Білім • 29 Маусым, 2024

Ауыл баласы топ жарды

101 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауыл баласы ұлттық бірың­ғай тестілеуде (ҰБТ) топ жарды. Елі­мізде негізгі ҰБТ бастал­ғалы 6 апта өтті. Осы уа­қыт ішінде ең жо­ғары нәтижені кім жи­най­тынын көпшілік тағат­сыздана күткен еді. Міне, Алматы облысы Талғар ауданы Қара­бұлақ аулындағы №22 орта мектептің биыл­ғы түлегі, «Алтын белгі» иегері Еңсебек Жаннұр Абзал­ұлы елді елең еткі­зіп, 140 балмен рекорд жаңартты. Осы орайда шешуші сынақ­тың барлық сұрағынан сүрінбеген талапкер туралы анасы мен мектеп басшысынан алған экс­кл­ю­зив әңгімемізді ұсынамыз.

Ауыл баласы топ жарды

Әуелі тестілеудің соңғы жаңалықтары мен аралық қорытынды нәтижелері­не тоқталсақ. Ұлттық тесті­леу орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, негізгі ҰБТ басталған 6 аптаның ішінде 264 мың рет тест тапсырылды, шекті балды 77% талапкер жинады, орташа балл 69-ды құрады. Оның ішінде талапкерлердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 197 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. 6 аптада ҰБТ-ға ерекше білім қажеттіліктері бар 620 үміткер қатысты.

Енді тестілеуде рекорд жаңартқан жанға оралсақ, максималды 140 балл алған талапкер ҰБТ-ны «математика-информатика» ком­бинация­сы бойынша өткен бейсенбі, яғни 27 маусым күні Алматы облысының Есік қаласында тапсырған. Соңғы рет ҰБТ нәтижесі бо­йынша 140 балды Павлодар облысының талапкері 2021 жылы жинаған еді, оның алдында 2018 жылы Алматы қаласының талапкері жинады. Араға үш жыл салып, рекорд қайта жаңарды.

Біз аталған оқу ошағы­ның басшылығымен, ҰБТ үздігі­нің анасымен арнайы тілдес­тік. Қарабұлақ аулындағы №22 орта мектептің директоры Жаңагүл Молдабекова Жаннұрдың білімде ғана емес, өнерде де озат екенін айтты.

– Төбемізді бір елі көкке жеткізбей тұрған түле­гіміз Жаннұр біздің мектепте 1-сыныптан бастап оқыды. Үздік оқушымыз – өте дарынды бала әрі өзі сондай мейірімді. Алла тіл-көзден аман қылсын, қай қырынан алсаңыз да көңіліңе қона кететін керемет жан. Жаннұрдың анасы Жанар Шаяхметқызы – осы №22 орта мектепте отыз жылға жуық еңбек етіп келе жатқан баста­уыш сынып мұғалімі-зерттеуші. Отбасы баланың жан-жақты білім алуына бар жағдайды жасады. Жаннұр кез келген сабақтан өзінің жүйрік екенін үнемі байқатты, суретті өте жақсы салады, салған суреттері көрмелерге қойылды, домбыра шертіп, түрлі өнер сайыстарына, мектептің атынан пәндік жарыстарға қатысып, топ жарды. Жаннұр 10-11 сыныпта алдына үлкен мақсат қойып, «140 онлайн оқыту» платформасына тіркеліп, тестілеуге бар ынта, күш жігерімен дайындалды, соның нәтижесінде оқ бойы оза шығып, 140 балл иеленді, еңбегі еленді. Өзі 11 жыл бойы білім алған қарапайым ауыл мектебін бүкіл республикаға мәлім етті, – деді Ж.Молдабекова.

Ал ҰБТ үздігінің анасы Жанар Шаяхметқызы перзентінің бұл нәтижесі мектеп ұжымы мен баласына сабақ берген мұғалімдер еңбегінің жемісі екенін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл мектебі болса да, ондағы әрбір мұғалім – білікті маман, білімі жоғары педагог.

– Жаннұр кішкентай кезінен өзгеше бала болып өсті. Қарапайым, айтқаныңды екі етпейтін, жақындарының көңілінен шығуға барын салатын, ісіне өте тиянақты бала. Жастайынан екеуміз шашкі ойнайтынбыз, жеңіліп қалса, қайтпайтын, нәтижесін жақсартқанша ойнай беруге бар еді. Кейін шахматқа ауысты, шахмат үйірмесіне барып, жарыстарда жақсы нәтиже де көрсетті. Бала күнінде ұлыма кубикрубик әкеліп беріп: «Мен саған сенемін, сен осыны құрап үйрене аласың» дедім. Соның формуласын интернеттен қарап, үйрене келе 30, кейін 20 секундта жинай алатын болды. Осының бәрі оның логикалық қабілетін, оқуға ынтасын арттырды. Шындап келгенде, «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, Жаннұрымның қолына алғаш қалам ұстатып, білімге баулыған, білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстазы Гүлнар Исақызы – мықты мұғалім. Одан кейін үлкен сыныптарға көшкенде жетекшілік еткен Нұргүл Серікқызы деген мұғаліміміз де – озық педагог. №22 мектеп ұжымының әрбір ұстазы баланы жан-жақты тәрбиелеп, терең білімді бала бойына сіңіре білді. Ондағы педагогтердің қай-қайсысы туралы да ауыз толтырып айтуға болады. ҰБТ-ға мені ертпей өзі барды. «Мама, уайымдама, өзім барамын» деп кетті. Бірақ ана болған соң, бәрібір тақым қысып отырады екенсің. «Е, Құдайым, балама өзің жар бол, баламның жанталасып оқып жатқан еңбегін бағалай гөр» деп тіледім. Сол тілегім қабыл болды, – деді қуаныштан толқыған анасы.

Иә, ананың тілегі әрдайым қабыл болады ғой. Біз ҰБТ үздігінің анасымен әңгімелесу барысында әкесі туралы да сұрадық. Анасының айтуынша, Жаннұрдың әкесі де баласын әрдайым қолдап келеді, логикалық ойындарда да, са­йыстар мен білім бәйгелерінде де баласымен бірге. Жаннұрдың сурет салудағы шеберлігі де инженерлік салада еңбек ететін әкесінен берілген екен.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеу­дің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Сөзіміздің соңында ҰБТ рекордын жаңартушы Жаннұр Абзалұлымен блиц-сұхбатты ұсынамыз.

– Қай мамандықты таңда­дыңыз?

Мен ІТ саласын таңдап отырмын. Бұл – қазір өте өзекті, қажетті мамандық.

– Қандай жоғары оқу орнында оқуды көздейсіз?

Алматыда Сүлеймен-Демирел атындағы университетте оқуды жоспарлап отырмын.

–  ҰБТ-дан үздік болудың сыры неде? Үміт­кер-замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

ҰБТ-дан үздік болудың сыры – еңбекте. Мен тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтап, бас алмай тестілеуге дайындалдым. Осылай дайындалуыма жағдай жасаған ата-анама, білім берген ұстаздарыма алғысымды айтамын. Ал менен кейін тапсыратын талапкерлерге табанды түрде дайындалу, әрдайым еңбектену түбінде жақсы нәтиже беретінін айтқым келеді.

– Осыған дейінгі сынақ тестілеулерде қанша балл жинадыңыз?

Ең бірінші 121 балл жинадым. Одан кейін тапсырғанымда 132 деп көрсетті, бірақ 5 сұрақ бо­йынша сенімді болғандықтан апелляцияға беріп, дәлелденіп, 137 болды. Осы жолы, міне, 140 балл алдым.