19 Маусым, 2010

ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН

742 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Журналист жолда жүргенде

2. ТАРБАҒАТАЙ ТАҒЫЛЫМЫ

Тарбағатайға түнделетіп келе жа­тыр­мыз. Көкпектіден кешірек шыққанбыз. Өзендерді қарап. Көпірлерді көріп. Тарбағатай аумағына кіре бере нөсер жаңбыр төпелей төгіп қоя берді. Жолдың жағасымен жосылып аққан су жүрек сулатады. Жауыныңыз жуықта басыла қоймады. Талай-талай майқана көрген кәнігі жүргізушіміз Тоқтарбек Тәкежанов сыр бермес. Дегенмен, үш-төрт тұста жолдан тайып кете жаздадық. Екі жерде былқылдаған ойпаң уат лақтырып, әзер оңалдық. Түніңіз ортасына жақындаған шақта желдете ұрған жұлқыма жаңбырдан дірдектеп, аудан орталығы Ақсуатқа іліктік-ау. Әкімдіктің жатағандау үйінде ке­зек­шіден басқа ешкім жоқ. Әзерлете іздетіп, әлден уақытта ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Айдос Тайшөгеловті таптық. Үнемі күлімсіреп жүретін жас жігіт екен. Журналистің баласы екен. “Ағалар, Ақ­суаттың дәмханалары түп-түгел құлы­п­танып үлгерді. Біздің үйден не бұйырса, соны қанағат қыласыздар”, – дейді жып-жылы жымиып. Назым келіннің нысай-ниетіне тәнтісіз. Булаған картобын бөлке нанмен бұралақтай асап, ыстық шәйін ұрттап, жан шақырдық. Қонақүй үшін енді-енді икемделген, әлі іске қосыла қоймаған мекен-жайда ілдәлдалап көз ілгенбіз. Таңертең тұрсақ, қасымызда жүрген Қаңтарбайұлы қабақ шытып, Оңдасын ойланып отырыпты. “Сізден ыңғайсыздау болды ма, қайдам”, – деседі қосарланып. “Қайдағы ыңғайсыздық? Тасқынның, топан судың зардаптарынан запыланған жұртты көріп келеміз. Жәнтікей мен Көкжырада әлі күнге дейін адамдар палаткаларда тұрып жатыр. Олармен салыстырғанда, сіздер мен біздікі ұжмақтай емес пе”? Дейміз. Дедік те, аудан әкімдігінің кеңсесіне кірдік. Әкімнің орынбасары Сламбек Әзімханов та ыңғайсызданып, кешірім сұрап жатыр. Денсаулығы болмай, түн­делетіп дәрігерге қаралыпты. Қы­сылардай дәнеңе жоқтығын сездіріп, екінші қа­баттағы мәжілісханаға ендік. Аудан әкімі Манарбек Сапарғалиев құл­қын­сәріден-ақ құрылыс жүргізетін мердігерлерді жинап, жұ­мыстың жайын кеңесіп отырыпты. Үстінде қарақошқыл күртеше, аяғында резеңке етік. Шашын тарамаққа уақыты жоқ-ау. Қалай ғана жаныңыз ашымас?! Ауылдардың әкімдері де осында екен. “Мердігер мырзалар, бүгіннен қалдырмай тіркеу құжаттарыңызды түп-түгел реттеп бітіріңіздер, сөзбұйдаға салар уақыт жоқ, – дейді Манарбек мырза орысша-қазақшаны араластыра сөйлеп. – Бүгін сағат онда облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаев келеді. Ол кісі біздің ауданда бір апта бойы болып, Көкжыра мен Жәнтікейдегі жаңа құрылыстың жұмысын жандандырмақшы. Бәріңіз сағат он бірде Жәнтікей жазығына жиналыңыздар”. Тарбағатай. Бұл тауыңыздың басқа­ша­лау бір аты – Барқытбел. Беу, шіркін-ай, десеңізші! Барқытбел десе, Барқытбел ғой. Тарбағатай – Барқытбелдің ішін жайлап жататын мыңғырған мал бар. Бес жүз де жетпіс қыстау бар. Қайран жылқы тебіндейді. Қазақтың қара қойы да қыс­тан қымтырылмас. Жеті ай қысыңызға арнап пішен жинамайтын еді жұртыңыз. Аздап-аздап шөп шабар. Шақтап-шақтап шөмеле үйер. Әредік-әредік майда-майда маялар салар. Ал биыл ше, биыл?! Қаңтардан бастап ақша қарыңыз алапат қарқын алған. Бірте-бірте бір метрден асқан. Тамылжып тұрар Тарбаға­та­йы­ңыз­да. Баурайы балқаймақ Барқытбеліңізде бұлағай бұлғақ басталған. Наурыздың қақ ортасында еспе желге ұласқан. Жиырма градусқа жетеқабыл жылып жөнелген. Тарбағатайдың басы мұздап тұрғанмен, орта тұсы ойылып түскен. Еңістері егіл-тегіл еріген. Ағын-төгін тасып, тасқынға айналған. Біреулер айтады. Бағзыдан бері Бар­қыт­бел бұлай бүлінбеген деп. Екіншілері жүз жасаған қарияларына сүйенеді. Тоқ­сан тоғыз жыл бұрын тап осылай топан су қаптаған екен деп. Үшіншілері жүйе­лейді, тек өткен ғасырдың алпыс тоғызыншы жылында ғана тасқын біраз табалаған деп. Биылғы бұлғақтың төрттен біріне шамалаған деп. Әр жыл сайын Тарбағатай тауларында наурызыңыздың аяғына дейін-ақ қасат қар қалмас-ты деп. Ал биыл ше, биыл?! Барқытбеліңіз бірдем­де ыссылап, Шіліктінің шалы­ғынан солықтап, тұтас Тарбағатайыңыз аппақ тонын табан астынан шешті де тастады. Күрк-күрк жөтелгендей болған. Қарғын жүріп кеп-кеп берген. Кенет күркірей жөңкіген топан судың жан шо­шытарлық гуілі мен суылы естілген. Қыс­таулардағы жылқы шұрқырай шың­ғы­рыс­қан. Қарауытқан қойнаулардан мыңдаған сиыр мөңірей өкірген. Қазақтың қара қойына дейін қорқынышқа бауыздал­ғандай қылғына маңыраған. Тарбағатайдан төменге қарай лық­сы­ған топан су үлкенді-кішілі өзендердің арналарына сыймаған. Базар өзені базары тарқағандай күй кешті. Тұла бойының тоз-тозы, бойра-бойрасы шығып, тас­қын­ның түбінде талықсыған. Боғастың бойы да быт-шыт. Шет Боғас пен Орта Бо­ғас­тың қайда қалғаны беймәлім-ді. Қы­зыл­кесіктегі ұзындығы отыз метрден, биіктігі он үш метрден асатын көпірді топан су қопара қиратып, ағызып әкеткен. Жәнтікей ауылының әкімі Айгүл Иманғалиева бүй дейді: “Біздің округке Жәнтікей, Қожагелді, Уан елді мекендері қарайды. Қожагелді ғана аман қалды. Жәнтікей мен Уанды түгел су алды. Уаннан 12 үй, Жәнтікейден 187 үй тас­қынға кетті. Алғашқы апат 15 наурызда келді. Кейіннен тағы қайталанды ғой. Әуелгі тасқыннан соң-ақ көмек кешіккен жоқ. 1064 адамды Ақсуатқа эвакуация жа­садық. Төтенше жағдай жөніндегі ау­дан­дық мекеменің бастығы Бақытбек Нұр­ғалиев күні-түні тыным таппады. Жі­гіт­тері де. Облыстың әкімі Бердібек Са­парбаев тікұшақпен жетті. Қыстау­лардағы қоралардан алғашқы күннің өзінде 21 адам тікұшақпен құтқарылды. Аяқ­тары ауыр әйелдер Ақсуатқа әуемен әкелінді. Аудан әкімінің орынбасары Сламбек Әзімхан бөгет құрылысының басынан кетпеді. Таксист боп жүрген қа­ра­пайым жігітіміз Самат Отарғалиев пен жай жұмысшымыз Халел Мамашевқа дейін нағыз патриоттықтың үлгісін та­нытты ғой, не керек. Бөгембай мен Ор­та­баз тұсына екі тоспа тездетіп көтеріл­мегенде, екінші тасқын талай әлек әкелер еді...” Жәнтікей жұрты түгел сыйлайтын Сайлау Құнафин ақсақал баршаға басалқа бола біліпті. Жетпіс үшінші жылы сәл-пәл сел жүргенде, осы Сәкең біраз-біраз теперіш көріп, тәжірибе жинақтаған көрінеді. Биылғы тасқынның алдын алып, бетін қайтаруға септескені де сондықтан. “Бізді қойшы, Сапарбаев сегіз мәрте келді ғой, соны айтсаңшы. Орынбасарлары Серік Тәукебаев пен Түсіпхан Түсіпбеков апталап, айлап осында жүреді”, – дейді Сайлау ақсақал. Топан су басқан күндері Жәнтікейдің жан аямас әкімі Айгүл Иманғалиева қасына қырық жігіттен жасақ құрып, ауылда қалған. Алғашқыда ауыл адам­дарының бәрі іргетасы биігірек мектептер мен клубтарға тасылған. Қайықтармен. Кейіннен аудан орталығы Ақсуатқа автобуспен жеткізілген. Облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков айтады: “Үрей буған, қас-қағымда күллі мүлік-мүкәмалынан, ғұмыр бойы тір­нектеп жинаған дүниесінен мақұрым­данған мың­даған адамды көз алдыңызға елес­тетіңізші. Оңай емес. Ақсуаттықтар абдыраған елді ерекше ықыласпен, жүрек жылуымен жұбата қарсы алды. Үйді-үйлеріне орналастырды. Иіліп төсек, жайылып жастық болардай пейіл та­нытты. Елдің елдігі, береке-бірлігі осын­дайда танылады екен. Сәтбаев атындағы мектепке 1200 адам жайғасты. Балабақша, интернат лық толды. Көкжырадан, Жәнтікейден, Уаннан, Қызылкесіктен, тағы басқа ауылдардан жеткізілген жандар ғой”. Айгүл айтады: “Тек біздің бір ауылымыздан ғана 1200-ден аса ірі қара, 100-ден аса жылқы, 5 мыңдай қой шығын болды. Малынан, үйінен айыры­лып қалғандардың арасынан ашынғандар да шықты. “Ешқайда бармаймын” деп отырып алғандарды көрдік. Шыдадық. Шыдас бере алмас па едік, кім білсін. Еліміздің, Елбасымыздың қамқорлығын сезінбегенде. Мемлекетіміздің мерейін ұғынбағанда. Қаншама көмек келіп жатты десеңізші! Жоғарғы жақтан. Өз облысымыздан. Оңтүстік Қазақстаннан. Қарағандыдан. Ақмола облысынан. Аста­надан. Алматыдан...” Сондай күндердің бірінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев біраз министрлерді, өзге де тиісті лауазым иелерін, Парламенттің бірқатар депутаттарын бастап келген. “Бізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жіберіп отыр. Сіздердің жағ­дайларыңызбен жан-жақты танысып, тиісті шешімдер қабылдап, тасқынға тосқынды нығайта түсуге келдік, – деген еді сонда Шөкеев. – Топан судың алдында ғана Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко басқарған жұмыс тобы өңірді аралап, Үкіметке нақ­тылы ұсыныстар енгізген болатын. Соның нәтижесінде 19 наурызда аса шұғыл түрде 850 миллион теңге қаражат аударылды. Бұл қаржы тиімді түрде жұмсалып жатыр. Әрине, жағдай оңай емес. Бірақ, жағдайды тұрақтандыруға біздің мүмкіндігіміз толық жетеді”. Штабтың сол мәжілісінде Бердібек Сапарбаев өңірдегі апат шығынын тол­тыру үшін 10,2 миллиард теңге керектігін мағлұмдаған. Бірінші Вице-Премьер оның да бірте-бірте жүзеге асатындығын меңзеген. Өмірзақ Шөкеев сол сапарында барлық негізгі-негізгі мәселелерді нақтылаған. Баспанасы жарамсыз боп қалғандарға мемлекеттен тиісті қаржы бөлінетінін, жөндеу қажет етілетін баспаналарға көмек қаржы ретінде емес, облыс әкімдігі тарапынан құрылыс материалдары түрінде көрсетілетінін, жөндеу жұмыстарын тұрғындардың өздері жүргізетінін айтқан. Бастапқыда азық-түлік, материалдық және ақшалай жәрдем жасалатынын түсіндірген. Бес жылдық жеңілдетілген несиені қалай алуға болатынын тәптіштеген. Сөзінің соңында Өмірзақ Шөкеев бүй деген: “Облыста Төтенше жағдайлар жөніндегі арнайы штаб құрылады. Оны басқаруды Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевке жүктеуді тапсырамын. Ислам Әл­маханұлының бұл бағыттағы тәжіри­бесі өте мол. Оңтүстік Қазақстанда бірнеше жыл бұрын болған алапат су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарға іскерлікпен жетекшілік еткен”. Әнекиіңіз, Әбішевті неліктен штабтың басшысы еткенін енді түсінген боларсыз. Сіздің тілшіңіз Сарыағаштың сарала жота-жондары мен Келестің күреңкей бел-белестеріндегі бұлғақ туралы кезінде “Кібісе қарғыны” деген дүние жазған. “Егемен Қазақстан” газетінде. Сол қарғынның зардамды залалдарымен күні-түні күрескендердің басында да Әбішев жүргентұғын. Ислам мырзаңыз Тарбаға­тайдан басталған тасқынға тосқын қоюда кібісе жылғы Келес қарғынының сабақтарын шебер пайдалануды ұсынды. Соның бір парасы мынадай еді. Ауыл тұрғындары өз араларынан әр он үйге бір онбасы, әр жүз үйге бір жүзбасы сайлайды. Барлық мәселе негізінен солар арқылы шешіледі. Мұның мәнісі мен маңызы неде? Әдетте, зілзала, топан су, тасқын, тағысын-тағылар тұсында адамдар мүлде өзгеріп кетеді. Жалпы алғанда, елдік, бірлік, топтасу, тұтасу сияқты қасиеттер артады-ау. Алайда, көптің ішінен ешкімді тыңдамайтындар, ештеңеге көңілі толмайтындар, кез келген нәрсеге күдік-күмәнмен қарайтындар көбейе түседі. Тәртіп төмендейді. Бас-басына би болғысы барлар, билікті табалайтындар табылады. Жоғарғы жақтағыларға, әкімдіктерге сенбейтіндер, иланғысы келмейтіндер шығады. Мінекиіңіз, осындай-осындай психоло­гияға толайым-тұтас тосқауыл қою дегеніңіз кейде тіпті тасқынға тосқын қоймақтан бетер қиын соғады. Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішев тасқын жүріп өткен Тарбағатайға шұғыл тірліктерді айқындамаққа жеткен. Патерналистік пиғыл үдеп тұрыпты. Ұсақтық белең алған. У-шуыңыз құлақ тұндырады. Он бес адамнан құрылған аудандық штабтың нақты әрекеті жоқтың қасы. “Онбасылар мен жүзбасылар сайланды ма?” – дейді Әбішев. “Сай­ланды”, – деседі жұртшылық өкілдері. “Сайланды ғой”, – деседі штабтағылар. “Кәне, кім?” – дейді Әбішев. Білмейді. Ешқайсысы ешкімді атап айта алмайды. Формальды түрде, үстірт қараған. Бәрі дерлік. “Бұлай болмайды”, – деді Әбішев. Себебі сол, арыз-шағым, майда-шүйде әңгіме қабыздаған. “Менің үйімді жөндеп көрген жоқ”, “Мүлік-мүкәма­лымызды ескермеді”, “Бізге бес кило макаронды кем берді” дегендей мәселелер ғой баяғы. “Ислам Әбішевті Тарбағатай ауда­нында қалдырамын. Барлық билік қолында болады. Барлық жағдайға, тәртіп орнатуға басымен жауап береді, – деді Сапарбаев сол күні салқын қабағын жаза алмаған күйі. – Тұтынушылық пиғыл, ауа жайылушылық пен тәртіпсіздік жақсылыққа апармайды. Осы естеріңізде болсын”. Тарбағатайыңызда бірер тәуліктің ішінде тәртіп орнады. Әр он үйдің адамдарын шұғыл жинап, онбасылар сайлауы өткізілді. Хаттамалар толтырыл­ды. “Төтенше жағдай кезінде барлық құқықтарымызды онбасыға сеніп тап­сырамыз. Нұсқауларын бұлжытпай орын­даймыз”, – дегендей. Аудан, ауыл бас­шы­ларынан да, онбасылар мен жүз­басылардан да орындаушылық тәртіп қатаң талап етілетіні мағлұмдалды. Азық-түлік, материалдық және ақшалай жәрдем көрсету ашық, мөлдір түрде жү­зелене бастады. Үй-жайлардың жағ­дайын анықтауда титтей кемшілік пен көзбояу­шылыққа жол бергендер жедел жазаланып, істері сотқа өткізілетіні мәлім етілді. Түсіндіру, жұмысқа жаппай жұмылдыру, не істелмей жатқанын, не кедергі болып отырғанын хабарлап отыру – бәр-бәрі онбасылардың міндетіне кірді. Жүзбасылар мен арнайы комис­сиялардың рөлі күшейтілді. Әрбір тұрғынның жауапкершілігі талап етіле бастады. Хаттамаларда көрініс тапқан келісімдерді бұзған қандай азаматқа да онбасыңыз алғаш ескерту, екінші рет қатаң ескерту беруге, ал үшінші мәртеде тасқыннан зардап шеккендер тізімінен шығаруға дейін құқылы болды. Онбасыларға 20 мың, жүзбасыларға 25 мың айлық жалақы белгіленді. Арнайы куәлік берілді. Тәртіп осылайша орнаған. Төтенше жағдайдың талабы басқашалау болмағы жөн. Шынтуайтында, облыс, қала, аудан деңгейінде басқару, ұйымдастыру, мәселе шешу жағдайлары жан-жақты қамтыла қарастырылған. Ал ауылдық жерлерде қиындық өте көп. Тоқсан түрлі тірлік бар. Баяғы сапқоз, қалқоз, жергілікті кеңес, қоғамдық ұйымдар жабылып атқарар тірліктер тұтастай ауылдық әкімдік иығына артылады. Қиындықтар, күрмеуі қиын түйіндер көп. Ислам Әбішевтің онбасылар мен жүзбасылар жөніндегі жаңалығы бүкіл ауылдардың әкімдеріне үлкен көмек болғанын, керемет нәтижелерге қол жеткізгенін бүкіл облыс мойындап отыр. Көкжыра ауылдық округінің әкімі Бақытжан Кемербаевты топан су тұсында жұртшылықтың өзі бір ауыздан қалап, қолдап, тағайындатыпты. Бұрын да жа­уапты қызметтер істеген, мал дәрігері болған. Біз Көкжыра ауылының жанын­дағы жаңа құрылыстарды араладық. Қазір 210 үй салынып жатыпты. Алпыс үйдің қабырғасы қаланып бітіпті. Тоқсан үйдің іргетасы тіп-тік, нып-нық, биік етіп құйылыпты. Ауылдың демографиялық жағдайы сәл-пәл жақсарғандай. Қаладан қайта оралып, көшіп келушілер де жоқ емес. Ескі мектеп топан судан соң жарамсыз деп табылды. Алты жүз орындық жаңа мектеп орны дайындалды. Жеткіншектер сабақтан қалған жоқ. Кәсіптік мектеп пен балабақша ғимараттарында оқыды. “Көкжыраның тұрғындары төртінші мамырдан бастап Ақсуаттан ауылға оралды. 1096 адамға бес мың теңгеден біржолғы жәрдемақы, үш айға жететін тегін азық-түлік берілді. Үй-жайлар салынып жатыр. Бірталайының төбесі жабылды, едендеріне тақтай төселіп қойылды. Бұлай болады деп ойлама­ғандар таңғалып, алғыс жаудырып жүр. Жеңілдетілген несиеге ұмтылушылар да бар. Бірақ негізінен ағайын-туыстар қосқан құлын-тайларды, торпақ-тайыншаларды, қой-ешкіні қанағат тұтып, көбейтуге тырысатындар басымдау. Үй құры­лысына, жөндеу жұмыстарына белсене қатысатын тұрғындарымыз көбейе түсуде”, – дейді ауыл әкімі Бақытжан Кемербаев. Марат Кененбаев, Рая Едігенова, Иван Шейнер, Ғабит Сүйесінов, Бек­болат Сыдықов, Мейрамгүл Иген­жанова сынды онбасылар, Сейсенбек Ахметов, Сейіт Оралбеков, Қайрат Нұрбеков, Сейсенбек Махметов сияқ­ты жүзбасылар өздеріне көрсе­тілген сенімді абыроймен ақтамаққа құлшынар. Облыс әкімнің орынбасары Серік Тәукебаев Жәнтікейден екі шақы­рымдай жырақтау, сәл-пәл дөңестеу жерден таңдалған жаңа ауыл құрылы­сында жүріпті. Шет көшедегі үш-төрт үйдің дуалы кө­те­рі­ліп­ті. Бұл жер­ден 190 үй түс­пек. Белсенді, жұрт­шылық­тың алғысын ар­қа­ла­ған он­басы­лар мұнда да бар­шылық. Мей­рамгүл Има­нова – солар­дың бірі. “Жән­тікейдің жі­­гіттері ала­қан­дарын ыс­қылап жүр еді, бүгін облыстан Тәу­кебаев мыр­­­за келіп, біраз нәр­се­лерді нақ­тылап берді. Әне, анау екі үйдің қа­­быр­ғаларын қалап жат­қан­дар – жән­ті­кей­­ліктер. Олар түгілім, мы­на мен де бір бри­гада құ­рып, құ­ры­лы­сқа шық­қалы кел­дім”, – дей­ді Мейрам­гүл. Жүзбасы Нұрбол Ысқақов жымың­дайды. Жаңа Жәнті­кей­дің жоспар-жо­басы ұнайды. Ақ­суат­тағы саз мектебі мен балабақшада жатқан жәнті­кей­ліктер тездетіп ауыл­дарына оралған. Жүзден астам палат­каларда, қираған, төбелері опырылып, орталарына түскен үйлерінің жанындағы аман қалған қосымша жайларында, тіпті, титімдей-титімдей күркелерде тұрып, тірліктерін тірнектеп, қойларын қырқып жүргендер аз емес. Жаңа Жәнтікейіңізде 180 орындық жаңа жобалы мектеп, 100 орын­дық балабақша, 100 адам қабылдауға арналған емхана, 330 орындық клуб, кітапханасымен, тұр­мыс­тық қызмет көр­сету орталығы салынады. Барлық үй-жайлар қыркүйектің соңына дейін бітуі тиіс. Бұларға қоса демалыс бағы, саяжолдар, саябақ іспетті жасыл желек аймағы жоспарланған. Жаман емес, әрине. Жәнтікейдің әкімі Айгүл ханым болашақ ауылын түсінде көретін боп жүр. Кейде тасқын-топанның кеуде тұсына жеткенінен, ботана-лайлы, қар­ғынды қызыл судың ені бір километрден, биіктігі бес-алты метрден асып, алапат күшпен ысылдай лықсып келе жатқанынан қашады-ай келіп. Жанұшыра жүгіріп. Кенет тау жақтағы тепсең төсінен Ырғызбай әулие кесенесі кө­рінеді. Тау тұрпаттанып. Түсінде. Аяғына қарайды. Өзінің. Құп-құрғақ. Жаңа ғана суда сияқты еді. Артқы жаққа қарайды. Қызыл су шегініп барады екен дейді. Қуанып кетеді. Түсінде. Баяғыда кеңестік кезеңнің өзінде, сапқоз парткомының хатшысы боп жүріп-ақ осы кесенеге көмектескентұғын. Жасқанбай. Жақсы бопты-ау сонысы. Деп ойлайды түсінде. Кейде тасқыннан соң іле-шала асығып, Алматы жақтан жеткен, рухани демеу бола білген зиялылардың орта­сында тұрады-ай. Түсінде. Жәнті­кейде кіндігін кескен, осында өскен, бүгінде баршаға белгілі қайраткер қаламгерге айналған Сайраш Әбішқызы бұлбұл­дайын сайрап тұрыпты. Түсінде. Әне, екінші тасқын тұтқиылдан лап қойып, Жәнтікей жұрты қайықпен жүзіп жүргенде келген алаштың ақиық ақыны Ұлықбек Есдәулетке айтқан әзілін түсінде тағы қайталап, таң алдында тыңайып, күнмен бірге күліп оянады. Содан кейін-ақ тыным жоқ қой, тыным жоқ. Түн ортасынан ауа бір-ақ оралар. Алайда, екінші тасқын тұсындағы азапты тірліктер мен қорқынышты ойлар бірте-бірте сейіліп келеді. Қай тараптан да қамқорлықты терең сезінудің өзі рахат екен ғой. Әне, жаңа Жәнтікейдің алғашқы көшесінде көгілдір туыңыз түстес төрт-бес үйдің шатырлары ақ шаңқан нұрмен шағылысып, жарқырай көрінеді. Айгүл сол жаққа қарай асықты. Аяғындағы резеңке етігі жеп-жеңіл секілді. Сәуірдің ортасынан бермен қарата аудандық газеттің арнайы қосымшасы шығарылып келеді екен. Төтенше жағдайға байланысты қолға алынған бұл шығарылым “Тарбағатай” деп аталады. Оған облыстық “Дидар” газетінің тілшілері де белсене көмектеседі. Қосымша “Шығыс-Ақпарат” баспаха­насында жедел басылып, жедел тара­тылады. Біздің қолымызға сол “Тар­бағатайдың” 27 сәуір күнгі нөмірі түскен. Па­лат­калардың бірінен алғанбыз. Мә­шинеде отырып оқып келеміз. “Еңсеміз биік болсын, жерлестер!” деп аталады бас мақала. “Биылғы қыс пен көктем ерекше қаталдығымен, қиын­дығымен ел есінде қалары сөзсіз. Тіпті тарихқа жазылып, жылнамаларда сақталары анық. Біздің халық мұнан да қиын кезеңді бастан кешірген, талай өткелектерді артқа тастаған. Сөйтіп, шар болаттай шың­далған. Жадыраған жаздың келуі жанымызға нұр құйып, ертеңгі жарқын өміріміздің басы болсын. Еңсемізді тік ұстап, арқалы жұрт, аруақты ел екендігімізді танытайық. Барқытбелдің баурайындағы барша халық жұдырықтай жұмылып, береке-бірлігімізбен бүкіл елімізге танылсақ, ел назары Тарбағатайға ауып отырған осы тұста тағы бір сыннан сүрінбей өткеніміз болмақ. Еңсеміз биік, жүзіміз жарқын болсын, жерлестер!” “Адамдықтың рәмізі – шүкіршілік” дейді хадистерде. Еңсесі түсіп, езіліп жүрген ешкімді көрмедік. Топан су әуелгіде-ақ қаттырақ жүрген, кейіннен қайталаған қайран Тарбағатайда да. Шүкіршілік. Жәнтікейдің жанынан тағы өтіп барамыз. Сәл әрегіректе қызғын құрылыс жүріп жатыр. Адамдар кешегіден де көбейгендей. Бас мердігер “ПМК-Құрылыс” ЖШС ғой. Кәдуілгі Қайрат Нәбиевтің жігіттері ғой. Боғас бойындағы жарлауыттар қарауытып көрінеді. Халықаралық қатынас жолы санатына кіретін трассаның екі жағында да жарлар бар әлі. Жөнделіп-ақ еді, түндегі толассыз нөсер әсер етіпті. Қайбір күні Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың арнайы жұмыс тобына жетекшілік ететін Таумұрат Лұқпанов мәлімдегендей ғой. Республикалық, халықаралық, облыстық тас жолдар осындай тасқын кездерінде зиянды бөгеттің рөлін атқарады. Себебі сол, жолдардың астына салынған су құбырларының диаметрі мұндай мол суды өткізуге мүлде есептелмеген. Екі мәрте топан су басып өткен Жән­тікейіңіз жақ, бәрібір, қоңырқош­қылдау түстен арыла алмай жатыпты. Қи­ран­дылар баршылық. Көк палатка­ларыңыз да алыстан қарауытыңқырап көрінеді. Есе­сіне құрылыс қызып, бір­та­лай үй бой көтеріп, бірнешеуі ша­тырл­а­нып, бір ше­тінен жайнай бастаған жаңа Жәнтікейге қайта-қайта қарай бергіңіз келеді. Қызылкесік ауылы жақ биіктеу. Екі бірдей көпірі қирағанымен, ол ауылдағы 374 үйдің бесеуі ғана зардап шекті. Су басты. Қалғандары дін аман. Анау Аягөз – Боғас тас жолының жағдайы нашарлай түскен. Жөндеуге көп күш керек. Мынау біз келе жатқан жолдың да кінәраты көп. Темір көлігіміз тағы секірді. Тайғанап барып тоқтады. Тоқтарбек саспайды. Жәнтікей құрылысы жақтағы ойпаңдау жолдың жанында цемент таситын үлкен мәшине батпаққа батып, жантайып жатыр. Иә, оңай емес. Бірақ түнгі толассыз жауын тыйылған. Тарбағатайдың аспаны шайдай ашық. Қызылкесік жақтың қыраттарында жусан желкілдейді. Мархабат БАЙҒҰТ. Суреттерде: Жаңа үйлер жылдам салынады;  құрылысшылар палаткалары; Серік Тәукебаев пен Айгүл Иманғалиева; Манарбек Сапарғалиев те үнемі осында; өршіл өзен өрекпиді. Суреттерді түсірген Оңдасын ЕЛУБАЙ, “Егемен Қазақстан”.