19 Маусым, 2010

МАРАДОНАНЫҢ ҰЙҚЫСЫ ТЫНЫШ, АЛ, ЛАГЕРБАКТАН МАЗА КЕТТІ

517 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
АЙЫ ОҢЫНАН ТУҒАН АРГЕНТИНА Аргентина Оңтүстік Корея фут­болшыларын 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Матч басталар алдында Оңтүс­тік Корея құрама­сының бас бапкері Ху Юн Му “Біздің сол­түстіктегі қан­дас­тары­мыз әлемнің бес дүркін чем­пионы Бразилия құра­масын сан­сы­ратып жібере жаз­дады. Арген­тина, сөз жоқ мықты. Бірақ, біз де қарап қал­мас­пыз”, деген сыңайда ой айтқан. Төрт жылда бір болатын әлем чемпионатына ешкім жеңілемін деп келмейді ғой. Айтулы Грекия құра­масын оңай илеп алған корейлер алаң­ға өліспей беріспейміз деген ниет­пен шыққаны белгілі. Бірақ... “Қыр­­сыққанда қымыран іриді” деген рас тегі. Матч бас­та­лысымен ­ар­­­­­­г­ен­­­ти­налықтар қарап тұр­мады. Мес­си бастаған сайып­қырандар Оңтүстік Корея құ­ра­масы қақпасының алдын ала шаң қылды. Майлы қа­сық­­тай жылпылдаған Месси­дің қақ­­па алдында тастаған добы Пак­тың аяғына тиіп, өз қақпа­сына сүң­гіп кетті. Шабуылшының өзі осын­дай әдемі голды соғуды армандар еді. Пактың қапталында ұмсы­нып Габриель Хайнце тұрған болатын. Оның да гол соғуға мүм­кіндігі бар еді. Әлем чемпионаты ал­дын­да бас­пасөз біткен Аргентинаның бағына біткен асыл ұл Марадонаны жерден алып, жерге салған. Қор­ғаныста жамбастап жатып алғаннан гөрі шабуылды жаны сүйетін Мара­дона бапкер алдыңғы шепке найза­сы­ның жүзі мұқалмайтын хас ба­тыр­лар Месси-Игуаин және Тевес­­ті шы­ғар­ды. Әлемнің үздік футбол­шылары­ның бірі Мессиге доп тисе екі-үш корей тұра ұмтылады. Есесі­не бар қызықты “Реалдың” ша­буыл­­­шысы Гонсало Игуаин көре­ді. Бұл шабуыл­­шы жайында әрқи­лы әңгіме айтыл­ған. “Оның бағын жан­дыр­ған Кака­ның қолмен қой­ған­дай пас­тары”, – дейді. “Дайын асқа тік қасық дейді, қажет кезде қажетті жерден табы­латын ойын­шы”, – дейді. Кім қалай айтса да Игуаин­ның ұпайы түгел. Өз шаруа­сын біледі. Әлем чемпио­натындағы алғашқы хет-трик иесі де сол. Ең үз­дік шабуыл­­шыға берілетін жүл­дені жұрт мақтаған Месси, Клозе, Торрес, Фабриано, Роналду сияқты саңлақ­тармен бәске салатын да осы Игуаин болады әлі. Ойынның 33-ші минөтінде Мес­­­си арқылы Родригестен пас ал­ған Бурдиссо доптың бағытын корей қақ­­па­сына туралаған еді. Қақпа алдында сілеусіндей сақ жүрген Игуаин бір-ақ қарғып, баспен кіргізіп жіберді. Осы голдан кейін аргентина­лықтарда азда­ған тоқ­мейілсу байқал­ды. Қарсы қақ­па­­дан әуелеп келген допты аяғы­мен қақ­шып алып, кері бұрыла берген қор­ғаушы Мартин Демикелис қап­талындағы Ли Чхун Енді байқа­май қал­ды. Бұлқынған допты алдына са­лып алып, еңіретіп қуған корей Арген­тина қақпасының торына дейін кіріп кетті. Екінші кезең Марадона шәкірт­терінің басымдылығымен өтті. Ең көп тер төккен Месси. Ең қызығын көр­ген Игуаин. Үш рет қақпа алды­нан доп алып, үшеуінде де мүлт жібермеді. Марадона кең кеудесімен еркін тыныстайды. Ширек финалдық ойын­дарға дейін оның ұйқысы қанық­, түсі тәтті... Ал Нигерия құрамасының бас бапкері Ларс Лагербактан ұйқы қашты. Мазасы жоқ. Оңтүстік Корея құрамасынан таяқ жеп, енді қалай болады деп келген Грекиядан 2:1 есебімен жеңілді. Матч басындағы жора­малда Нигерияның мықты екендігі айтылған. Ойын да солай басталды. Уге әдемі гол соқты. Алайда, олар­дың ойын өрнегін Торо­сидиспен сөзге келіп қалып, итеріп құлатқан Сани Кайтаның алаңнан қуылуы өзгертіп жіберді. Торосидис те қы­­зық. Шалғымен шапқандай құ­ла­ды. Аз-кем талып жатты. Арбитр осы спектакльге алданып қалды. Жар­­тылай қорғаушыны алаңнан қуды. Шабуылды күшейткен гректер гол салуға тырысып бақты. Капура­нис қақпаға арқасын берген күйі екпіндеп келіп қалған Салпиги­диске әдемі пас шығарып берді. Бұл грек­тердің әлем чемпиона­тын­дағы ал­ғаш­қы голы еді. Ойын бары­сында екі жақта да талай рет гол соғатын мүм­кіндіктер болды. Якубумен жұп­тасып грек қақпа­сына шабуыл жаса­ған Обасидің қателесуге еш қақысы жоқ еді. Грек қақпа­шысының қолы­нан серпілген допқа бірінші болып жеткенімен қиыс тепті. Нигериялық жанкүйерлер күйі­ніштен алып стадионды мойын­дары­на іліп кете жаздаған. Ниге­риялық қақпашы Венсан Эньеама обалы кәне, керемет қақпашы. Талай қауіп­тің алдын алды. Бірақ, аңдыған жау алмай қоймады. Цио­листің төменнен қатты ұрған добын тосып алғанымен кейін серпілген доп Торосидистің алды­на келді. Мұндай мүмкіндікті шабуыл­шы қалт жіберген жоқ. Есеп 2:1. ...АЛ, ФРАНЦУЗДАР ЕЛІНЕ ҚАЙТУЫ МҮМКІН Сондай қауіп бар. Зидан бекер ойбайламаған екен. “Біздің бұрынғы әлем чем­пио­на­тындағы жеңісіміздің қазір құны қалмай барады. Доменек коман­далық ойын жүйесін құра алмады. Мен оның бапкерлік қабі­летіне күмәнмен қарай бастадым. Ал ойыншыларға келетін болсақ, олар алаңда өз жауап­керші­лігін толық сезініп, бойындағы астам­шы­­лық­­тарын сыпырып тастауы қажет”. Франция құрамасын әлем чемпионатына бастаған Зиданның қаупі келді. Француздарда менмендік бар. Жеңетіндеріне күмәнданбайтын сияқты. Алғашқы кезеңде алма- кезек шабуыл жасалғанымен мексикалық­тар­дың жеңіске деген құштарлығы көбірек байқалды. Есеп үшін айтсақ, Франция мен Мексика құрамаларының жолы әлем чемпионаттарында үш рет түйіскен екен. Бірақ, мексикалық­тар біреуінде де жеңіс тойын той­лай алмаған. Бұл жолы жеңді. Есеп 2:0 Франция құрамасының тағдыры енді Мексика мен Уругвайдың ойы­нына қатысты болмақ. Егер екі команда тең ойнаса плей-оффқа алаңсыз шығады. Мұндай кілем асты келісулер футболда талай рет болған. Бірақ, екі ойында да сүрең­сіз өнер көрсеткен Франция құра­масы кімге өкпелегендей. Футбол білгірі Эрик Кантон Рай­мон Доме­нек туралы: “Людовик XVІ дәуірі­нен бері Франция құрамасының ең нашар бапкері осы”, депті. Мұндай көңілсіз айыптаулар келесі кезеңге өте алмаған құрама бапкері жайында әлі айтыла береді. Бұл – жан ашуы. Төрткүл дүние бар шаруасын жиып қойып, кірпік қақпай көретін әлем чемпионатының нағыз қызы­ғы мен шыжығы енді басталды. Бақтияр ТАЙЖАН.