Сұхбат • 21 Маусым, 2024

«Нөкіске Абай орталығы қажет-ақ»

399 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің дамуына, тілдік ортаның сақталуына шетелдегі қандастарымыздың да үлесі зор. Дәл осы ойға бізді жетелеген – PhD, филолог-ғалым Ырысты Құттымұратова. Ол жетек­ші­лік ететін Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогика инсти­тутының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы қазақ мектептеріне мамандар даярлайды.

«Нөкіске Абай орталығы қажет-ақ»

– Ырысты Әбдірахманқызы, сіз еңбек ететін жоғары оқу орнында қазақ мектептеріне мамандар даярлайтынынан хабардармыз. Бұл салаға қалай келдіңіз, өзіңіз жетекшілік ететін кафедра тарихына қысқаша тоқталсаңыз?

– Қарақалпақстанның Шоманай ауданындағы мектепте оқып жүріп, Өзбекстанда өткен пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болдым. Әрі мектепті «Алтын медальмен» бітірген соң, Нөкіс мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына емтихансыз қабылдандым. Бұл мамандықты таңдауыма Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық уни­верситеті мен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген мұғалімдерден сабақ алуым ықпал етті. Жоғары оқу орнын үздік бітірген соң, институт басшылығы ғылыммен айналысуыма мүмкіндік жасады. Қара­қалпақстандағы қазақ, қарақалпақ тілдерін салыстыра зерттеу мәселелері бойынша ғылыми тақырып алдым. Өкінішке қарай, сол жылдары қазақша диссертация қорғау мүмкін болмады. 2016 жылы Жоғары аттестация комиссиясының ережесі өзгеріп кетті. Ал 2018 жылы қазіргі Президентіміз Шафкат Миромонұлы Мирзиёевтің тапсырмасымен қазақ тілінде қорғауға рұқсат берілді. Сонымен, ең бірінші болып «Қарақалпақстандағы қазақ тілінің деңгейі» тақырыбында диссертация қорғадым.

Институтымыздың құрылғанына биыл 90 жыл толады. Ал қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы 1954 жылы ашыл­ған, қазірге дейін 2 мыңға жуық маман даярладық. Кафедраның ашылуына профессор Жұмырбай Қайырбаев елеулі үлес қосты. Ол кісі қарақалпақ әліппесін жазуға да атсалысқан. Сонымен қатар Орақбай Доспанов, Абатбай Дәулетов секілді профессорлар да ка­федраның қалып­тасуына айрықша еңбек етті. Кейін Зейнолла Қабдолов, Мәулен Балақаевтың шәкірттері жұмыс істеген кафедра инс­титуттағы ғылыми дәрежесі ең жоғары кафедраға айналды. Институтымызда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына қоса математика, бастауыш білім, мектепке дейінгі білім, педагогика, химия, биология білім бағдарларынан қазақ топтары ашылған.

– Кафедра студенттері қандай ұйым­дарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Түлектер жұмыспен толық қамтыла ма?

– Өзбекстанда 550-ге жуық қазақ мек­тебі бар, соның 330-дайы Қарақалпақстанда орналасқан. Біздің түлектеріміз осы мектептерде шәкірт тәрбиелейді. Соның ішінде атажұртқа барып білікті маман, мектептерде директор, директордың орын­ба­сары секілді басшылық қыз­меттерде еңбек етіп жүргендері де жетерлік. Осы­ған қоса ғылым жолын жалғас­тырып, магистратурада оқитындары да бар. Өндірістік тәжірибеге келсек, инс­титутымызда «4+2» деген бағдарлама енгізілген. Мұнда студенттеріміз 4 күн оқып, 2 күн қазақ мектептерінде тәжі­ри­беден өтеді. Сонымен қатар білім­герлеріміз жұма сайын қазақ тілінде шығатын республикалық «Алтын аймақ» телебағдарламасын жүргізеді. Онда әр жылы іріктеуден өткен студенттер шалғай елді мекендегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы көрсетілімдер дайындайды. Бұл да – оларға өте жақсы өндірістік іс-тәжірибе. Сондай-ақ қазақ ұлттық мәдени орталығымен де етене байланыс­тамыз. Орталық арқылы ауылдардағы қариялармен фольклорлық диалектология бағытындағы іс-тәжірибе жұмысын ұйымдастырамыз.

– Ата­жұрттағы университеттермен тәжі­ри­бе алмасу бағытында байланыс бар ма?

– Президентіміздің Қарақалпақ­стандағы қазақ ұлтының өкілдеріне жа­саған қолдауы нәтижесінде Қазақстанның үздік 10 университетімен байланыс ор­натуға жол ашылды. Институтымыздың ректоры атынан арнайы хат жолданып, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Е­у­ра­зия ұлттық университеті, Абай атын­дағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті секілді беделі жоғары оқу орындарының ректорларымен келісімшартқа отырдық. Осындай академиялық байланыс ар­қылы аталған университеттердің профессор-оқытушылары бізге онлайн және офлайн режімде дәріс оқиды. Аталған жо­ғары оқу орындарындағы қажетті әдістемелік оқулықтардың электронды нұсқасымен оқытушыларымыз танысып, студенттеріміз электронды кітапханасын да пайдаланады. Қазақ тілі мен әдебиеті бағдары бойын­ша 20 студент Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде академиялық ұтқырлықпен бір семестр бойы оқыды. Аталған университетпен бірлесіп қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының қос­дипломдық бағдарламасы жасалды. Нәтижелі жұмысымызды көрген соң, институт басшылығы магистратура ашуға рұқсат беріп отыр. Осылайша, институтымыздың тарихында алғаш рет қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына магис­тратура бағдарламасы ашылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірге алдағы оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті, жаратылыс­тану, химия бағытында қазақ топтарына магис­тратура бағдарламаларын ашуды жос­парлап отырмыз. 20-ға жуық студент магистрлік диссертациясын қорғады. Солардың ішінен 3-еуін докторантураға алып қалдық. Енді қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына докторантура бағдарламасы күн тәртібінде тұр. 

– Қысқа ғана ғұмырында қазақ поэ­зиясында орны бөлек ақын Төлеген Айбергеновтің Нөкіс қа­ла­сында жер­ленгені белгілі. Сіздердің институтта ақын шығармашылығына арналған орталық бар ма?

–  Әрине, біз артында өшпес із қал­дырған ақиық ақын Төлеген Айбергеновті ерекше құрметтейміз. Ақынның атында арнайы кабинет жабдықталған. Ол Нөкіс қаласының орта­сындағы «Шорша баба» қорымында жерленген. Кафедра оқытушылары ақынның өмір жолымен студенттерді таныстырып, бейіт басына барып, білімгерлермен бірге зиярат жасап тұрады. Кафедрамызда Т.Айбергеновтің атында «Тіл білімі» үйірмесі де жұмыс істейді. Бұл үйірмені марқұм ұстазымыз, Төлеген жырларын зерттеуші ғалым Рақмет аға Аяпбергенов біз студент болып жүргенде ашқан еді. Осы үйірмеге студенттеріміздің барлығы дерлік белсенді түрде қатысады. Үйірменің үздіктерін институтымыздың Әжінияз атындағы сти­пендиясына ұсынамыз, халықаралық шы­ғар­машылық конкурстарға жолдама береміз.

– Жалпы, Қарақалпақ жеріндегі қандастардың ана тілінде білім алуы туралы не айтар едіңіз?

– Қарақалпақстанда 300 мыңнан аса қазақ тұрады. Жоғарыда қазақ мек­тептерінің бар екенін айттым, яғни орта біліммен толық қамтылған. Ал жоғары білім алуына келсек, бір ғана Нөкіс қаласындағы екі жоғары оқу орнында қазақ тілі арнайы кафедрасы бар. Оның бірі – біздің институтта, екіншісі – Қара­қалпақ мемлекеттік университетінде. Аталған университетте қазақ филологиясы деп аталатын арнайы кафедра бар. Та­лап­керлер осы екі жоғары оқу орны­ның бі­ріндегі қазақ топтарына оқуға түсе алады.

– Қарақалпақстандағы қазақтардың тілдік ортасын кеңейтуге қатысты тағы қандай жобаларыңыз бар?

– Болашақта Абай атындағы тілді зерттеу орталығын ашқымыз келеді. Өйткені институтымызда қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікмен балалары бірге оқиды. Осыны негізге алып, орталық ашуға жан-жақты байланыс, мүмкіндік болса дейміз. Мысалы, қарақалпақ ақын-жазушыларының шығармалары өзге тілдерге аударылған жоқ. қазақ қаламгерлерінің де еңбектері қарақалпақ, өзбек, түрікмен тілдеріне аударылмаған. Міне, сол олқылықтың орнын толтырып, аударма мәселесінде де үлкен жұ­мыстар мен жобаларды іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Сондықтан аудармамен де айналысуға ниеттіміз. Орталық ашылса, осындағы қандастардың тілдік ортасын кеңейтуге, оқитын дүниелерін молайтуға, тіл және әдебиет тұрғысында, басқа да салалаларда қазақша жүргізілетін зерттеулерді көбейтуге, жастарды ғылымға тартуға мүмкіндік туатын еді.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»