Спорт • 25 Маусым, 2024

Ақселеу турнирі мәресіне жетті

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да елордада журналистердің кәсіби мерекесіне орай Алаш ардақтысы, жазушы, журналист, ғалым, профессор Ақселеу Сейдімбектi еске алуға арналған бильярдтан турнир өтті.

Ақселеу турнирі мәресіне жетті

Турнирге Ақаңмен үзең­гілес жүрген тарих­шы-ғалым Қойшығара Сал­ғараұлы, жазушы Төлен Әбдік пен кейінгі ізін басқан қаламгер інілері, шәкірттері мен журналис­тер қатысты.

Турнирді Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Ерлан Сы­дықов ашты. Сонымен қатар та­рихшы-ғалым Қойшығара Сал­ғараұлы, жазушы Төлен Әбдік естелік айтты.

чс

«Мұндай дәстүр өркениетті елдердің бәрінде бар. Оларда ғылыми конференция немесе спорттық жарыс өтеді. Сондай дәстүр біздің арамызға да кіріп жатыр. Бұл бір жағынан өте пайдалы. Ұрпақтар сабақ­тас­тығы үзілмеуге тиіс. Жас­тарды көріп жатырмыз. Әң­гі­мелесеміз, жөн білісеміз. Бұл турнирдің ұлттық бірлікке қосатын үлесі де зор. Ақ­селеу өмір бойы «Социалистік Қа­зақстан», «Лениншіл жас» га­зеттерінде істеді. Ақселеу шын мәнінде журналист болды. Тіпті журналистігі басым болды деп ойлаймын. Сондықтан бұл турнирді журналистер күні қар­саңында әріптестері арасында өткізу заңды», дейді Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік.

ЕҰУ журналистика және сая­саттану факультетінің деканы әрі турнирді ұйымдастырушы Қайрат Сақтың айтуынша, жа­рысқа бас-аяғы алпысқа жуық азамат қатысты.

«Бұл турнир алғаш 2009 жылы Ақселеу ағамыздың бас­тауымен БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылды. Мақсаты – кәсіби мерекенің қарсаңында журналистиканың қазанында қайнап жүрген қаламгерлердің басын қосу еді. Сөйтіп, Ақаң өзінің атынан турнир жеңім­пазына ақшалай жүлде тігіп, дәстүрлі бәйгенің негізін қалаған. Ал 2010 жылдан бері біз осы сайыс­ты Ақаңның атынан өткізіп келеміз. Жыл сайын бильярдқа қызығушылық танытып, жарысқа қатысуға ниет білдірген ойыншылар қатары артып келеді», деді Қайрат Сақ.

Турнир шартына сәйкес қатысушының жасы алпыстан асқандар – «Ағалар» тобы, ал алпысқа дейінгілер орта буын өкілдері мен жастардан құралған ойыншылар «Жастар мен жаса­мыс­тар» тобы болып бақ сынас­ты.

«Ағалар» тобынан I орынды ардагер фотожурналист Мақсұт Ержанов, II орынды белгілі сатирик-журналист Базарбек Тү­кібай, III орынды ардагер журналист Сәдібек Түгел, IV орынды ақын, журналист Тұрмағамбет Кенжебаев иеленді. Ал жас­тар мен жасамыстар арасында болған сайыста I орынды «Хабар» агенттігінің қызметкері Ахметәлі Сақ, II орынды «Айқын-Литер» ЖШС директоры, ақын Талғат Ешенұлы, III орынды «Qazaqstan» телеарнасының режиссері Асыл­хан Манап, ал IV орынды әріп­тесіміз «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров жеңіп алды.

Бұдан басқа «Ең шебер», «Ең мерген», «Ең шапшаң», «Техни­касы ең мықты тастаяқшы» жүл­де­герлері анықталып, иелерін тапты. Тіпті «Ешкімнің көңілін жықпай, қарсыластарына жол берген» ойын­шы да марапатталды.