Руханият • 06 Шілде, 2024

Тасжарған

267 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тоқсан жетінің көктемі жеті­сулықтардың төбесіне жай түс­іргендей жайсыз жаңалығымен келді. Талдықорған облысы тарап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетті. Жан-жағымызды жайлаған жұмыссыздық жүйкемізді жұқар­тып-ақ жіберді. Жарты жылдай үйде жатып, жамбасымыз тесілуге айналған соң жалақы тауып, жан бағудың жолдарын іздеп әбден әлекке түстік.

Тасжарған

Адал достың алқауы

Тура сол тұста астанамыз Ала­­таудың баурайынан Арқа тө­сіне көшіп, еліміз абыр-сабыр бо­лып жатқан еді. Жаңа орданы жарнамалаған үздіксіз үгіт-насихаттың әсері ме, әйтеуір ұлы көштің ұзын ахауы ептеп еліктіре бастады. Оның үсті­не, мұнда үміт отын үрлейтін­дей үп еткен жел байқалмай­ды. Бала-шағаны асырау күн­нен-күнге қиындап барады. Содан «Егемен Қазақстан­­­­­ның» Ақмо­ладағы тілшілер қосын­­­­ы­ның тіз­­­гінін ұстап тұрған курс­та­сым Мұратбек Тоқтағазинге ­те­­ле­­­фон соғайын. Есендік сұ­рар-­сұ­­рамастан еңіреп қоя бер­ге­­нім есте: «Бірдеңе қылма­саң, қина­­лып біттік. Көмегің ке­рек. Кер­гі­мей кез келген қызмет­ке келе­­мін», дедім қандай ұсыныс­тан да бас тартпайтынымды біл­діріп.

– Жарайды. Маған сәл-пәл мұр­сат бер. Қазірден бас­тап қа­растырамын. Бұйырса, бірдеңесі болар, – деді ол менің көңілімді демеп.

Араға апта салып жаңа астанадан жағымды жаңа­лық жетті. Айтуына қарағанда, қалалық газет бас редакторы­ның орынбасары болатын сияқты­мын. Енді кешікпей елордаға жетуім керек екен. Сөйттік. Ала қабымызды арқалап, темір­жол вокзалына түс­кенімізде, бел­гілі журналист Сейфолла Шайынғазы екеуі арса­лаңдап алдымнан шықты. Солайша ойламаған жерден аста­на­лық атандық. Оған да міне, ши­рек ғасырдан асыпты. Атақты Шота Руставели айтқандай, «уақыттың да аялдауға уақыты жоқ».

Елорда эпопеясын жазысып жатқан азаматтар арасында кеңбайтақ Қазақстанның әр өңірінің өкілдері бар. Олардың бірі мұнда жоғары биліктің ша­қыруымен, екіншілері қыз­мет бабымен, үшіншілері тағы бір себептермен ат басын бұр­ғаны белгілі. Ал мен Алла сәтін салып, Мұратбектей адал досым­ның алқауымен Астана төрінен табылғанымды айтпасам аза­мат­тық арыма сын.

Болар баланың болмысы

Аталарымыз тауып айтқан. «Болар бала...» кішкентайынан-ақ кісіліктің белгісін береді. Тарғыл тасы тұнған тарих Тарбағатай тауының етегінде, талай ақын тамсана жыр арнаған Аягөз өзенінің жағасында туып-өскен өреннің өмірден өзгеше өрнек іздемеуі мүмкін емес секілді көрінеді кейде. Ауылындағы арғы-бергі замандардың шежіресін ағыл-тегіл шертетін абыз қариялардың, өз әкесі Балқыбек пен анасы Бәтиманың әредік айтатын әсерлі әңгімелері құйма құлақ қара баланы қаршадайынан есті сөзге үйір етті. Санасына сәуле түсі­ріп, ой-өрісін кеңейтті. Жас жүре­гін тебірентіп, телегей қиялын тербеді.

Жетінші сыныпта оқып жүр­генде ойдан өлең құрап, оны­сын қысыла-қымтырыла көрші­нің көрікті қызы Айтжамалға көр­сетсін. Сол-ақ екен, анау жатып кеп жабыссын. «Ойбай, мынауың керемет екен. Маған бере тұршы, үйге апарып көшіріп алайын». Берейін десе, «іштен шыққан шұбар жыланын» қимайды. Бермейін десе, қылымсыған қу қыздың көңілін қимайды. Ақыры қинала-қинала алтынға айырбастамас жазбасын алдырып тынды.

Аулада асық атқан алаң­сыз күндердің бірінде ауылдастары аяқ астынан шу ете қалды. Республикалық «Қазақстан пио­нері» газетінде Мұратбектің «Күн суреті» дейтін алты шумақ өлеңі басылыпты. Алқалаған әлеу­мет атағын аспанға көтерді. Ауыл­дың бас ақыны Қыдырмолда ағай арқасынан қағып, сәт сапар тіледі. Мұғалімдері мақтап, жер-көкке сыйғызбады. Бұл оның баспасөзде жарияланған тұңғыш туындысы-тұғын. Айтпақшы, бұл қуаныштың себепкері әлгі Айтжамал болып шықты. Қоярда қоймай қолқалап алған кластасының өлеңін хатпен Алматыға жолдап жіберіпті.

Талаптың тайын ерттеп мін­ген Тоқтағазин мұнымен тоқ­тамай, арындап алға тартты. Ал­дымен Аягөз аудандық «Алға», облыстық «Семей таңы» газет­терін «бомбылай» бастады. Бара-бара қысқа хабар-ошарды қойып, көлемді дүниелерге көшті. Тіпті кеңсесіне «бір шаруамен» келген жас тілшіні қабылдамай месе­лін қайтарған совхоз дирек­торына «жыны» ұстап сын мақала жазды. «Ақпандағы ақ қозылар» ат­ты репортажының аяқ жағында шаруашылықтағы кейбір шала­ғайлықтардың кесірінен келең­сіздіктерге жол берілгенін нақ­ты мысалдармен дәлелдеп берді. Қызық болғанда, мақаладағы кем­шіліктер аупартком бюросында қаралып, кеңшар басшысына ескерту жасалған.

Бағы жанған бала тілші осылайша ойқастап, сиқырлы қа­лам құдіретіне қалай арбалғанын білмей қалды.

Журналистикаға жетелеген жол Орыс тілінен оқыста төрт алып қалмағанда орта мектепті алтын медальмен бітіре жазда­ған Тарбағатайдың тастүлегі кәмелеттік аттестат қолына тиі­сімен Алматыға тартты. Жү­регі қалаған ҚазМУ-дің журфагына құжат тапсырды. Жүз мақала жапсырылған бес альбомды емтихан комиссиясының алдына тарс еткізіп тастай салғанда, талайды көрген тарланбоз декан Темірбек Қожакеевтің өзі таңдай қағып, таңданысын жа­сыра алмады. Әдеттегідей әнтек шалқайып отырды да әзіл­ге шаптыра бір шаншып өтті. «Әй, Тоқтағазин, саған оқудың қажеті не? Мына бай­лығың­ды малданып, бір­ден «Лениншіл жасқа» жұмысқа қабылдан­саң да қарсы емеспіз» демесі бар ма, кеңк-кеңк күліп.

Ауыз­ша, жазбаша емтихандардың ешқайсысынан сүрінбеді. Тек тарихтан тапсырғанда тасыраңдаған апайдың үш қойып жібергісі келгені болмаса. Оған көне­тін оғлан бұл ма. Айғайға аттан қо­сып емтихан алу жөніндегі ап­елляциялық комиссияның төр­ағасы профессор Уахит Шалекеновтің алдына барды. Баяғы Баласағұн қаласын қазақ жерінен тауып, қырғыз ғалымдарымен айтысып-тартысып жүрген белгілі тарихшының бетіне тайсалмай қарап, «Әгәрәки, әділеттің көзі ағып кетпесе, бұл пәннен сү­рінетін жөнім жоқ. Нанбасаңыз, кез келген сұрақты қойыңыз. Дайындалмастан жа­уап беруге әзірмін» деді алқымына тірелген ашуын әзер басып. Бота тірсек боз­баланың бойындағы бұлқынған бұла күшке риза болды ма, кім білсін, төраға төтенше шешім қабыл­дап, албырт абитуриенттің сынақ кітапшасына кідірместен бес қойып берді.

Бірінші курста-ақ балағы­ның биті барын байқатқан Мұрат­бек Тоқтағазин басқалардай көткен­шектемей Көкбазар тү­бін­дегі көпқабатты ғимарат­та орна­ласқан бар­лық басы­лым­мен байланыс орнатты. Екі күннің бірін­де мақаласы шы­ғады. «Лениншіл жас», «Же­тісу», «Социалистік Қа­зақ­стан­дағы» атағынан ат үрке­тін аға­лары­мыздан тапсырма алып, оны тап-тұйнақтай орындайды. Қалам­ақымен қалтасын қам­питып, киімнің сәндісін киіп, тамақтың дәмдісін ішеді. Редакцияларға өзі ғана бармай, жазуға бейімі бар қыз-жігіттерді ерте кетеді. Сойы бөлек сол саң­лақтардың бірі, қазіргі қазақ жур­налистикасының хас жүйрігі Бауыржан Омарұлы осы еңбегін ескеріп, оған әлі күнге дейін рахметін жаудырумен келеді.

Белеске көтерген белсенділік

Кейіпкеріміздің қалам қуаты өз алдына, қоғамдық белсенді қа­рекетшілдігі де жолындағысын жапырардай жойқын болатын. Еті тірі елгезектігі арқасында факультет комсомол комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Қа­ламнан қолы қалт еткенде, клас­сиктердің кітабын кеміреді. Кітапханада сарылып сабаққа да­йындалады. Соның арқасында айналасынан ат оздырып, ГДР-дегі халықаралық студенттер ла­геріне барып қайтты. Атал­ған елдің біраз қаласын аралап, жолсапар очерктерін жазды. Әсі­ресе, Берлиннің әйгілі Треп­тов паркіндегі жеңімпаз кеңес әскеріне орнатылған әйдік ес­керткіш туралы «Миллиондар жү­регіндегі монумент» дейтін ой-толғауы оқырман айызын қандырғанын атап өткеніміз абзал. Өйткені жаһанға жайылған монументтегі кішкентай неміс қызын құшақтап тұрған апайтөс Азаттық жауынгерінің айшық­ты бейнесін майталман мүсінші Евгений Вучетич, атбасарлық орыс Иван Одарченконың түр-тұлғасына қарап сомдағанын біреу білсе, біреу білмейтін.

Айтпақшы, сол сапарынан досымыз біраз сурет әкелген. Солардың ішіндегі біреуі бізді еріксіз елең еткізді. Әлдебір музейдің фашизмді айыптайтын мүйісінде түсірілсе керек. Сабазың саспастан Екінші Рейх­тің ерекше белгісіндей свастика бейнеленген тудың жанын­да тұр жымиып. Қайсысымыз еке­­ні есімде жоқ, әйтеуір бі­ре­уіміздің «Әй, әпенде, ақыр бас жаққа барысқан екенсің, кәрі неміс солдатымен түспедің бе?» деп әзілдегеніміз бар.

Балқыбекұлының бұдан басқа да қы­зықтары баршылық. Бірақ оның бәрін жазуды газет беті көтермейді.

Ақмола үшін айқас

Адамның айтқаны бола бер­мейтіні рас. Алланың арнауы біледі. Әйтпесе, университетті тауысқан соң Тоқтағазиннің «СҚ»-ның сықиған қызметкері болатынына ешқайсымыз күмән келтірмейтінбіз. Соңғы курста бос уақытының бәрін Балға­бек Қыдырбекұлы басқаратын ұла­ғат ұясында өткізетін. Штатта болмаса да екі-үш рет іссапарға шықты. Кейде өз еркімен түнгі кезекшілікке де барып қайтады. Енді диплом алып, редакцияның киелі табалдырығынан ресми түрде аттау ғана қалған еді.

Бірақ бұл сценарий күт­пеген жерден күрт бұзылды. Целиноград облыстық «Ком­мунизм нұры» газеті редак­торының бірінші орынбасары Жомарт Әбдіхалықов қа­сына «Білім және еңбек» журна­лы­ның бас редакторы әрі ескі досы Ақселеу Сейдімбе­ков­ті ауди­ториямызға ертіп келді де арманы асқақ, мұраты биік Мұрат­бекті алған бетінен айнытып, қа­лай көндіргенін қайдам, мұрнын тескен тайлақтай жетектеп тың өлкесіне алып кетті.

Тағдырының тартуы болар, қасиетті Қараөткел топырағы бұған майдай жақты. Пәлендей қиналмай пәтерге қол жеткізді. Кешікпей мектепте бірге оқыған сүйген қызы Мәдениетпен бас қосты. Алтын асықтай үш ұлы дүниеге келді. Шығармашы­лық қабілеті шыңдалып, журналис­тік шеберлігі артты. Жалында­ған жас талантты мойындаған­дары болар, әріптестері қызу қол­дап, оны қалалық Кеңестің депутат­ты­ғы­на ұсынды. Баламалы сайлау­да басымдық танытты. Обалы не­шік, халық қалаулысының ман­даты жүктеген міндетті мінсіз атқа­руға тырысты.

Қоғамда жариялылық жалауы желбіреп, демократиялық өзгерістер дендей бастаған кезде «СҚ»-ға редактор болған Шер­хан Мұртаза жанына жаңа­шыл ­жастарды жинады. Сәті түсіп ­­­24 жастағы Мұратбек Тоқтағазин ­де соны өзгерістер әкелер сол топтан табылды. «Егеменнің» Есіл жұрттағы елшісі атанып, өңір­дің өзекті мәселелерін қаламымен қаузады.

Тыным таппай тындырған іргелі істердің ең ірісі қаланың қазақша атауын қайтару бол­ғаны даусыз. Депутат ретінде ұлт ұпайын түгендеуге аянбай атсалысты. Ат төбеліндей ғана қара көз азаматтар өздерінен әлдеқай­да көп өзге ұлт өкілдеріне дес бермеді. Өйтіп-бүйтіп оларды дегендеріне көндірді. Мүкең айналасындағы ұлтжанды азаматтармен ақылдаса келе, асығыс түрде Ресейге аттанды. Онда қы­зық қуып, қыдырып барған жоқ, әрине. Горькийді аттан ­ауда­­рып тастап байырғы ­Ниж­­ний Новгород атауын қайта иелен­ген шаһар әкімдігінің тәжіри­бесін зерттеп, үйренетін үрдіс­терді целиноградтық әріп­тестері­нің қаперіне салды.

Мұратбек мұнымен шектелмей, негізгі қызметінің нығ­меттерін де молынан пайдаланды. Шері мінезді Шерағаң да тілшісінің жаз­ғандарына шектеу қоймай, елді елеңдеткен атышулы «Ақмола үшін айқас» айдарымен сериялық мақалаларды үзбей жариялап, жоғары жақтың назарын аудар­ды. Ұзын сөздің қысқасы, ойдағы мақсат орындалып, тарихи әді­леттілік орнап, Ақмола атауы қайта оралды.

Осы орайда айта кеткен абзал, Ақмолаға байланысты біздің курс мақтан ететін екі нәрсе бар. Өйткені Ақмолаға астананы көшіру туралы идеяны алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде көтерген Досымхан Қапасов та, Целиноградтың алас­талып, Ақмоланың салтанат құруына қомақты үлес қосқан Мұратбек Тоқтағазин де бізбен бір­ге оқыған. Ең ғажабы екеуі де Аягөз ауданының тумасы.

Құрметке лайық қаламгер

Қаламгер, қайраткер Мұрат­бек Тоқтағазин ілгеріде өзі ре­дак­­цияларға ілестіріп апар­ған курстасы, бүгінде академик Бауыржан Омарұлының ғы­­­лы­ми жетекшілігімен «Әзіл­хан Нұр­шайықов шығар­ма­шы­­­лығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» тақыры­бын­­да кандидаттық диссерта­ция қор­ғады. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық уни­вер­ситетінде бола­шақ журналис­терге дәріс оқитын ұстаз. Әйгілі Әзағаңды әспеттеген ға­лым ре­тінде бірсыпыра шаруа­ның басын қайырғаны барша­ға аян. Біз оның бәрін баяндау­ды ар­­тық санадық. Бұл жөнін­дегі әңгі­­­ме­ні басқа әріптестеріміздің екін­шісіне қалдырып, өзіміз біле­­тін қырлары төңірегінде ғана тол­ғағанды жөн көрдік.

Жуырда ұзақ жылғы же­місті журналистік жұмыстары үшін «Құрмет» орденімен ма­рапатталған Мұратбектің Тар­ба­ға­тайдың қатал табиғатына төтеп беретіндей өршілдікпен өсіп-өнген тасжарғандай алдағы мақ­сатына жету жолындағы түрлі қиындықтан тайсалмай, алда да талай асулардан асатынына сеніміміз мол.