18 Маусым, 2010

ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРЖЫҒА КІМ ЖАУАПТЫ?

545 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
СЕНАТОРЛАР ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУҒА ТЫРЫСТЫ Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палата пленарлық отырысының күн тәртібінде жиырма мәселе қаралды. Соның ішінде Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері депутаттардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қаржы министрі Болат Жә­мі­шев өз баяндамасында өткен жылы Президент тапсыр­ма­лары­ның жүзеге асырылғанына ерек­ше тоқталып өтті. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 98,2 пай­ызға орындалған. Министр сырт­қы қарыз ішкі жалпы өнімнің 60 пайызынан аспауы керек болса, еліміздегі бұл көрсеткіш 10 пайыз­ды құрады деді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисен­ғали Тәжияқов банк депозиттері әлдеқайда өсіп, 16,4 триллион тең­ге­ге жеткендігін алға тартты. Ин­фляция өткен жылы 6,9 пайызды құрап, оның арғы жылымен са­лыстырғанда біршама төмендеген екен. Мәселен, өткен жылы ин­фляция Ресейде – 10, Белорус­сияда – 10,1, Украинада 13,3 пайыз болыпты. Сондай-ақ өткен жылы еліміздің халықаралық резерві 7, 9 миллиард долларға өсіп, инвестициялық табыс 1,5 миллиард долларды құрапты. Шет­елдік инвестиция 12,6 мил­лиард доллар болса, сыртқы қа­рыз 4 миллиардқа өсіп, 111,7 миллиард АҚШ долларына жет­кен. Ал банктердің сыртқы бе­решегі 9,1 миллиардқа кеміп, қа­зір­гісі 30 миллиард доллар көле­мінде қалыптасыпты. Мемлекет­тік қарыз 3,5 миллиард долларға жеткен. Әйтсе де бұл көрсеткіштер се­наторлар көңілінен шыға қойған жоқ. Өткен жылы игерілмей қалған 60 миллиард теңге мен дағдарысқа қарсы жұмсалуы тиіс қаржылардың депозиттерде сақталуы сын тезіне алынды. Ғани Қасымов 237 индустрия­лық-инновациялық жобалардың көбісі бұрынғы кәсіпорындарды қайта жаңғыртумен және цехтар салумен ғана шектелгеніне қын­жы­лыс білдірді. Екінші деңгей­дегі банктерге салынған қаржы­лар қашан қайтарылады, деді се­натор сұрақты төтесінен қойып. Қорғаныстық тапсырыстардың отандық кәсіпорындар тарапы­нан жасалмайтындығына көңіл толмайтынын білдірген Қуаныш Сұлтанов кеңестік дәуірде әскери өнімдер шығарған 51 кәсіпорын­ның қазір керексіз болып қал­ған­дығын айтты. Мемлекет инвести­ция­лық қорлардан қомақты инвес­тиция жоғалтып отырғандығын ашына жеткізген Иран Әміров лауазым иелері елдің алдында жау­ап беру­ден қалған деген тұжыры­мын жет­кізді. Осы ретте Сенат де­путаттары бюджет әкімшілерін жауапкершілікке тарту мәселесі шешімін таппай келе жатқанына назар аудартты. Осылайша де­пу­тат­тар ескертпелері мен ұсы­ныстары назарға алына отырып, қосымша баяндама әзірленетін болып шешілді. Ол Парламент палаталарының бірлескен отыры­сында баяндалмақ. Депутаттарды қызықтырған тағы бір заң жобасы “Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне “Электронды үкіметті” дамыту мәселелері бой­ын­ша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы” деп аталады. Ақпараттық жүйелерді қолдану­мен электронды қалыпта мем­ле­кеттік қызметтер көрсетуді заң­дастыратын заң жобасы бойынша баяндаманы Байланыс және ақ­парат министрі Асқар Жұмағалиев жасады. Министр ұсынылатын өзгерістер азаматтарға ақпараттық коммуникациялық технология­лар­ды қолданумен өз құқықтарын жүзеге асыруға және заңмен қор­ғалатын мүдделерін қорғауға аз уақыт пен қаржы жұмсауға мүм­кіндік беретініне ерекше тоқтал­ды. Мысалы, азаматтар мен кә­сіп­керлер мемлекеттік қызметтер мен лицензия алар кезде мем­лекеттік электронды ресурстарда бар мәліметтерді растайтын но­тариуспен бекітілген құжаттардың көшірмелерін ала алады. Элек­тронды құжаттарды сот өнді­рісінде, нотариалдық қызметте және лицензиялауда жүзеге асыруға да мүмкіндік бар. Өтініш­ті сандық қолтаңбамен бекітілген электронды құжат түрінде беруге де мүмкіндік ашылып отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе Сенат заң жобасын қа­былдады. Бұдан кейін сенаторлар Кеден одағына қатысты үш заңдық құ­жат бойынша және өзге де заң жобалары жөнінде тиісті ше­шімдер қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.