Экономика • 04 Шілде, 2024

Салаға арналған сан алуан өнім

72 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тек тігін өндірісімен айналысатын «Astana Ютария LTD» серіктестігі елорда маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан. Аумағы 2 гектар жерді алып жатқан компания көбіне-көп арнайы қызмет түрлеріне арналған киім тігеді. Жоба құны – 2,2 млрд теңге. Компания бір жылда әр мамандыққа арналған 200 мың дана киім өндіруге қауқарлы.

Салаға арналған сан алуан өнім

Кәсіпорын 2015 жылдың желтоқ­санында «Бизнестің жол қартасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде құрылып, Индустриялық парктен жер телімін алған. 7 мың шаршы метрді алып жатқан аумақта өндірістік, қызметтік және әкімшілік бөлімдері орналасқан. Одан бөлек, ғимарат сыртында қызметкерлерге арналған жатақхана, шикізат пен дайын бұйым­дарға арналған қоймалар бар.

«Кеңсеге арналған классикалық үлгімен қатар, өндірістегі басшылық құрамның және жұмысшылардың жұмыс киімін тігеміз. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметкерлері, әскери, күзет, жол полициясы, қаржылық мониторинг агенттігінің кеңселік киімі, шахтер, мұнай-газ бен теміржол саласындағы жолсерік азаматтардың және дәнекерлеушілерге арналған арнайы топтамаларымыз бар. Бұлардың кейбірінде жаздық және қыстық үлгідегі нұсқасы қатар дайындалады. Спорттық киімдер де тапсырыс­пен тігіледі», дейді компаниядағы өндіріс бөлімінің басшысы Меруерт Қамзаханқызы.

Компания өкілдерінің айтуынша, Астана қаласы бойынша кадр тапшылығы бар. Сондықтан көп тігін жабдығының операторларын, яғни тігіншілерді өзге өңірлерден шақырады. 100 орындық жатақхана да сол үшін салынған.

«Бізде 250 адам жұмыс істесе, соның 200-ге жуығы – тігінші. Бұл бір ауысымдағы қызметкерлер ғана. Егер тапсырыс ұлғайып жатса, екі ауысымға көшуге мүмкіндігіміз жеткілікті. Ол кезде тағы да маман іздеуге тура келеді. Екіншіден, біз тендер арқылы жұмыс істеп келеміз. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен екі жыл қатарынан бірлесе жұмыс істедік. Олар біз тіккен арнайы киімді тұтынады. Биыл да осы компанияның конкурсына қатысып жатырмыз. Жалпы, ұлттық компа­ниялар жариялаған тендердің барлығынан шет қалмаймыз. Талап­тарда көрсетілгендей, өз киім үлгіле­рімізді көрсетіп, коммерциялық ұсы­ныстарымызды қоса жолдаймыз. Олар конкурс өтетін күнді белгілеген соң тәуелсіз сарапшылар өнімдерімізді жіті қарай отырып, бағалайды. Бағаға қатысты егжей-тегжей жұмыстар да қатар жүреді. Осылайша, барлық талап-тілекке сай біз тіккен өнім үлгісі жеңіске жетсе, тапсырысты орындау­шы ретінде арнайы киімді топтап дайындауға көшеміз. Кейде өте төмен баға ұсынған өзге кәсіпорындар конкурстан жеңіп кетеді. Ал біз өнімнің тігілуі, мата сапасына сенімді болған соң конкурстағы бағамен келіспей қалып жатамыз», дейді кәсіпорынның технология және әзірлеме жөніндегі директоры Гүлнар Игембаева.

Айтуынша, кейбір шикізат, яғни мата түрлері көршілес Ресейден келеді. Ал кейбір тапсырыс беруші құзырлы орындар матаға қатысты өз ұсынысын айтып, сол бойынша арнайы киім тігіледі.

«Орташа айлық 250 мың теңгеден асады. Бұл жерде ескеретін жайт бар. Ол кәсіби тігіншілердің еңбек өтілі мен санатына байланысты. Со­ған орай көлемі де артып отырады. Жұмыс жоспарын уақтылы орындау да жалақыға әсер етеді. Ком­пания басшылығы әр тоқсан сайын қызметкерлерді ынталандыру үшін сыйақы беріп тұрады. 100 орындық жатақхана барын айттық. Қала ішінен автобустар белгіленген. Сонымен қатар қызметкерлерге кешенді түскі ас және түстен кейінгі кіші ас тегін беріледі», дейді Г.Игембаева.

Кәсіпорынның басты мақсаты – отандық өнім үлесін арттыру. Сондай-ақ басшылық ел ішінен шығатын өнімге тапсырыс беру мүмкіндігіне мемлекет қолдау көрсетсе деген тілегін де жеткізді.