Қоғам • 02 Шілде, 2024

Өңірлерде қандастарды қабылдау квотасы ұлғаяды

91 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қандастар мен мигранттарды қабылдаудың өңірлік квотасын қайта бөлу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасын белгілеу туралы» бұйрығына өзгерістер енгізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz  министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлерде қандастарды қабылдау квотасы ұлғаяды

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

«Құжат жалпы белгіленген квота шеңберінде мигранттарды қабылдаудың өңірлік квотасын дәл осындай санға қысқарту арқылы мигранттарды қабылдаудың өңірлік квотасын 600 адамға арттыруды көздейді», делінген министрліктің хабарламасында.

Өңірлік квоталарды өзгерту қажеттілігі жұмыс күші тапшы өңірлерге (солтүстік өңірлерге) келетін мигранттар санының артуына байланысты.

Бұйрық жобасы 16 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы 9 483 адам болып белгіленген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 554 адамға көп.

Айта кетерлігі, 2024 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 7353 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бері республикаға барлығы 1 миллион 135,7 мың этникалық қазақ оралды.