Тарих • 04 Шілде, 2024

Құм жасырған кесене

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылдық округінде ортағасырлық қалашық бар. Жақында Сарайшықтағы тарихи мекенде жүргізілген археологиялық қазба жұмысы кезінде көне кесененің дромосы табылды.

Құм жасырған кесене

Ғалымдардың пікірінше, дәл мұндай нысан бұрынғы зерттеулерде кездеспеген. ХV-XVI ғасырларға тән нысан күйдірілген кірпіштен қаланған екен. Алайда сан жыл бойы құм жасырған кесененің күмбезі қирап қалған. Ал жабық дәлізі сол қалпында сақталыпты.

«Мұндай кесенелер Сарайшық қаласында бұрын да табылған еді. Бірақ қатты бүлінгені анықталған болатын. Бұл кесененің дромосы толық сақталып қалған. Әзірге алдын ала болжам бойынша мұнда мәртебелі адам жерленген болуы мүмкін», дейді археолог Амангелді Заинов.

Оның айтуынша, есігі оңтүстік шығысқа қараған дромостың ұзын­дығы – 170, биіктігі 60 сантиметр. Әзірге дәліз жартылай қазылған.

«Қазба жұмысы үш бөлікке бөліп жүргізілді. Дәлізге жалғасқан көлемді қабірдің қабырғасы табылды. Анықталған қабырғаның ұзындығы – 6, биіктігі – 1 метр, қалыңдығы 55 сантиметр.

«Бұл кесенені салуға сары және қызыл кірпіш пайдаланылған. Сары кірпіш – Алтын орда дәуірінің ескі кірпіші, ал қызыл кірпіш құрылыс салынарда күйдіріліп жасалғаны анық. Бұл – Сарайшықтағы ең сирек кездесетін нысан», дейді архео­логиялық қазбаға қатысқан студент Ерасыл Өмірбек.

Дромостың оңтүстік бөлігінде шаруашылық бөлме болғаны анық­талған. Қазба кезінде қыш құмы­ралар мен түрлі бұйым, ортағасырдағы сәндік жапсырмалар, мыс тиындар табылды. Ортағасырлық қаладағы қазба жұмысына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 19 студенті атсалысты. Енді алдағы уақытта археологиялық нысанды зерттеуді жалғастыру көзделіп отыр.

Атырау облысы