Медицина • 05 Шілде, 2024

Медициналық көмектің сапасын бақылайды

55 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дамыған елдерде тиімділігін көрсеткен МӘМС жүйесі бізде де жыл өткен сайын ширап келеді. Саланы қаржыландыру көлемі ұлғайып, есесіне бұрын ақылы болған медициналық қызметтердің көбі сақтандыру есебінен төлене бастады.

Медициналық көмектің  сапасын бақылайды

Қордың қаржысына небір күрделі операциялар жасалды. Медицина мекемелері жаңа құрал-жабдықтармен толықты. Қысқасы, қорға аударған қаржы бүгін өзгені жарылқаса, ертең өзіңізге, жақындарыңызға тиюі мүмкін. Иә, медициналық көмектің сапасына келгенде көңіл толмайтын тұстар көп. Қорға қаржы аударып, сапалы қызмет алмаған тұрғындардың сыны да орынды. Сондықтан қор басшылығы медициналық көмектің сапасына қатысты қате-кемшіліктерді бақылауға, рет­теуге күш салып келеді. Мысалы, жақында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­ның басшысы Әбілқайыр Сқақов Алматыда денсаулық сақтау ардагерлерімен, сарапшылармен жүздесіп, жүйені дамыту тетіктерін талқылады.

Кездесуде басқарма төр­ағасы 2024–2025 жылдарға ар­налған қорды дамытудың перс­­пективалық жоспарын та­ныс­­тырды. Онда МӘМС тұ­рақ­­­тылығын қамтамасыз ету, ха­лықты жүйеге тарту, монито­ринг сапасын арттыру сынды мә­се­­лелер қамтылыпты. Сон­дай-ақ цифрландыру, қор­дың ашық­­тық дәрежесін көтеру сын­ды ұсы­ныстар да жоспарда бар екен.

Басқосуда дәрігерлердің жүк­темесін ескерген сала сарапшылары медицина қызмет­керлерін компьютерлік жұмыс­тан босату туралы ұсыныс ­тастады. Жеке медициналық орта­лықтар бас тартатын ауыр науқастарды қабыл­дауға мәж­­бүр болған мем­ле­кеттік аурухана­ларды қолдауды ұсынды.

Ізінше қор басшысы қала­дағы медициналық ұйым­дар­дың басшыларымен кездесті. Онда мекемелерді уақтылы қаржыландыру және бірлесіп орындаушылармен қарым-қатынас жөні талқыланды.

«Биыл алматылықтар үшін медициналық көмек көрсетуге 334,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде МӘМС бойынша – 159,6 млрд теңге, ТМККК шеңберін­де 175,1 млрд теңге қарал­ды. Жыл басынан бері төлем үде­ріс­терін автоматтандыру бо­йынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстарды және халыққа үздіксіз медициналық көмек көрсету қажеттігін ескере отырып, біз аванстауды жылдық бюджеттің 30%-дан 70%-ға дейін арттыру жөнінде бұрын-соңды болмаған шешім қабылдадық», деді кездесуде Ә.Сқақов.

Осыдан соң ол медициналық мекемелердің басшыларына қорда биыл наурыздан бастап ауқымды деректерді жедел тал­дау және басқарушылық ше­шімдерді тиімді қабылдау үшін құрылған Ситуация­лық-талдамалық орта­лықтың жұмысын көрсетті. Онда 18 дерек­­қордың 500-ге жуық көр­сеткіші мыңнан аса дашбордта – шарттар, қызметтер, мониторинг қорытындылары мен шағым­дар саны, халықтың үлесі және МӘМС жүйесімен қамту деңгейі туралы және басқа да ақпарат қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, Ситуациялық-талда­малық орталықтың жұмы­сын қар­жыландыру кезең­дері ашық­­тықты қамтамасыз етуге, тиім­ді басқару шешімдерін қа­был­­дауға мүмкіндік береді екен.

Кездесу барысында Ә.Сқақов денсаулық сақтау жүйесі­нің қатысушылары арасында сын­дарлы және тығыз диалог орна­ту­дың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды. Ол көп ке­шік­пей №5 қалалық клини­ка­лық ауруханаға барып, меди­ци­на­лық ұйымдағы менеджмент мәсе­ле­леріне, пациент­терді қол­дау қыз­меттерінің жұ­мысына және пациент­термен кері байланыс жайына ерекше назар аудар­ды. Сондай-ақ қор басшысы қор­дың орта­лық аппаратының қыз­мет­кер­­леріне жергілікті жер­лердегі ахуалмен танысу үшін «Достар Мед» көпсалалы меди­ци­налық орталығына баруды тапсырды.

«МӘМС жүйесіне қатысатын жеке клиникалар пациент ал­дын­дағы жауапкершілікті се­зінуге тиіс. Ол үшін меди­циналық қызметтің сапасы мен қолжетімдігіне баса мән беру қажет. Сол кезде пациенттер медициналық қызметтің сапасына жақсы баға береді. Егер шағымдар болмаса, отандастарымыз көрсетілген қызметтерге қанағаттанса, қор тарапынан медициналық ұйымдарға да мәселе болмайтынын түсі­ну қажет», деді Ә.Сқақов меди­ци­налық мекеме басшыларына.

Бүгінде Алматыда қормен 215 медициналық ұйым жұмыс істесе, оның 124-і жекеменшік екен. Жоғарыда айтқандай, қор басшылығына тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға байланысты медициналық мекемелерге де салмақ түсіп отыр. Ал медициналық көмектің сапасы мамандарды қолдау тетіктері арқылы жүйеленеді. Мұны жақсы білетін қор басшылығы жуықта елдің басқа өңірлерін шарлап, медициналық көмек сапасын бақылауға ниетті.