18 Маусым, 2010

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ КЕРЕКУ

603 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ертістегі Кереку – респуб­ли­кадағы эконо­микалық әлеуеті жағынан алдыңғы орындар­дың біріндегі қуатты индустриялық орталық. Мұндағы көмір, мұнай өңдеу, химия, мәшине жасау және энергетикалық салалар егемен еліміздің өркеніне салмақты үлесін қосуда. Павлодар облысында Қазақстан көмірінің 60 пайыздан астамы, елдегі бүкіл алюминий және электр қуатының 40 пайызы өндіріледі. 2009 жылдың қыркүйегінде Екібастұзда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қатысуымен Сол­түстік-Оңтүстік электр желісінің екінші кезегі пайдалануға берілді. Бұл аса ірі инфрақұрылымдық жобаны “KEGOC” АҚ мерзімінен бұрын іске қосты. Ұзындығы 1097 километр болатын Екібастұз-Шу жаңа жоғары вольтты магистралі солтүстіктен Қазақстан­ның оңтүстігіне баратын қуат ағынын екі есеге, яғни, 1350 мегаватқа дейін арттырды. Ұлттық электр желілерін дамыту жобасы “Қазақ­станның 30 корпоративтік көшбасшысы” бағдарламасы негізінде жүзеге асырылды. Бұл қадам елдің оңтүстік аймақтарын энергиямен қамтамасыз ету сенімділігін арттыру және осы өңірдегі электр қуатының жетіспеушілігін жабу үшін жасалды. Жақын жылдарда Қазақ­стан­ның страте­гиялық жоспа­рында жүздеген кәсіпорындар салу меже­ленсе, оның 42 нысаны Павлодар облысында іске қосылады. Бұл инновациялық жобалар метал­лургияда, мұнай және металл өңдеу салаларында және құрылыс индустриясы мен энергетикада жүзеге аспақ. Олардың орын­далуы облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаевтың тұрақты қадаға­лауында. – Индустрияландыру карта­сы республика­лық және облыс­тық болып бөлінген. Респуб­ликалық тізімде құны бір миллион теңге болатын 13 жоба, облыстық тізімде 30 миллиард теңгелік 22 жоба бар. Аса маңызды жобалар қатарынан электролиз зауытын атағанымыз жөн. Республикалық серпінді жобалар сапында кальци­лен­дірілген сода мен хлор өндіретін Каустик зауытының жобасы тұр. KSP базасының негізінде Қазақстанда алғаш рет түрлі диаметрдегі құбырлар шығаруды игермекпіз. Темір жолда­рымызды өз болат табан­дарымызбен қамтамасыз ететін өндіріс те құрмақшымыз. Екібастұздағы “Таман” ЖШС жүк вагондарын жасамақшы. Олардың ал­ғашқы үлгілері сы­нақтан өтті және үстіміздегі жылы өндірістен шығарыла бастайтын болады. Бозшыкөл кен орнындағы полиметалл рудасын өндіруді бастау өнеркәсібіміздің жаңа бағыты. Ендігі кезекте мыс рудасы алынбақ. Жоба 1 миллиард доллардан асатын құны қымбат іс. ГРЭС-2 Ресей энергетиктерімен бірлескен жұмыс арқылы кеңей­тілмек. Қазір 3-ші блокты мон­таж­дауға дайындық аяқталды. Үсті­міздегі жылы блокты салу бас­талады. Облыста білікті мамандар жеткілікті болғандықтан, белгілеген істерді орындауға мүмкіндік бар, – дейді Пав­лодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев. 2009 жылдың қыркүйегінде Ресей Прези­денті Д.Медведевпен кездесуі кезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев үшінші блоктың құрылысын Ресеймен бірлесіп салу жөніндегі келісімге қол қойды. Стансада қазір да­йын­дық жұмыстары аяқталды. Блокты монтаждау биыл қолға алынады. Республика­лық маңыз­дағы бұл серпінді жоба 2013 жылы біт­пекші. Стансаның өндірістік қуатын арттыру жаңа жұмыс орындарын ашуға және энергетиктердің Сол­нечный қалашығының әлеу­меттік-экономикалық жағынан одан әрі дамуына мүмкіндіктер береді. “Казхром” АҚ-тың филиалы болат қорытатын зауыттардың жоғары сапалы металл өндірісі үшін жұмыс істейтін әлемдегі жетекші металлургия кәсіпор­ын­дарының бірі. Кәсіп­орын­ның әлемдік рыноктағы бәсекелес­тікке төтеп беруіне өнімдердің аса сапа­лы шығарылуына кепілдік беретін өндірістің жоғары технологиялары көмектесуде. Зауытта сапалы инте­грацияланған менеджмент, қорша­ған ортаны, еңбек пен өнеркәсіптік қауіпсіз­дікті қорғау жүйелері жұмыс істейді. Инже­нерлік-инновациялық орталықта мамандар ферроқорытпа өн­дірісінің жаңа технологияларын әзірлеп, жаңа шикізат материал­дарын игеруде. Ішкі резервтердің арқасында ENRC корпорациясы өндірістің техникалық жағынан қайта жарақ­тануы мен модерниза­циялануы, пеш агрегаттарына, негізгі және қосалқы жабдықтарға жоспарлы күрделі жөндеулер жасауға тұрақты инвестициялар бөлуді жалғас­тыруда. Мысалға, зауыттың келе­шегі мол жаңа нысаны – әлемде тұңғыш рет хром мен марганец секілді екі бірдей агломерат шығара бастайтын агломерациялық це­хын атағанымыз жөн. Мұнда сапалы фер­роқорытпа шығаруға арналған күкірт мөл­шері төмен түйіршік материал өндірілмек. Газ тазалау қондыр­ғыларының сүзгілері тұтып қалған тозаңдар да алдын-ала дайын­дықтарсыз өңделетін болады. “Казхром” ком­паниясы өн­ді­рісті жаңарту мен ав­томат­тандыруға да үлкен көңіл бөлуде. Техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы аясында кәсіпорында қолданыстағы бүкіл қон­дырғылар жаңартылуда. Өткен жылы фер­рохром шығара­тын үш электр пеші қатарынан күрделі жөндеуден өтті. Оларға зиянды қалдықтарды жүз пайызға дейін тұтып қалатын заманауи газ тазалау сүзгілері орнатылды. Металдар рыногындағы құл­ды­рау уағында зауыт басшылығы Қазақстан Президентінің дағдарыс арқылы дамуға жету формуласын бас­шылыққа алып, қорыту агре­гаттарын жаңарт­ты. Метал­лургтер жөндеушілер брига­дасына ауысып, кәсіпорыннан бірде-бір жұмысшы қысқартылған жоқ. Қазір зауыттағы бүкіл 26 пеш түгелімен жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында экология, еңбек пен денсаулық қорғау, өндіріс қауіпсіздігі, жұмыс­шылардың әлеуметтік қор­ғалуы мәселелеріне ұдайы назар аударылып келеді. Павлодардың электролиз зауы­ты Қазақстан тәуелсіздігі жыл­дарында бой көтерген алғашқы металлургия кәсіпорыны. Осында респуб­ликада тұңғыш рет қанатты металл – алюминий балқытылды. 2005 жылдың мамырында іргетасы қаланған зауыттың 2007 жылдың 12 желтоқсанында жылына екі жарым мың тонна алғашқы алюминий беретін қуаты бар бірінші кешенінің тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кесті. Құрылысы толық біткен соң 120 гектар алаңы бар кешен екі электролиз бен құю цехын, анодтар өндірісі зауыты мен көмекші бөлімшені біріктіретін болады. Жергілікті сазбалшық пен Ақсу жылу-электр стансасының элек­тр қуатын пайдаланатын зауыт жылына 250 мың тонна алюминий өндіреді. Әлемдік рыноктағы күрделі жағдайға қарамастан, пайдалануға деп мерзімі 2010 жыл ретінде белгіленіп отырған, қуаты жылына 125 мың тонналық зауыттың екінші кезегінің құр­лысы да жүруде. Оның құры­лысына құйылатын инвестиция көлемі 305 миллион доллар шамасында. Екінші кезегі іске қосылған соң зауыт жылына 250 мың тонналық жобалық өн­дірістік қуатына енетін болады. 2009 жылдың 17 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев эфир мен полипропилен шы­ғаратын жаңа зауыттың да өндірісін іске қосты. Құны 5,5 миллиард теңгелік бұл кәсіпорын Павлодар мұнай-химия зауы­тының бұған дейін коммуналдық-тұрмыстық газ ретінде сатылып келген шикізатымен жұмыс істейді. Кәсіпорын еуро­стан­дартқа сай жоғары октанды бензин өндірісіне қажетті қышқыл­құрамды қосымша-метил-трет-бутильді эфирдің жылына 20 мың тоннасын, химия өнеркәсібіне керек түссіз газп­ро­пи­леннің 35 тоннасын, плас­т­масса мен химиялық талшық өндірісінің шикізаты полип­ро­пиленнің 30 мың тоннасын шығаратын болады. Зауыт өнімі сұранысқа ие. Қазірдің өзінде оны Белоруссия сатып алуда. Қазақстанның полипропиленіне алыс шетелдер де қызығушылық білдіруде. Қосымша құны жоғары экспорттық өнім – Қазақстан экономикасының шикізаттық тәуелділіктен арылуға бет алған тағы да бір құтты қадамы. Мақаламыздың басында айтқанымыздай, бүгінгі заманда Қазақстанның сапалы дамуы­ның аса маңызды жолдарының бірі – елді индустрияландыру. Бұл бағыт Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуына орасан зор мүмкіндіктер береді. “Нұр Отан” партиясының ХІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, елді индус­трияландыру әлемдік эконо­миканың қазіргі даму табиғатына сәйкес болуы тиіс. Осынау мақсаттың тәуелсіз еліміздің берекелі бүгіні мен кемел келе­шегі үшін білек түре жасам­паз еңбекке кіріскен Кереку өңірі халқының да бағдар етіп ұстар темірқазығына айналғаны қуантады. Смағұл РАХЫМБЕК, журналист.