Қоғам • 03 Шілде, 2024

Елекке ерекше қамқорлық қажет

56 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің Алға ауданы тұрғындарымен кездесуінде химия зауытының қалдықтарын жою, Елек өзенін тазарту жайы талқыланды. Елек өзенінің алты валентті хроммен ластануы – еліміздегі ең үлкен экологиялық мәселелердің бірі.

Елекке ерекше қамқорлық қажет

1992 жылы жабылған Алға химия зауытының аумағында 730 мың тонна қалдық сақталған. Оның тек 20 мың тоннасы ғана қалдықсақтағышта жиналса, қал­ғаны еріген қар, жаңбыр суы­мен бірге Елек өзеніне қарай ағады. Өзеннің осы тұсында ай­дынға қонған аққу, жабайы қаз бен үйректер уланып өліп жатады. Алға қаласының тұрғыны Нұ­раддин Құрманалин 1982 жылы химия зауытының қалдық­тары ағатын жерден бетон бе­кітпе құрылысы басталып, за­уыт­тың жабылуына байланысты жұмыс аяқталмай қалғанын айтты. «Өзенге жалғасатын тұста топырақ қабатының астынан қазылып, жартылай біткен бетон қабырғалар бар. Оның құрылысын жалғастырып, бөгесі салынса, Елек суына зиянды қалдықтардың құйылуы тоқтайды әрі бұл арзанға түсетін жоба», дейді Нұраддин Құрманалин.

2017 жылы Алға химия зауы­тының қалдықтарын жоюды «Жасыл даму» бірлестігі қолға алды. Бюджеттен бөлінген 100 млн теңгеге 400 гектар аумақтағы зиянды қалдықтарды шығарып, жаңа қалдықсақтағышқа жинау жос­парланды. «Біз ескі зауыттағы қал­дықтар жатқан жерлерді тү­гендеп, зауыт аумағынан сыртқа шығарып тастауды жоспарладық. Бірақ қалдық тасымалдаумен ай­­налысатын мекемемен арада келіспеушілік туып, олар бізді сотқа берді. Жақында Жоғарғы сот қалдықтарды тасымалдау заң­ды түрде жүргізілді деген аппе­ляциялық шешім шығарды. Енді жеті жыл бұрын тоқтап қалған жобаны қолға алмақпыз. Мақсат – Алға ауданы тұрғындарын алаң­датып отырған «тарихи қал­дықтарды» толық жойып, зарарсыздандыру», дейді «Жасыл даму» басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қадыржанов.

Ақтөбе облысы бойынша Эко­логия департаментінің басшысы Ербол Қуанов бастауын Мұғалжар қыраттарынан алатын Елек өзені Жайыққа құйғанға дейін үш жерден ластанады дейді. Бірінші лас­тануы Алға қаласы іргесінен басталады. Бұл жерде көп жылдан бері химия за­уытының қалдықтары жаңбыр, қар суымен қосылып Елекке құ­йылып келеді. Алға моноқаласы мен облыс орталығының арасы 40 шақырым. Алғадан кейін Елек өзені Ақтөбе қаласын айналып ағады. Арнаның жағасындағы хром қосындылары зауыты шайын­ды суларын Елекке ағызады. Ең қауіптісі – зауыт жанында Елек өзенінің жерасты суымен қо­сылатын табиғи екі көзі бар. Үшін­ші ластану көзі – өзен суына кәріз суларының құйылуы. Ақтөбе қа­ласының кәріз қондырғылары әбден ескіргендіктен, қазіргі уа­қытта қалдық суларды терең тазарту мүмкін болмай тұр. «Елек өзені зауытқа жақын тұсында арнасын өзгерткен. Осы жерде жер­асты суымен екі жерде қосылады. Өзеннің бұрынғы ескі сағасы зауыттан алысырақ болды, ол жерде жерасты суымен қосылмайтын. Біз Електі бес шақырым жердегі ескі арнасына қарай бұру туралы ұсыныс түсіріп, осы жобаны өңірлік Жол картасына қостық», дейді Е.Қуанов.

Елек өзенін тазартуға байланысты жақында Үкіметте жұ­мыс тобы құрылып, оның құра­мына шетелдік сарапшылар, халықаралық экологиялық ұйым мүшелерімен бірге отандық мамандар да кірді.

Экология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Жомарт Әлиев тұрғындар көтерген сұрақтарға: «Химия зауытының қалдықтары – кеңес одағынан «қалған мұра». Жеті жыл бұрын осы сұрақ Эко­логия және табиғи ресурстар министрлігіне түсті. Қалдықтарды шығарудың жобалық-сметалық құ­жаттары әзірленіп, «Жасыл даму» бірлестігі мамандары алты ай бойы Алғада жұмыс істеді. Алайда қар­жыландырудағы кедергілерге байланысты жоба тоқтап қалды. Қазір жұмыс қайта қолға алынып, жобаға түзету енгізілмекші. Өйт­кені жеті жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Осы жерде 1982 жылдары қолға алынған қалдықтардың өзен суына құйылуын бөгейтін «топырақ астындағы қабырға» туралы да көтерілді. 2017 жылғы жобада ластану көздерін бөгеу үшін топырақ астынан ұзын траншея қазу, улы сұйықтықты өткізбейтін ерекше қоспадағы инертті материал төсеу, қабырғаларды бетондау көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, аса қауіпті қалдықтарды оқшаулайтын жасанды бөгет жұ­мысын аяқтап, қалдықтарды шығару және жою жоспарланған еді. Елек өзені түбін тазартуға байланысты геологтер мен гидрогеолог мамандар тарапынан қарама-қайшы пікір туындағанын айтпай кетуге болмас. Бір пікір отыз жыл өткенде Елек өзенінің түбін тазалау қажет емес, табиғат өзі тазартады дейді. Түбін аршимыз деп жүріп экожүйені бүлдіріп алуымыз мүмкін. Оның орнына химия зауыты аумағында жатқан қалдықтарды жою керек дейді. Елек өзені суында хроммен ластаушы заттар бар екендігін лабораториялық талдау нәтижесі көрсетіп отыр. Бұл Үкімет пен біздің министрлік алдында тұр­ған мәселе. Елек өзенін тазарту мен Алға химия зауытының қалдықтарын жою жөніндегі жұ­мыс тобы құрылып, сарапшылар қолына барлық материалдар берілді. Алғашқы мәжілісі биылғы жылдың соңында өтеді деген жос­пар бар. Онда нақты ұсыныстар айтылады деген ойдамын. Бізге өндірістік әрекеттердің салдарынан топырақ қабатына шөккен және өзен суына қосылған алты валентті хромнан тазарту жолдарын анықтайтын химиктердің ұсыныстары өте маңызды» деп жауап берді.

Ақтөбе қаласына ауызсу Алға ауданының Құндақтықыр деген жерінен құбырмен жеткізіледі. Облыс орталығы тұрғындарын 50 жылдан бері қамтамасыз етіп отырған Құндақтықыр суы бү­гінде таусылуға жақын. Алға ауданының ақсақалдары жерасты тұщы су қоры Көкжиденің бо­лашағына алаңдайды. «Мұғал­жар ауданындағы Көкжиде ке­нішінде алты компания мұнай өндіреді. Жаңажол, Кеңқияқ ауыл­ы тұрғындары ішіп отырған суымыздан мұнайдың исі шығады деп айтады», деген алғалық ақсақалға облыс әкімінің орынбасары Ға­лымжан Елеуов былай деп жауап берді: «Рас, Көкжидедегі жерасты тұщы су қоры төңірегінде бірнеше мұнай ком­паниясы жұмыс істейді. Қазір ол жердегі тұщы су сапасына ай сайын, тоқсан сайын мониторинг жүр­гізіледі. Ел Үкіметі Көкжидедегі мұнай компанияларын 2032 жылға дейін Көкжиде шекарасынан сыртқа шығаруды жоспарлап отыр».

Тамды аулындағы ескі бөгет тасқын кезінде суды ұстай алмай, жырылып, жұрттың күшімен қалпына келтірілді. Ауылдың шетіне су кірді. Тамдылықтар көктемдегі әбігер қайталанбас үшін бөгетке күрделі жөндеу жасауды сұрайды. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелді Тамды бөгетін жөндеуге қаржы шілдеде өтетін облыстық мәслихат сессиясында сұралатынын, қаржы бөлінсе, бөгет қайта тұрғызылады деп жауап берді. Елек өзені тасуынан Алға қаласындағы біраз үйге су кірді. Өйткені судан қорғайтын үш шақырым бөгеттің тек жартысы бетондалған. Жұрт осы жұмысты аяқтауды сұрайды. «Алға ауданында екі қорғаушы бөгет бар. Оның бірі – ұзындығы 2,8 шақырым Алға қаласының шетіндегі бөгет. Елек өзенінің тасуынан көктемде үлкен қауіп төнді. Жұрт осы бөгетті 4 шақырымға дейін ұзартуды сұрайды», дейді Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов.

Қарақобда елді мекенінің тұр­ғы­­ны Зияш Меңбаев Қарақобда өзенінің түбін тереңдету мен тазартуды сұрайды. «Біздің аулымызға тіршілік нәрін беріп отырған Қарақобда өзенінің тереңдігі бала кезімізде 3 метрден асатын. Қазір оның суы тізеден келеді. Суы лайланып, қамыс басты, бұлақ көздері бітелді. Өзенде ағыс болмаған соң қамыс өсе береді. Қарақобданың бойындағы жеті қожалық суды әр жерден бөгеп, өздеріне қарай бұрып отыр. Қарақобдамен қа­тар ағатын Сарықобда өзенінің жағдайы да осындай. Біз қолдан тұрғызылған бөгеттерді алып тас­тап, бұлақ көздерін ашып, түбін тазартуды сұраймыз. Су сонда ғана жиналады», дейді Зияш ақсақал.

Жомарт Әлиев кездесуде кө­терілген барлық сұрақтар мен ұсыныстар хаттамаға тіркеліп, назарға алынатынын жеткізді. Ал Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің құзыретіне жатпайтын Тамды бөгеті құ­ры­лысы, Қарақобда өзенінің тү­бін тереңдету және кеңейту жө­ніндегі ұсыныстар Су ресурстары және ирригация министрлігіне бағыт­талатыны айтылды.

Ақтөбе облысы,
Алға ауданы