Аймақтар • 21 Маусым, 2024

Батыс Қазақстанда 850 үй салынып жатыр

24 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнап 850 үй салынып жатыр. Бұл жөнінде өңір басшысы Нариман Төреғалиев хабарлады.

Батыс Қазақстанда 850 үй салынып жатыр

Орал қаласында Батыс Қазақ­стан облысы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының XXVІ сессиясы кезінде облыс әкімі, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төр­ағасы Нариман Төреғалиев өңір­де қа­лыптасқан қоғамдық-саяси ­ахуал, оны қалыптастырудағы ассамблея өкіл­­дерінің үлесі жайында айта келіп, көктемгі су тасқынынан бол­ған зардапты қалпына келтіру туралы баян етті.

«Көктемгі су тасқыны кезінде Қа­зақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, табиғи апатқа иық тіресе қарсы тұрды. Біздің Батыс Қазақстан облысында да тұрғын­дар­дың ұйымшылдығы, арнаулы органдар мен құтқарушылардың сауат­ты қимылы арқасында үлкен шығын­дарға жол бермедік. Қазір облыстың 5 ауданында 401 тұр­ғынүйдің құрылы­сы жүріп жатыр. Сонымен бірге тас­қын кезінде 10 мыңнан аса саяжай үйі су астында қалған еді. Қазірдің өзінде 500-ден ас­там саяжай тұрғыны пәтер иесі атанды. Олардың кейбірі жаңа баспанасына кіріп алса, енді біреулері болашақ пәтерінің қай жерде екенін анықтап, қолына құжатын алып отыр. Бұған қоса жалғыз баспанасы су тасқыны себебінен жарамсыз болған саяжайлықтарға арналып 450 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл стандартты жеке үйдің әрқайсысының аумағы 80 шаршы метр. Міне, осылайша биыл су тасқынынан зардап шеккен халыққа арнап облыс аумағында барлығы 850-ден аса жаңа үй салынып жатыр», деді Нариман Төреғалиев.

Өңір басшысы бұдан бөлек тұрғын үй нарығынан да су жаңа және бұрын пайдаланылған пәтерлер сатып алынып, мұқтаж отбасыларға берілетінін айтты. Өңірде су тасқыны зардаптарын жою, жол қатынасын қалпына келтіру, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу жұмысы қауырт жүріп жатыр. Айта кетейік, қазірге дейін өңірде 4500-ге жуық саяжай үйі «жалғыз баспана» ретінде танылған. 

 

Батыс Қазақстан облысы