Сұхбат • 27 Маусым, 2024

Нұрболат Айдапкелов: Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау – маңызды міндет

148 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Егіс науқаны кезінде шаруаларға көмек қолын созудың маңызы зор. Эконо­миканы алға сүйреуші әлеуетке ие ауыл шаруашылығы саласы жыл санап тәуір көр­сет­кіш­терге қолжеткізіп келе жатыр. Бірақ биылғы су тасқыны жоспарды өзгертіп, көп іске көлеңкесін түсіріп кетті. Оның салдарын жойып, науқанды ойдағыдай өткізу – мемлекетке сын. Осы орайда «Бәйтерек ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының бірін­ші орынбасары Нұрболат Айдапкеловпен аз-кем сұхбат құрған едік.

Нұрболат Айдапкелов: Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау – маңызды міндет

– Биылғы егіс науқаны қиын жағ­дай­мен тұспа-тұс келіп қалды. Су тас­қынынан шаруашылықтар көп зардап шекті. Осы орайда холдинг тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

– Шынында да, осы жылы табиғи апаттар ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Сонымен қатар өткен жылы республиканың жекелеген аймағында жазда құрғақ ауа райы байқалғанын, ал күзде жаңбыр шамадан тыс жауғанын еске салғым келеді. Бұл жиналған егіннің көлемі мен сапасына және фермерлердің келесі егіс науқанын өткізуге дайындығына кері әсерін тигізді. Өткен жылы зардап шеккен фермерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) және «ҚазАгроҚаржы» АҚ (ҚАҚ) компаниялары 59 млрд теңгеден астам сомаға 1,4 мың клиенттің міндеттемесін орындау мерзімдерін ұзартты.

Биыл су тасқыны жедел қолдау шараларын қабылдауды талап етті. АНК және ҚАҚ зардап шеккен қарыз алушылардан қарыз бен лизинг бойынша міндеттемелерді қайта құрылымдауға өтініштерді қабылдау мен қараудың тәртібін бекітті. Қазір 173 ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерінен 619 млн теңгеге тиісті өтініштер келіп түсті. 483 млн теңгеге 153 өтінім мақұлданды. Өтініштер әлі де түсіп жатыр. Біз холдинг ретінде бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отырмыз.

– Холдинг жыл сайын көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүр­гізуді қаржыландырып отырады. Осы мақсаттарға қанша қаражат жұмсалады?

– 2024 жылға бастапқыда респуб­ликалық бюджеттен АНК іске асыратын «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 140 млрд теңге бөлу жоспарланған болатын. Осы қаражат көлемі шеңберінде 3,6 млн гектар егістік алқаптарын өсіру үшін 3,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­­тарын жүргізуге қажет айналым қара­жатына қажеттілікті қанағаттандыру үшін 140 млрд теңге жеткіліксіз. Бұл ретте қосымша қаражат бөлу үшін бюджет мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет холдинг алдына нарықтан 300 млрд теңгеге дейінгі көлемде қосымша қаражат тарту және көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға жіберу міндетін қойды.

Холдинг осы бағытта қажетті жұмыс­тарды жүргізді. Бірінші траншпен 150 млрд теңге АНК-ға көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға жіберілді. Бұл ретте қарыз алушы үшін бюджет қаражатына ұқсас жылдық 5% жеңілдікті мөлшерлеме сақталады. Фермерлердің қабылдауына ыңғайлы болу үшін бюджеттен тыс көздер есебінен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасы «Кең дала-2» деп аталды.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­тарын несиелендірудің жеңіл­детілген бағ­дар­ламасы алғаш рет нарықтық қаражат есебінен және осындай айтарлықтай көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді. Алдыңғы жылдары жеңіл­детілген несиелерді тек 140 млрд теңге мөл­шерінде бюджеттік кредит шегінде алу­ға болатын, ал 2022 жылға дейін бұл 70 млрд теңге еді. Айналым қаражаттары­ның қалған қажеттілігі қымбат нарықтық несиелер арқылы қанағаттандырылды, бұл, әрине, көптеген фермерге ғылыми негізделген агротехникалық шараларды толық жүргізуге және жоғары өнім алуға мүмкіндік бермеді. Енді қосымша же­ңіл­дікті қаражат алу мүмкіндігі мәселесі ше­шіл­ді және бұл ауыл шаруашылығы үшін маңызды жетістік.

– «Кең дала-2» жаңа бағдар­ла­ма­сының бұрынғы қаржыландыру шарт­тарынан қандай да бір түбегейлі айырмашылығы бар ма?

– Иә, егер әлеуетті қарыз алушыда кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болса, АНК кредиті бойынша кредит сомасының 85% мөлшерінде «Даму» КДҚ» АҚ-ның кепілдігін алу мүмкіндігі бар. «Кең дала-2» бағдарламасы – өзінше бірегей жаңа бағдарлама. 2001 жылы АНК құрылғаннан бері оның қарыз алушылары үшін «Даму» КДҚ» АҚ кепілдіктері ешқашан қолжетімді болған емес. Кепілдіктер екінші деңгейлі банктердің кредит беруін ынталандыруға есептелген, сондықтан АНК қарыз алушылары банк клиенттерімен тең жағдайда болмады.

Егер экономиканың басқа секторларында «Даму» КДҚ» АҚ кепілдіктері кредит берудің өсіміне ықпал етсе, онда ауыл шаруашылығында банк несиесін жандандыру үшін кепілдіктер жеткіліксіз болып тұр. Мысалы, 2014 жылы екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығына 431 млрд теңге қаржы ұсынса, өткен жылы банктер тек 373 млрд теңге берді, оның 61 млрд теңгесі – банктердің қаражаты емес, АНК тарапынан қорландыру. 2014 жылдан бері көпшілігі импортталатын тұқым, ауыл шаруашылығы техникасы, қосалқы бөлшек, тыңайтқыш, гербицидтер бағасының өсуін ескерсек, нақты мәнде инфляцияны шегергенде банк­тер аграрлық салаға 10 жыл бұрынғыға қарағанда едәуір аз кредит береді.

Сондықтан АНК қарыз алушыларына кепілдік беру сияқты құралды пайдалануға тең мүмкіндік ұсыну туралы шешім сапалы оң өзгеріс болып саналады, бұл кепіл тапшылығына байланысты АНК-дан бұрын кредит ала алмаған және банктер тарапынан мақұлдау ала алмай жүрген фермерлерге мемлекеттік қолдауды жан-жақты көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұл шешімнің басқа жағымды жағы бар. Қарыз алушылар үшін кепілдіктің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бюджеттен кепілгердің тәуекелін жабатын кепілдік беру комиссиясы субсидияланады. Егер «Даму» КДҚ» АҚ-ның «қолданыстағы» кепілдіктер бойынша төлемдерін банктер өз қалауы бойынша пайдалана алатын болса, АНК жағдайында бұл төлемдер фермерлер үшін жаңа қарыздарға қайта инвестицияланады, бұл бюджет қаражатын пайдаланудың мультипликативтік әсерін арттырады.

Осылайша, холдинг қабылдаған «Даму» КДҚ» АҚ кепілдік беру бағдар­ла­масын АНК кредиттеріне пайдалану туралы шешім екі компанияның кешенді синергия­сын қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін жеңілдікті қаржыландырудың қол­жетімділігін артты­руға мүмкіндік берді.

«Кең дала-2» бағдарламасы фер­мер­лердің үлкен қызығушылығын тудырды. Бағдарлама салыстырмалы түрде жақын арада іске қосылғанына қарамастан, 100 млрд теңгеге жуық сомаға кредит берілді. Өтінімдердің жалпы пулы 200 млрд теңгеге жақындап келеді. Фермерлерге егістікті өсімдіктерді қорғау құралдарымен өңдеуге, егін жинау науқанына дайындалуға қаражат қажет, сондықтан өтінімдер белсенді түрде түседі. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша бұрын-соңды болмаған үлкен қаражат лимитін ескере отырып, мен фермерлерді осы мүмкіндікті пайдаланып, АНК филиал­дарына хабарласуға шақырамын.

– Егін жинау науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникасы қажет. Холдинг осы бағытта қандай жұмыс жүргізді?

– Үкімет тапсырмасына сәйкес холдинг «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің 100 млрд теңгеге ауқымды жеңілдікті бағдарламасын іске қосты. Бұл – нарық қаражаты есебінен іске асырылатын жылдық 5% мөлшерлеме бо­йынша тарихтағы алғашқы жеңілдікті лизингтік бағдарлама. Осы мақсаттар үшін холдинг облигациялық бағдарлама шеңберінде 100 млрд теңге тартады. Бұл ретте осы бағдарлама шеңберінде қолдаудың қосымша шарасы 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін бірінші лизингтік төлемді төлеу бойынша кейінге қалдыру болып табылады.

Бағдарлама отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасына бағытталған. Сондықтан біз фермерлерімізді қолдап қана қоймай, отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытуға да көмектесеміз. Қазір «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдары осы жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерінен өтінімдерді қабылдап жатыр.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan»