18 Маусым, 2010

КОММУНАЛДЫҚ САЛАНЫҢ САН-САЛАЛЫ ІСТЕРІ

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты ел халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін дамытуға жіті назар аударылған болатын. Осыған орай Қазақстан Үкіметіне 2011 жылға дейін жылу, газ, су және электрмен жабдықтау инфра­құ­ры­лымдарының рентабельділігін арттыруға қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кең ауқымды жаңғыртудың жос­парын әзірлеу мәселесі тап­сы­рылған-ды. Өзіндік пайдалану шығындарын төмендету және ресурс сақтау технологияларын енгізуді қамтамасыз ету міндеті белгіленді. Бұл басымдықты жүзеге асыру мақсатында өткен жылдың қараша айында Үкімет қаулысымен “Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығын жаңғырту мен да­мы­тудың қазақ­стандық орталығы” акцио­нер­лік қоғамы құрылып, оған инно­вациялық технологияларды енгізу, талдамалар және ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері қоса жүктелді. Елбасының жоғарыда аталған Жол­дауында тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығы саласындағы ин­фрақұрылымдарды жаңғырту ресурс үнемдеуші технологияларды енгізумен қатар жүруі қажеттілігі нақты көрсетілген. Осынау жа­уап­ты міндетті орындау мақ­са­тында орталықта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты 20 нормативтік-техникалық құ­жаттар және тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығы саласында 2011-2015 жылдарға арналған ғылыми-техникалық, инно­вация­лық, ресурс үнемдеуші техно­логия­ларды енгізу бағдар­ламасы әзірлену үстінде. Сондай-ақ, инновациялық және инжинирингтік компания­ларды құру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, осы сегменттің жаңа деңгейге көте­рілуіне жағдай жасайтын “Пайдалы әсер коэффициенті жоғары және зиянды қалдықтарды аз шығаратын қазандықтарды қолдану базасында, тұрғын үй қорына су мен жылуды жеткізу, тұтыну, және өндіру тех­но­логияларын дамыту” бағ­дар­ламасы әзірлену үстінде. Жерасты құбырлары мен коммуника­ция­ла­рын қорғайтын және олардың сенімділігі мен қызмет көрсету мер­зімінің ұзаруын қамтамасыз ететін заманауи экономикалық тә­сілдерді және пассивті және ке­шен­ді активті әдістерді жасау жүргізілуде. Бүгінде, “Нұр Отан” ХДП мен “Жас Отан” жастар қанатымен бірлесе отырып, маусым-шілде айларында “Тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығы саласындағы энергия және ресурс сақтаушы жобалардың республикалық кон­курсын” өткізуді ұйым­дас­тырып отыр. Аталмыш бәйге жаңғыртуды, инновациялық технологияларды енгізуді, кәсіпкерлік және қо­ғамдық бастамаларды ынта­лан­дыруды, сондай-ақ салалық ғы­лыми-практикалық зерттеулерді ескере отырып, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы салас­ы­ның инвестициялық тартымды­лығын арттыруға бағытталған. Бұл жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында мемле­кеттің дәстүрлі жауапкер­шілігі болып есептелетін қоғамдық маңызы зор, бірақ экономикалық тұрғыдан тиімсіз және рентабельді емес сегменттерін жеке сектордың ресурстық және интеллектуалдық әлеуетін ауқымды түрде тарту арқылы шешуге арналған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.