
- Fight Matrix интернет порталы UFC-де күш сынасып жүрген аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаевты (20-2-0) аса жеңіл салмақтағы ТОП-15 спортшының қатарына қосты. Бұл тізімде бразилиялық Александр Пантожа (28+5+0) көш бастап тұрса, екінші және үшінші орындарды америкалық Брэндон Ройвел (16-7-0) мен мексикалық Брендон Морено (21-8-2) иеленген.
- Италияның астанасы – Римде шымылдығы түрілген Париж Олимпиадасының іріктеу турнирінде Диана Тасжанова, Ксения Игнатова, Софья Сподаренко және Әділбек Мусин сынды жүзушілер өнер көрсетеді.
- Таиландтың Район аймағында байдарка мен каноэде есуден жастар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы 30 жүлде олжалады. Ол медальдардың 11-і алтын, 7-еуі күміс және 12-сі қола.
- Халықаралық конькишілер одағы (ISU) шорт-тректен келесі маусымның жарыстар кестесін жариялады. Жасөспірімдер арасындағы әлем кубогінің алғашқы екі кезеңі Алматыда өтеді. Алғашқы жарыстың тұсауы 7 қарашада кесілсе, екіншісі 13-15 қараша аралығында ұйымдастырылады.
- Бұл күндері дзюдодан Қазақстанның әйелдер құрамасы Хорватияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Сол жақта Әбиба Әбужақынова (48 кг), Ғалия Тынбаева (48 кг), Есмигүл Куюлова (63 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг) және Назгүл Маратова (+78 кг) тер төгуде.
- Мальтада су добынан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі басталды. Аталған жарыста Әділ Темірханов пен Мәдихан Махметов жетекшілік ететін отандық ватерполшыларымыз да өнер көрсетуде.
- Танымал көркем гимнасшысы Елжана Таниева Италияның Миланында өтіп жатқан әлем кубогінің соңғы кезеңдік сайысында бақ сынауда. Қазақ қызы бұл жарысты Олимпия ойындарына даярлық ретінде қарастыруда.