Жастар • 22 Маусым, 2024

Жастарға – мол мүмкіндік

62 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде мемлекеттік қызметке жастарды тарту маңызды мәсе­ле­нің бірі болып отыр. Биыл ақпан айында жас кадрлар резер­­вінің форумына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалып­­тастыру, жүйелі құндылықтар мәселесіне айрық­ша тоқ­талған еді. Мемлекет басшысы барлық салада, әсіресе мем­ле­кеттік органдарда заң мен тәртіп үстем­ді­гін ерекше айтты.

Жастарға – мол мүмкіндік

Қазір елімізде мем­ле­кеттік қызметке ірік­теу­­дің жаңа жүйесін ке­зең-кезеңімен енгізу қолға алынып келеді. Мұндағы басты мақсат – мем­лекеттік қызметтің имиджін арт­тыру, кадрлық әлеуетті дамыту және жас кадрларды тарту. Бұл мәселеге жан-жақты тоқталған Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Солтүстік Қазақстан об­лыстық департаментінің басшысы Дулат Тайшыбай: «Жастар – еліміздің басты стратегиялық ресурсы. Мемлекеттік қызметшілер қатарында білімді, өзін-өзі дамы­туға дайын жастар көп. Облыстың мемлекеттік органдарында 4 мың­ға жуық мемлекеттік қызмет­ші жұмыс істейді, соның 30%-ы 35 жасқа дейінгі жас­тар», деді.

Оның айтуына қарағанда, Пре­зиденттің мемлекеттік қыз­метке тұру процедурасын оңайлату бойынша берген тапсырмаларына сәйкес «Б» корпусының E-R-1, E-R-2, E-R-3 санаттарындағы лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары өзгерген. Қазір бұл ла­уазымдарға орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімі бар азаматтар жібе­ріледі. E-R-4 санатындағы аудан­дық немесе қалалық жергі­лікті атқа­ру­шы органдардың бас маман­да­ры­ның лауазымда­рына орна­ласуға қойылатын талап­тар да же­ңіл­детілген. Енді бұрынғыдай жо­ғары білім талап етілмейді, орта бі­лімнен кейінгі немесе техни­ка­лық және кәсіптік білімнің болуы жет­кілікті.

Қазір жастар үшін бос мемле­кеттік әкімшілік лауазымдарға кон­курстан тыс орналасудың бірегей мүмкіндіктері жасалып отыр. Атап айтқанда, GPA 3,33 көрсеткішімен мемлекеттік грант есебінен оқуын аяқтаған жоғары оқу орындарының түлектері кон­курстық іріктеусіз және тесті­леусіз белгілі бір мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады. Ондайлардың қатарына ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың әкімі мен мәслихат аппа­раттарының төменгі лауазымы, осылардың атқарушы орган­да­рының басшы емес лауазымы, т.б сол сияқты қызметтер жатады.

Қазір облыста Манаш Қозы­баев атындағы универ­ситеттің 7 түлегі осы жолмен лауазым конкурстан тыс тағайындалған. Тағы 2 түлектің кандидатурасы келісіліп жатыр. «Былтыр «Диплом­мен – ауылға!» бағдарламасымен жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе жаңадан салуға жеңілдетілген кредит беріліп, көтерме жәрдемақы төленді. Кейінгі 4 жылда ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылған барлық 60 жас қызметшіге бюджеттік кре­дит пен көтерме жәрдемақы берілді», деді Д.Тайшыбай.

Дарынды жастарды тарту үшін мемлекеттік қызмет істері департаментінің қасынан 2018 жылдан бері біліктілік мектебі жұмыс істейді. Оған жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарының белсенді студент­тері тартылған. Ашылған уақыт­тан бергі 9 маусымда мектептің 37 студенті Академия филиалдарында дайындық бағдарламасымен мем­лекеттік органдарда өнді­ріс­тік тәжірибеден өткен. Енді заңна­маны білуге және жеке қасиетте­­рін бағалауға тестілеуден өтулері тиіс, содан кейін мемлекеттік сек­тордағы таланттар пулына қабылдау туралы сертификат алады.

Биыл 1 шілдеден бастап облыста мемлекеттік қызметке кіру бойынша жаңа қанатқақты жоба сынақтан өтеді. Бұл жоба бірқатар облыс пен мемлекеттік органда сәтті жүзеге асырылған. Жаңа формат үміткерлерге конкурстың барлық кезеңіне, жоспарланған уақытта және елдің кез келген жерінен қатысуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметке алғаш кіргендер үшін тәлімгерлік институт құрылады. Бұл бұрыннан бар тәжірибе болса да еліміз нарықтық қатынасқа өткен кезең­нен бері ұмытылған. Енді өмір оның оң тәжірибе екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жағдайларына бейімделуі үшін жаңа қызметшіге сынақ мер­зімі берілетіндігі де өте маңызды.

Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығына түзетулер енгізіліп, соның арқа­сында төрт тоқсан ішінде қата­рынан жоғары баға алған қыз­метшілерді жоғары тұрған лауа­зымға тікелей тағайындауға болады. Бұрын жоғары лауазымға өту үшін қайтадан тестілеуден өткізілетін. Өз кезегінде, екі тоқ­сан қатарынан қанағаттанарлықсыз баға алған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, бос лауазым болмаған жағдайда жұмыстан шығарылады.

«Қазіргі таңда мемлекеттік қыз­­меттің Өңірлік кадр резер­віне іріктеу жүргізіліп жатыр. Оның қатысушылары – іріктеу кезеңдерінен өткен облыстың 35 жасқа дейінгі жастары. Қорытынды қыркүйек айында шығарылады», деді сөзінің соңында Д.Тайшыбай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы