18 Маусым, 2010

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ АХУАЛҒА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Германия Федеративтік Республикасының Вице-канцлері – Сыртқы істер министрі Гидо Вестервеллемен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі. Әңгімелесуші тараптар Қырғыз­станның оңтүстігіндегі жағдайды және осы елдің Уақытша үкіметіне көмек көрсету үшін ЕҚЫҰ аясында қолға алынған шараларды талқы­ла­ды. Қырғызстанда сақталып отыр­ған тұрақсыздыққа және елдің басқа өңірлеріне тәртіпсіздіктің таралу қаупіне терең алаңдаушылық біл­дір­ген сұхбаттастар халықаралық қо­ғам­дастық тарапынан дәйекті де мақсатты көмек көрсету қажеттігін атап көрсетті. Атап айтқанда, Қыр­ғыз­стандағы ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО-ның арнаулы өкілдері әзірлеген іс-әрекеттің аралық жоспарын толық, тиімді де дер уақытында іске асыру маңызды болмақ, онда жедел көмек көрсету үшін төрт басым сала анық­талған: қоғамдық қауіпсіздік; гума­ни­тарлық көмек; өңірлік қауіп­сіз­дік; қақтығыстан кейінгі қалпына келтіру және бітістіру. Сұхбаттастар жәр­демдесуді әлдеқайда тиімді үй­лестіру мақсатында Қырғызстан­дағы ахуал бойынша жүйелі кон­суль­тациялар жүргізіп тұруға келісті. Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары бұдан кейін алдағы 16-17 шілдеде Алматыда болатын ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми Ке­ңесіне әзірлік барысын талқылады, Г.Вестервелленің Кеңеске қатыса­тын­дығы бұрын қуатталған бо­ла­тын. Бұл шара ЕҚЫҰ кеңістігінде үнқатысу мен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды қадам болуы тиістілігі атап көрсетілді. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары серпінділігін атап өткен сұхбаттастар алдағы шілдеде Аста­на­да болатын Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Канцлер Ангела Меркельдің келіссөздері Қазақстан-Германия қатынастарын стратегия­лық әріптестік деңгейіне шығара­тынына сенім білдірді. Қазіргі кезде Германияның Қа­зақ­стандағы жылы өтіп жатқаны бел­гілі, ол экономикалық және мәде­ни өмірдегі көптеген оқиғалармен бел­гілі болып отыр. Бұл ретте 2010 жыл­дың қаңтар-сәуірінде екіжақты сауда кө­лемі өткен жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыстырғанда 72 пайызға өскен.