Аймақтар • 21 Маусым, 2024

Экономикалық байланыстың мүмкіндіктері

53 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Қытай мен Жетісу арасындағы сауда-экономикалық, мәдени үдеріс ерекше қарқын алды. Инвесторлар да өңірге қаржы құйып, түрлі әлеуметтік бастамаларға мұрындық болып жатыр. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр облыс пен ҚХР арасындағы тауар айналымы 3,8 млрд доллар немесе 1,7 трлн теңгеге жеткен.

Экономикалық байланыстың мүмкіндіктері

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

«Екі ел басшылары сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық қатынастарды жаңа сапалық деңгейге кө­тер­ді. Соның арқасында кейінгі жылдары Жетісу облысында елеу­лі ынтымақтастық нәти­же­леріне қолжеткізілді. Біз­дің өңір­дің Қытаймен жалпы ше­карасы шамамен – 563 шақы­рым. Іргелес өңірлермен де қарым-қатынас белсенді дамып келеді. Қытай ірі эко­номикалық серіктесіміз, бұл ретте облыстың сыртқы та­уар айналымындағы үлесі 89%-ды құрайды. Мәселен, өткен жылы біздің облыс пен Шыңжаң-­Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) арасында бауырластық байла­ныс орнату туралы ке­лісімге, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтас­тық орта­лығында (ХШЫО) қызме­­тін үйлестіру тетігін құру жөнін­де меморандумға, сауда-эконо­микалық ынтымақтас­тық туралы келісімге қол қойылды», деді Б.Исабаев Қытай елінің Алматы­дағы Бас консулы Цзянь Вэй бастаған делегациямен кездесуде.

Ол облыстың көлік-логис­ти­калық әлеуетіне ерекше назар аудара отырып, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу, баламалы энергетика секілді ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарына да тоқталды.

«Қытаймен шекарада 5 кеден бекеті бар республикада­ғы жал­ғыз өңірміз. Мысалы, 2023 жылы тек «Алтынкөл» кеден беке­тінің өзінен 343 мыңнан астам көлік құралы өтті. «Достық» стансасында, «Достық – Алашань­коу» шекаралық өткелімен тіке­лей жақын жерде өткізу қуаты жылына 3,9 млн тонна немесе 300 мың контейнер болатын көпфункционалды жүк тасымалдау терминалдары жұмыс істейді. Қазір «Достық» стансасында «Алакөл» автомобиль өткізу бекетін кеңейту мен жаңа терминал салу жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Соның нәтижесінде жолақ саны 2-ден 6-ға дейін, ал өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1 600-ге дейін артады. «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші желісін салу ірі жобасы «Достық» стансасының өткізу қа­­білетін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Экономикалық өсімнің та­ғы бір нүктесі – «Қорғас – Шы­ғыс қақпасы» арнайы экономика­­лық аймағы (АЭА). Оның аумағын­да қуаты тәулігіне 1 400 вагон­ды өңдеуге жағдай жасайтын құр­­ғақ порт жұмыс істейді. Осы рет­те біз­дің ынтымақтастығымыз­дың маңызды инвестициялық жобасы ретінде «Қазақстан – Қытай халықаралық қаласы» туралы да айта кеткен жөн. Шекара маңы ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты – «Қорғас» ХШЫО. Осының бәрін қоры­тындылай келе, біз бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, «жасыл» энергетиканы дамыту саласындағы ынтымақтастыққа дайын екенімізді айтқым келеді», деді Б.Исабаев.

Бас консул облыс әкіміне жылы қабылдағаны үшін риза­шылығын білдіріп, бұл кездесу ынтымақтастықтың ны­ғая түскенін айғақтайтынын тіл­ге тиек етті. Сондай-ақ Цзянь Вэй ханым шекара маңындағы ынты­мақтастық аясын одан әрі кеңейту мәселелері мен мүмкіндіктеріне егжей-тегжей тоқталды. Кездесу барысында тараптар түрлі сала­дағы бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ әріптестік байланысты жан-жақты кеңейтуге дайын екенін білдірді. Бұдан соң делегация Талдықорған қала­сындағы Достық үйімен, Ала­көл ауданындағы «Достық» бекетіндегі өткізу пунктімен танысты.

 

Жетісу облысы