жүріп-ақ аймақтың көптеген күрмеулі мәселесінің шешімін табуға ықпал еткен. Мәселен, тозығы әбден жеткен ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмысын жасауға атсалысады. Аңқасы кепкен ауылына сапалы ауызсу тартып беруге де белсене кіріседі. Құмкөл аулына көпір керек деп те билік назарын аудартады. Журналистикадағы осы еңбектері елеусіз емес. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын «Алтын микрофон» аталымы бойынша иеленді.

«Әр қызметімнен түр­лі тәжірибе жинадым. Жур­на­листикада жан-жақты болуды үйрендік. Заң саласында құқықтық сауатымызды же­тілдірдік. Кәсіпкерлік палатадан кәсіппен айналысуды, қаражат тартудың түрлі тетігін түйсіндік. Шаруашылық ашып, қара жұмысқа бойымызды үйрет­тік. Осының бәрі жаңа қызметіме септігін тигізеді», дейді әкім.

Талды ауылының кіребе­рі­сінен жа­қында Сеңкібай би батырға арналған ескерткіш алаңы салыныпты. Бидің нышанына айналған сұңқарды тұғырға қондырып, тақтаға бидің аталы сөзін жазып, арнайы орындық қойыпты. Ескерткіш ауылға бөлінген түрлі жобалардан үнемделген қаржыға салынған. Қазір ауылға келген жұрттың барлығы аялдайтын қасиетті орынға айналған.

Талды археологиялық пар­кіне жол осы ауыл арқылы өтеді. Былтыр да, биыл да туристер легі көп. Франциядан, Германиядан келетіндер саны артқан. Осыны ойлаған әкім кіреберістен келушілерді қарсы алатын ауылдың төлқұжатын билбордқа орнатып қойыпты. «Қаражартас» қо­рымының суреті бар. Мұнымен қоса, ауыл ішіне тағы үш бірдей билборд тұрғызған. Оған ауыл өнерпаздары, ауыл­дан шыққан танымал тұлғалар мен еңбек адамдарының суреттері ілінген. Бұл жұ­мысқа 7,5 млн теңге қаражат бөлініпті.

Осы уақытқа дейін ауыл әкімдігі Мәде­ниет үйінің аядай ғана екі бөлмесінде жұмыс істеп келген. Нұрлан Аманұлы қа­раусыз қалған тойхана ғимаратын 7 мил­лионға сатып алып, аудан әкімдігінен құ­рылыс жұмысына қаржы сұраған. 15 млн теңгеге жөндеу жұмысы жүргізіліп, кең­се жиһаздары мен компьютерлер сатып алған. Дәл қазір әкімдіктің алдына тас­тө­сеніш төселіп жатыр. Әкім келесі апта ауылдағы ағайынмен бірге лентасын қимақ­шы.

Біз ауылға барған күні фельд­шерлік-акушерлік пункт­тің(ФАП) іргетасының қадасы қағылып жатты. «Ауыл­дық ден­саулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасымен бой көтеріп жатқан жаңа нысанның сыртқы қоршаулары салыныпты. Екі-үш техника шаңдатып жұмыс үстінде жүр. Бас мердігер «Агропромремстрой» ЖШС жұмысын қыркүйек-қазан айына дейін аяқтайды. ФАП-қа 200 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Ауыл басшысының өтінішімен мердігер ауыл тұрғындарына жұмыс беріп отыр.

– Негізі қалада жұмыс істеп жүргенмін. Ауылдан ФАП са­лы­­нады деп әкім хабарласып, жұ­мысқа шақырды. Әке-ше­шем осында ғой. Отбасыммен сол кісілердің қасына келейік, ауыл­­дың бір кірпіші болсын қала­са­йық деп шештік. Жала­қы­сы да көңілге қонымды, – дей­ді ауыл азаматы Дархан Әбіл­тай­ұлы.

Біз іздеген ауыл әкімі осы құрылыстың басында жүр екен. Құрылысқа 10 ауыл азаматын орналастырыпты. Жұмыскерлерге бір аспаз екі мезгіл тағам әзірлейді. Оның да бекітілген еңбекақысы бар. Сонымен қоса, алдағы уақытта ауылдағы әйелдерді сылақ жұмысына қабылдайды.

Жақында ауылдан дәріхана ашылады. Әкім жергілікті бюд­жет қаражатының 2 млн теңгесіне павильон сатып алыпты. Бұл шаруа­ны ауылдағы ауруханада отыз жылға жуық еңбек еткен медбике Мағрипа Байленоваға тапсырыпты.

Ауыл мектебінде де күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Қырық жыл бойы есігі мен терезесі мүлдем ауыс­тырыл­маған. Әбден шіруге айналған. Бала­лар ескірген есік пен тере­зе­нің жақтауынан соққан суықта амалсыз отырып, білім алуға тура келген. Әсіресе қыстың суығы шыдас бермей кетеді екен. Соның кесірінен көмірді екі есе жағып келген. Жөндеу жұмысы тамыз айына дейін толық бітеді. Мұнда да ауылдың алты азаматы еңбек етіп жүр.

– Мектептің үш қабатындағы барлық кабинеттің есігін ауыстырып біттік. Енді терезелерді ауыстыруға кірістік. Барлығын ауыл азаматтары атқарып жатыр. Бастысы, балалар биыл қыста алаңсыз сабақ оқитын болады. Соған қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны Мейрам Ибраев.

Жаңа әкімдік ғимаратында жиын өтетін зал, жас мамандар мен ауылдағы учас­келік инспектордың жеке кабинеті бар. Әкімнің сайлауалды бағ­дарламасында ауыл көшелеріне бейнебақылау орнатамын деген жоспары бар көрінеді. Уәдесіне сай, басты көшелерге төрт бірдей бейнебақылау камерасын орнатыпты. Мұның бәрін ауыл полицейі өзінің мониторынан көріп, бақылап отырады.

Ауыл ақсақалы Мұхтар Түсіп әкімнен көмек сұрай келіпті. Жұрт болып жұмылып ауылдың іргесіндегі мазар қоры­­мын қоршап жатыр екен. Соның мате­риалдары қаладан жетіпті. Жүкті түсірісетін екі-үш жігіт керек екен.

– Жаңа әкіміміз ауылды көгертіп жатыр. Істеген ісін халық көріп отыр. Жылда таудан ағатын су ауылды екіге қақ бөліп баса­тын еді. Биыл судан аман-есен өттік. Күз­де ауданнан техника алдырып, жарты шақырым бөгет тұрғызды. Көпірдің астын­дағы құмды тазалап, үш арна жасатты, – деп батасын жаудырды Мұхтар ақсақал.

Ауыл ақсақалдары өздері сайлаған әкімге биыл тоңның қалың болатынын, су­д­ың мөлшері жылдағыдан көп келетінін ес­керт­кен. Ауыл әкімі аудан әкімдігінен осы бағыт­тағы шаруаға 1 млн теңге қаражат сұрап, соған тендер жариялаған. Техника тізгін­деген жігіттің жанын қоймай, таудан келетін тасқынға бөгет те соқтырып алған. Ауыл көшесіне 81 жарық­шам қойылған. Бес көшеге асфальт төселіп, екі көшені келесі жылға қалдырған. Бұрынғы стадион орны­­нан жап-жаңа футбол алаңы салынады. Осы аптаның аяғына қарай жұмысты баста­­мақ­­шы.

Нұрлан Аманұлы ауыл аза­мат­­тарының қолдауы айрық­ша екенін айтады.

– Ауыл азаматтары ауыз­бірлігінің арқасында көп шаруа жүзеге асып отыр. Мәселен, жігіттермен ақылдасып, жылқы қор­шауын салайық деп шештік. Азаматтар аз-маз ақша жинадық та, қаладан қажетті сымды, тор қоршау мен трубалар алып келдік. Екі күннің ішінде тұрғыз­дық. Осы жерге жылқысын қа­май­ды, таңбалайды, сататынын осы жерден құрық салып ұстап, артып жібереді, – дейді әкім.

Жақын күндері ауылдан әлеуметтік дүкен ашылады. Енді ауыл жұрты азық-түлік­ті қолжетімді бағамен алады. Бұған да әкім бастамашы болған. Жергілікті бюд­жеттің ақшасынан тағы бір павильон әкеліп қойыпты. Дүкеннің шаруасын ауыл тұр­ғыны Дәулет Тәукешовке сеніммен ­та­быс­­таған. Қаладағы «Гүлжан» сауда ор­та­­лы­­ғымен келісімшарт жасасуға да се­бе­­п­ші бопты. Дүкеннің заттарын содан тасиды.

Осыдан бес-алты жыл бұрын ауылға өрт сөндіру көлігі сатып алынған екен. Алайда тұрақ болмағандықтан, штат беріл­мей келген көрінеді. Мәдениет үйі­нің артындағы отыз жыл бойы қаңырап тұрған ғимаратты таңдап алған. Қыстың ішінде жігіттерді жинап, бір қабырғасын құлатып, қақпа қылған.

– Тұрақ дайындауымыз бір шаруа бол­са, «Газ-66» көлігін жөндеу екінші шаруа болды. Көлік жүргізушісі Айбек Жұма­бек­тің еңбегін атап өтуіміз керек. Төрт бір­дей жаңа дөңгелек салдық. Мотопомпа ­сатып алдық. Ақылдасып автоматты су сепкішті орнатуды жөн санадық. Өйткені 2 тонна бөшке су дала өртін сөндіруге аздық етеді. Мұны­мен қоса, 60 өрт сөндіру шыпыртқысын дайындадық. Ауылдың алты жігітін штат­қа қабылданды. Керек-жара­­ғы­мызбен қамтамасыз етті. Енді рацияға тапсырыс бердік. Екінші жалақы­мыз­ды алып үлгердік, – дейді өрт сөндіру бекетінің капитаны Бауыржан Махметов.

Талды ауылындағы ұялы байланыс мүмкіндігі де мол. Көк­тем­де ауылдың барлық үйіне тегін Wi-Fi модемі мен кабелі таратылды. Барлық үйдің кең жолақты интернетке қолы жеткен. Әкім жол қауіпсіздігіне де баса мән берген. Көше ішіне жол белгілерін орнатып жатыр. Қолға алынған шаруаның бірі – талдарды кесу. Өйткені тамыры шіріген тал үзіліп құлағанда тоқ сымдарын қиып жіберіп, соның салдарынан екі-үш ауыл жарықсыз қалады. Жалпы, мұнда жарық жиі сөнеді. Себебі белгілі. Электр бағаналары әбден ескірген.

– Талды мен Берекет ауы­лы­ның аралығындағы электр баға­наларының жөнделмегеніне ондаған жыл болды. Қырсық шалғандай, осы аралыққа жай оты да көп түседі. Құлағаны құлап, құламағаны жарты белінен опырыла қисайып, тоқ сымдары салбыраған. Жамаудан құралған бағаналар енді жөндеуге де келмейтін қалыпқа жеткен. Осы мәселені «ШетЭнерго» ЖШС басшылығына халық атынан өтінген едік. Өтінішіміз жерде қалмай, арнайы жөндеу тобын жіберді. Изоляторлар айырбасталды, құлаған бағаналар жаңартылды, созылған сымдар тартылды. Бірақ мәселе мұнымен шешілді деу қиын. Апатты учаскілер жойылғанымен, шіріген бағаналар да аз емес. Бұл мәселе де біз үшін күн тәртібінде тұр, – дейді әкім.

Әкім Талды ауылына тиесілі 15 мың гектар жер белгісіз біреудің қолында дейді. Сол себепті, жер мәселесі өткір тұрғанын айтады.

– Ауылдағы жер мәселесі қазір даулы әрі шешімі күрделі проблемаға айналды. Кезінде жерді иеленгендер бүгінде не мемлекетке өткізбей, не өздері пайдаланбай, жайылым мен шабындық пайдаланылмай отыр. Талды ауылдық округі бойын­ша барлығы 124 мың гектар жер болса, соның 15 мың гектары белгісіз біреулердің қолында. Осы жер телімдерін қайтарса, жерсіз отырған шаруалар кәдеге жарататын еді. Биыл қыста шаруалардың шөбі аздық етіп, қаншама малынан айы­рылды. Одан кейінгі мәселе – жылқы мен сиыр табыны. Қазір бақташы таппай отырмыз. 325 мың теңге айлық төлейміз десек те, ешкімнің құлқы жоқ. Күн құрғатпай іске асыратын тағы бір үлкен шаруа бар. Ауыл әкімдіктерін техникамен қамтамасыз ету керек. Бір-бір тракторды тіркемесімен берсе, санитарлық тазалық, қыста ауыл­аралық жолдың қарын күреу, жазда өрт қауіпсіздігі үшін жер жырту, күзде аз қамтылған отбасыларға шөп түсіріп беру, көктемгі тасқынның алдын алуға бөгеттер тұрғызу секілді шаруалар шешілер еді. Қысқасы, бір ауылдың бар мәселесі осы 20 млн теңгеге тіреліп тұр. Осындай мәселелер ескерілсе екен дейміз, – деген бүкпесіз ойын жеткізді журналист-әкім.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы,

Талды ауылы