Әдебиет • 20 Шілде, 2024

Пушкин Құранды жетік білген

204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай мен Пушкин... Біз екі халықтың рухани үндес ұлы тұлғаларын әрқашан қатар айтамыз. Оған себеп те көп. Өз ұлтының аспанынан әлдеқайда биікке ұшқан ақындардың ой деңгейі барша адамзатқа ортақ ғаламшарлық нүктеде түйіседі. Жырлары да, кейіпкерлері де туған топырағына байланбаған – еркін. Осы уақытқа дейін Пушкиннің талант құдіреті жайлы мың-сан мадақ сөз айтылған болар. Бірақ Аполлон Григорьевтен асырып айтқан ешкім жоқ: «Пушкин – біздің барымыз».

Пушкин Құранды жетік білген

Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толып отыр. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­батында: «Бұл мерейтой – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені Пушкин – хакім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының бас­ты символының бірі», деп атап өткен еді. Осы орайда бүгінгі мақаламызға өзек болып отырған атаулы оқиғаның өткен бір тарихы еске түсіп отыр.

Сонау 2006 жылы Ресейде Абай жылы, елімізде Пушкин жылы болып аталып өтіп еді. Ұлт ұстынына айналған тау-тұлғалардың әдеби мұрасы екі жақта да барынша насихатталып, түрлі үлкенді-кішілі іс-шаралар өткізілді. Сол жылы филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың «Вер бана ат» атты әдеби ең­бегі жарық көргені де есте. Пушкинтану парақтарына ар­налған толғамды кітапта жаһан жырының жұлдызы деп орынды ардақталатын ұлы ақын мұ­расына қатысты танымды да тағылымды жайлармен те­реңінен танысып едік. Айта кетейік, қаламгердің пушкинтану тақырыбындағы зерттеулері кезінде Президент сыйлығымен аталып өткен болатын.

Дәл осы еңбекте қаламгердің қазақ әдебиеттануының тәуел­сіздік жылдарындағы сүбелі табысына баланған «Құран және Пушкин» атты зерттеу мақаласын да алғаш рет оқыдық (одан бұрын «Егемен Қазақстан», Қалтай Мұ­хамеджановтың алғысөзімен «Түр­кістан» газеттерінде жа­рияланған). Аталған мақала күні кеше ғана Ресейдің ең бе­делді «Литературная газета» ба­сылымының 17 маусымдағы санында жарық көрді. Ақынның биылғы мерейтойы аясында қос елдің мәдени-әдеби бай­ланы­сының берік көрінісін кезекті рет айғақтаған зерттеу еңбек Мәскеудің қақ ортасынан басылып шығып жатқаны – атау­лы оқиға. Әлқисса.

Автор бұл мақалада Пушкин жырындағы діни сарындар туралы ой толғау арқылы ақын шы­ғармашылығының шынайы халықтық сипатын, оның жы­рының мұсылман әлеміндегі ұлт­тардың жүрегіне де етене жа­қын болып келетінінің түпкі сырын ашуды мақсат етеді. Нақ­тылай айтсақ, ақынның әйгілі «Пай­ғамбар» өлеңін мұсыл­ман қауымының ардақты Пайғам­ба­рына арналғанын түрлі дәлел-дәйекпен жіліктеп талдайды.

«Пушкин Құранның эсте­тикалық құндылығын ерекше бағалаған болатын. Ең әуелі Ми­хайловскіде, қиналып жүрген ша­ғында оқып: «В пещере тайной, в день гоненья,/ Читал я сладостный Коран» деп жазғаны көп жайды аңғартады. «Балшырын» деген сияқты сөзді Пушкин оңай жерге қимаған. Және ол мұны барынша сезініп, барынша түйсініп барып айтқан. Пушкиннің Құранды соншалықты жетік біл­гені қайран қалдырады. Маман­дардың ай­туын­ша, ақын­ның осы тақырыптағы жырларында қасиетті кітаптағы 114 сүренің кем дегенде 33-інің сарындары қамтылған екен», дейді автор.

Айта кетейік, Сағынғали Сейітов «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты кітабында осы өлеңді кезінде 19 жастағы Қошке Кемеңгерұлы аудар­ғанын да айтады. «Пай­ғамбардың» қазақшасы алғаш рет «Айқап» журналының 1915 жылғы төртінші санында жа­рияланған екен. Мұны да Сауытбек Абдрахмановтың зерттеуінен біліп отырмыз.

Пушкиннің әйдік шығар­масының әр тамырына үңіліп, жан тереңіне бойлап, арғы-бергі тарихпен байланысын сөзбе-сөз келтіріп, философиялық сарынмен толғаған сүйекті мақаланы орыс баспасөзі еркін жариялап, орыс қоғамына кең таралып жатқаны, әрине, қуантады. Осыдан соң көп оқырман орыстың бас ақынының бір өлеңін сан түрлі қырынан танып жатқаны да сөзсіз, кей тұжырымдарға көз жеткізуі де кәміл. Түгел түркі жұрты үшін де аталған зерттеу ма­қа­ланың маңызы ерек. Жалпы, қазақ авторларының әлемдік газет-журналдарда жиі көрінуі – ұлт зиялыларының қалам қуатын айқындайтыны хақ.

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 3 су арнасы жөндеуден өтеді

Аймақтар • 04 Қазан, 2024

Нарықта мұнай бағасы шарықтады

Экономика • 04 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

Референдум 2024 • 04 Қазан, 2024

Терраса тақтасы

Ғылым • 04 Қазан, 2024