19 Маусым, 2010

МЕТАЛЛУРГТЕР ЖАҢА ҮЙ МЕН БАЛАБАҚША СЫЙЛАДЫ

410 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ал алып  зауытқа жақын орналасқан қаламыздың жаңа ауданы атына заты сай болып, мүмкін, алдағы жылдары “Қазақстан-2030” деп те аталар... ENRC корпорациясының құрамына енетін облыс ор­та­лы­ғындағы “Қазақстан Алюми­нийі” акционерлік қоғамының  жұ­мысшылары мен қызметкер­ле­рі үшін бұдан артық қандай қуаныш болсын. Зауыт бас­шы­лы­ғы Елбасының биылғы Жол­дауында айтылған мектеп жа­сы­на дейінгі бөбектерді оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” бағдарламасын осылай орындай бастады. Өндіріс орнының өзі   жақын орналасқан қаладағы Во­ру­шин көшесіндегі  240 орындық балабақша құры­лы­сы  бір жыл­дың ішінде аяқталды. Металлург­тер айтқан сөздерінде тұрды. Балабақша түгелімен жаңа заман та­лаптарына сай жаб­дық­талды. Шет тілдерін  үйрету және ком­пью­терлік сауатты­лық­қа баулу, дене шынықтыру және музыка әлемі залдары сияқты арнайы  ка­бинеттер жүйесі бар. Мұнда келетін кішкентайлар орыс және қазақ тілдерінде  оқып-үйреніп, тәрбие алады. Зауыт басшысы Алмас Ибра­гимовтің ұсыны­сы­мен тек зауыт жұмысшы­лары­ның ғана емес, осы аудан кө­ле­мінде тұратын қала тұрғындары­ның  балалары  үшін де балабақ­ша есігі ашық. Ал облыс әкімі Бақытжан Са­ғын­таевтың ай­ту­ын­ша, биылғы жылдың соңына қарай  өңірде 19 балабақша қайтадан қалпына келтіріліп, жалпы білім беретін мектептер жанынан 83 шағын орталықтар  ашылады. Тағы бір қуа­нышты жағдай, балабақша жанынан 125 пәтерлі он қабатты  тұрғын үй пай­далануға берілді. Зауыт бас­шылығы осымен екін­ші рет өз жұмысшылары мен қыз­меткер­леріне жарқыраған, жаңа пәтерлер сыйлап отыр. Алып корпорация қабылдаған 2023 жылға дейінгі әлеуметтік бағдарламалар аясында бала­бақ­шалар, тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық ны­сандар салу жүйесі жоспар­ла­ныпты. Бұл мақсатқа  жалпы құны 45 мил­лион АҚШ долларын жұмсау қарастырылған көрінеді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. _______________ СЕМЕЙЛІК ПОШТАШЫЛАР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ Әдетте пошта қызметкерлері­нің атына сын көп айтылып жа­татыны рас. Өйткені, басылым бағалары жыл сайын шарықтап, соған қарамастан оның оқырман қолына кеш тиіп жататыны да, қайсыбір хат-хабарлардың қолды болып кететіні де өтірік емес. “Қазпочта” акционерлік қо­ғамына қарасты Семей қалалық байланыс торабының ұжымына мұндай өкпе-реніштің қатысы жоқ па дейміз. Бұл ұжымға рес­публикамыздың құрметті байла­ныс­шысы, өз ісінің білгірі Ма­нар­бек Молдарахимовтің бас­шылық ете бастағанына ондаған жылдың жүзі болды. Көршілес екі облыс біріктірілгеннен бергі жерде де бірқатар қала, аудан, сондай-ақ ауылдық округтер аталған байланыс торабының қызметін пайдалануда. Солар­дың бәріне күнделікті басы­лым­дар мен хат-хабарлар уақытында жеткізілуде. Мұның сыртында бұлар өздеріне қарасты учас­ке­лердегі зейнеткерлерге зейнет­ақы­сын да ешқандай дау-дамай­сыз дер кезінде жеткізіп беріп келеді. Сондай-ақ, қайсыбір елді мекендерде бұрын жабылып қал­ған пошта үйлері қайтадан ашы­ла бастады, яки олар жаңадан тұрғызылуда. Осы орайда, Семей қалалық пошта торабына өз тарапы­мыз­дан айтар алғысымыз да жоқ емес. Өйткені, оған қарасты елді мекендерде ел газеті “Егемен­нің” таралымы жыл өткен сайын арта түсіп келе жатса, сол жетіс­тікте аталған ұжымның да үлесі баршылық. Оның үстіне облыс орталығы Өскеменде шығып жатқан біздің басылымның сол күні мұндағы оқырманның қо­лы­на тиюіне жағдай жасап отыр­ған да осылар. Міне, соның бәрі ескеріл­гендіктен болар, жуырда бұлар өткен жылдың қорытындысымен халыққа пошта және қаржы қыз­метін көрсетудегі үздік көр­сет­кіштерімен облыс бойынша жеңімпаз атанып, Гран-при жүл­десін иеленді. “Халыққа қызмет көрсету ісін алдағы уақытта да жақсарта түсу – біздің басты міндетіміз”, дейді Манарбек Садықұлы. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ.