Футбол • 26 Маусым, 2024

Тең ойнаса да, төрге озды

21 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Германиядағы футбол тойының дер шағы қазір. Кей құрама киім-кепшігін теңдеп, көшінің басын еліне бұрып та жатыр. Топтық кезеңдегі шешуші матчтар аса тартысты өтті. Тіпті бірде-бір жеңіссіз тек тең нәтижені қанағат тұтып-ақ плей-офф кезеңіне өткен құрамалар бар.

Тең ойнаса да, төрге озды

С тобындағы 3-тур тартысында гол соғылмады. Дания мен Сербия құрамалары ара­сындағы матчты ба­сым­дықпен өткерген дат футболшылары сербтердің қорғанысын бұза ал­мады. Доп­қа иелік етуде, стан­дартты (бұ­рыштама) шабуыл­дарда да Да­ния құрамасы басым тұрғаны­мен, жеңісті жұлып әкете алмай, 0:0 нәтижесін місе тұтты.

Бұл топтағы кезекті ойын Англия мен Словения арасында өрбіген. Хәрри Кейн бастаған Англия құрамасы гол соға алмады. Топтық кезеңнің соңғы матчынан маңызды 1 ұпайды еншілеген Словения құрамасы да тарихи қадам жасады. Бұл топтан Англия құрамасы 5 ұпай жинап көш басына шықса, Дания құрамасы 3 ұпаймен плей-офф кезеңіне өтті. 3 ұпай еншілеген Сло­вения құрамасы да топтан шығып отыр. Дания мен Словения құрамалары топтық ке­зеңде өткізген үш матчта же­ңілген де, жеңген де жоқ, тең тарқасып, әр ойыннан 1 ұпай ол­жалаумен-ақ плей-оффқа өтіп алды.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне осымен екінші рет ат байлаған Словения топтық кезеңге алғаш рет шығып отыр. 2018 жылдан бері Словения ұлттық құрамасын баптап келе жатқан Матяж Кек тарихи нәтижені еншісіне жаз­ғанына қуанышты екенін аң­ғартты. «Жігіттерге сөз жоқ, керемет ойын өрнегін көрсетті. Словения шағын ғана мемлекет болса да, спортта, әсіресе футболда алпауыт екенімізді тағы бір көрсеттік. Құраманың топтық кезеңнен өтетініне сенім артқандардың қатары тым селдір еді, біз олардың күмәнін күл талқан еттік. Жігіттер Еуропа чемпионатына текке келмегенін дәлелдеді. Шәкірттерім тартыс­ты ойыны арқылы Словения футболының келешегі қандай екенін айқындай түсті», деді Матяж Кек.

D тобындағы соңғы ойында Франция мен Польша құрама­лары кездесті. Топтық кезеңдегі екі матчта жеңіліс тауып, Еуропа чемпионатын ерте аяқтаған поляк футболшыларының Франция құрамасымен тең ойнауы (1:1) біраз жайтты аңғартқандай. Килиан Мбаппенің 56-минутта пенальтиден соққан голына 79-минутта Роберт Левандовский пенальтиден гол тоғыту арқылы қарымта қайтарып, маңызды 1 ұпай еншілегенімен, 2008 жылдан бері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне тұрақты қатысып келе жатқан Польша құрамасы еліне қайтты. Өзінің соңғы Еуропа чемпиона­тына қатысқан Роберт Левандовский құраманың өскендігін, азулы Франция футболшыларымен тең ойын көрсеткеніне көңілі толатынын жеткізді. «Біз қан­дай таңдаулы құрамаға қарсы ойнасақ та атағынан ықпай­тынымызды көрсеттік, жігіттер мінез танытып ойнады. Осы тең нәтижені бағалай білуіміз керек», деді Польша құрамасының капитаны.

Бұл топтан Аустрия ұлттық құрамасы көш бастап плей-офф кезеңіне өтті. 3-тур матчын­да Нидерланд құрамасына қар­­сы алаңға шығып, 2:3 есе­бі­мен еңсеріп кетті. 6-минут­та Дониэлл Мален автогол соғып, аустриялықтар алға шық­­ты. 47-минутта Коди Гакпо нәтижені теңестірген. 59-минутта Романо Шмид еншісіне гол жазып, құрамасын алға шы­ғарған. Тәжірибелі Мемфис Де­пай 75-минутта командасын жеңілістен құтқарғанымен, 80-ми­нутта Марсель Забитцер жеңіс голын соқты. 2008 жылдан бері Еуропа чемпионатының фи­налдық кезеңіне төрт рет қатысқан Аустрия ұлттық құ­рамасы төрт жыл бұрын құрлық додасының 8/1 финалына дейін жеткен болатын.

 

Селфидің салқыны: УЕФА күзетті күшейтпек

УЕФА Германияда өтіп жат­қан Еуропа чемпионатында тәртіпті күшейтуді мықтап қолға алды. Оған Португалия, Түр­кия арасындағы тартыс себеп болып отыр. Мұның алдында Грузия мен Түркия жан­күйер­лерінің жаға жыртысына аса алаңдай қоймаған Еуропа футбол ассоциациясы одағы (УЕФА) әйгілі Роналдумен су­ретке түсуге ұмтылған жан­күйер­лердің әрекетінен кейін ғана қозғалды. Түркия мен Пор­тугалия құрамалары ара­сындағы тартыста алаңға бір емес, алты жанкүйер жүгіріп шығып, Роналдумен суретке түсуге ұмтылған еді. Матчтың мазасын қашырып, шырқын бұзған келеңсіздіктен кейін қауіпсіздік шарасы күшейтілетін болды. УЕФА басшылығы фут­бол­шылардың стадионда, алаң­да ғана емес, киім ауыстыратын бөлмеде де қауіпсіздігі зор жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. 2016 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалия құрамасының биылғы құр­лық додасындағы матчы Герма­ния­ның қауіпсіздікке жауапты қызметкерлеріне қосымша жұ­мыс тауып берді.