18 Маусым, 2010

ТАЛПЫНЫС – ТАБЫС КЕПІЛІ

580 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жуырда арнайы іссапарымен шалғайдағы Қайнар ауылында болып қайттық. Ондағы ойымыз биылғыдай қиыншылықпен өткен қыстан соңғы ауыл тынысымен танысу, жалпы жағдайды білу еді. Ауыл әкімі Еркебұлан Шәріпхановтың айтуынша, бұл өңір қытымыр қыстан соншалықты қысыла қоймапты. Яғни, қала, облыс тарапынан нақтылы қолдау, қамқорлықты айқын сезініпті.  Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінен де тиісті қаражат бөлінген. Сонсоң бұлардың Семейдегі “Абыралы-Дегелең” қорының басшылығына айтар алғысы шексіз. Бұл қор осыдан бірер жыл бұрын ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірге қолдай көрсету мақсатымен құрылған болатын.  Міне, осы қор биылғы қыста өңірдегі тұрмысы төмен екі жүздей отбасын күнделікті өмірге қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіпті. Мұның сыртында қор күшімен әр ауылға арзан өнімдер жеткізілген. Яғни, ол өнімдердің бағасынан жол шығыны алып тасталынған. Мұны аз десеңіз, қор екі ай бойы қыстақтармен арадағы жолды қалың қардан тазалап тұрған тракторға қажетті жанар-жағармайды да өз мойнына көтеріп алыпты. Осындай қамқорлық арқасында басқа жердегі секілді емес, мұнда соншалықты мал шығынына жол берілмеген. Ауыл әкімі солай дей келіп, өздерінде 28 шаруа қожалығы тіркелгенмен, бүгінде соның тек жартысы ғана жұмыс істеп тұрғанын жасырмады. Оның да түрлі себебі жоқ емес. Бірақ, абырой болғанда, былтырдан бері бұл мәселеде үміт оты жана түсіп отыр. Оған мысал керек болса айтайық. Мәселен, былтырғы жылы осы өңірдің он азаматы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының “Жайлау” атты тамаша бағдарламасы арқылы әрқайсысы жүз қойды иеленуге қол жеткізіпті. Олар алдағы бес жылдан соң корпорацияға әлгі мал басын екі есе ғып қайтаратын болады. Яғни, бұл шаруа екі жаққа да тиімді. Еркебұлан соңғы бес жылда Абыралы ауылдық округінде әкім болып қызмет етіпті. Онда да мал басын асылдандыруға бірінші кезекте көңіл бөлгені, аталған ауылда ауыз су мәселесін шешіп кеткені, ауыл тазалығы жөнінен 16 округ бойынша алдыңғы орында болғаны, Ақбұлақта әкімшілік үйін қатарға қосып, балалардың ойын алаңын пайдалануға бергені бәрі рас. Содан кейін Қараөлең ауылдық округіне әкім болып қызмет ауыстырған. Мұнда ол өзіне талапты бұрынғыдан да күшейте түсті. Осы мақсатпен ең алдымен ауыл тазалығы, оны көгалдандыру, тәртіп мәселесіне көңіл бөлді. Айталық, бірінші кезекте иесіз қирап қалған жиырма шақты үйдің орны қоқыстан тазартылды. Үйлер әктеліп, шарбақтар боялды. Ауыл іші-сыртына 250 түп қарағай егілді. Бұл шаруаға мектеп түлектері тартылды. Ауыл сырты демекші, ауылдың кіреберісіне 150 түп түрлі ағаштар отырғызылды. Олар қоршалып, бұлақ тартылды. Бұдан басқа көптеген игі шараларды атқаруға жоғарыда аталған “Абыралы-Дегелең” қоры ұйытқы болды. Айталық, былтырғы жылы ауылдың кіреберісіндегі айшықты қақпа мен ядролық сынақтар құрбандықтарына арналған зәулім ескерткіш осы қордың күшімен тұрғызылды. Ал Жеңістің 65 жылдығына орай биылғы жылдың мамыр айында Қайнар ауылының орталығындағы саябақта Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтарға арналған тақтатас орнатылды. Бұл саябақтағы игі істер Елбасы Жарлығымен Семей атом полигоны жабылуының 20 жылдығына дейін аяқталмақ. Осы игілікті шаруалардың баршасы аталған қордың президенті, қалалық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбайдың тікелей ұйымдастырып, демеуші болуымен жүзеге асырылуда. Ал енді ауылдың әлеуметтік жағдайына келетін болсақ, бұл мәселеде де қайнарлықтар жерге қарап отырған жоқ. Мәдениет үйі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Онда “Қайнар” ән-би, “Мейзек” балалар ансамбльдері, Қайнар халық театры жұмыс жасауда. Өлкетану мұражайы мен орталық кітапхана да осында. 50 төсектік аурухананың жұмысы да бүгінгі күн талабына сай. Ал “Қазпоштаның” жергілікті бөлімшесі болса қала, ауыл бойынша 30 бөлімшенің ішінен оза шауып бірінші орында келеді. Бұдан бірақ Қайнарда барлық мәселе өз шешімін тапқан екен деген ұғым тумауы тиіс. Айталық, мұнда дәрігер жетіспейтінін жасыруға болмайды. Сонсоң бір ауылға бір интернат керек-ақ. Өйткені, қыстақтардағы шопан-бақташылардың балалары қаладағы туыстарын сағалап кеткені рас. Ал алаң көңілмен жүрген мұндағы ата-аналар қайтіп жарытып еңбек етеді. Осыны ойластырған ауыл әкімшілігі өздері отырған бұрынғы интернат үйін босатып беруге әзір. Өздері әзірге мәдениет үйіне көшпек. Дағдарыстан біржола шыққан соң басқасын көре жатармыз, дейді әкім. Менің таяу жылдардағы басты мақсаттарымның бірі – Қайнарда ауыз су мәселесінің шешіміне оң ықпал жасау дейді Еркебұлан. Мұндағы әр үйге су кіргізіп бере алсақ, арман жоқ. Рас, оның арғы жағында жол мәселесі де тұр. Еліміз бойынша дағдарыс салқыны сейіле түсіп келеді ғой. Сондықтан алдағы күндерге сенейік. Шалғайдағы ауыл әкімі осылай дейді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.