Спорт • 27 Маусым, 2024

Дамир Алматыда айқасады

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13 шілдеде Алматыда аралас жекпе-жектен Hardcore FC турнирі өтеді. Жарыстың басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы қазақтың танымал спортшысы Дамир Исмағұлов пен ресейлік Дмитрий Климов күш сынады.

Дамир Алматыда айқасады

Орынбор облысында дүниеге келген 33 жастағы Дамирдің осы спорт түрін серік еткелі 10 жылға жуықтады. Сол ара­лықта ол бірқатар биік белесті бағындырды. Атап айтсақ, «Алаш Прайд» Гран-приінің жеңімпазы және М-1 промоушенінің чемпионы атанды. Қатарынан 14 жекпе-жекте жеңіске жеткеннен кейін қандасымыз UFC-дің қырағы мамандарының назарына ілікті. Мұхиттың арғы жағында да Ис­мағұлов өзін жақсы қырынан көрсетті. 2018-2023 жылдар ара­лығында әлемдегі ең белді промоушенде өнер көрсеткен кезде жеті рет октагонға шыққан қазақтың қайсар ұлы алғашқы бес қарсыласын ұтты. Тарқатып айтсақ, ол аустралиялық Алекс Горджис, испаниялық Хоэль Аль­варес, бразилиялық Тиау Мой­зес пен Рафаэл Алвис, швециялық Гурам Кутателадзені қапы қалдырды. Бірақ соңғы екі кездесуінде ресейлік Арман Ца­рукян мен америкалық Грант Доусоннан ұпай санымен ұтылды.

Өзінің соңғы жекпе-жегін Дамир Исмағұлов биыл наурыз айында Санкт-Петербургте жер­гілікті спортшы Эдуард Вар­таниянға қарсы өткізді. Олар кик­бокстің ережесі бойынша ай­қасты. Тең дәрежеде өткен бә­секеде төрешілер Вартанянды жеңімпаз деп таныды. Аралас жекпе-жектегі Дамирдың шердогі – 27 кездесу, 24 жеңіс (13 нокаут) және 3 жеңіліс. Бір айта ке­терлігі, қандасымыз өзінің спорт­тық мансабында бірде-бір рет айқын басымдықпен ұтылған жоқ.

Дамирдің қарсыласы да осал спортшы емес. Жауынгерлік самбодан ауыз толтырып айтар­лықтай табысқа жеткен 23 жас­тағы Дмитрий Климов ММА-да да жақсы нәтиже көрсетті. Ол Hardcore FC промоушенінің бұрынғы чемпионы. Оның рекорды – 15 кездесу, 11 жеңіс (9 нокаут), 4 жеңіліс.