Қазақстан • 13 Тамыз, 2024

Қоғамдық кеңестің ықпалы қандай?

134 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, соның ішінде қоғамдық кеңестердің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажеттігін атап айтқан болатын.

Қоғамдық кеңестің ықпалы қандай?

Бүгінде қоғамдық кеңестер жұмысы Мемлекет басшысы ұсын­ған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үйлесім тауып, олар мемле­кет пен қоғамды байланыстырушы көпірдің біріне айналып отыр. Мұны «Қазақстан Рес­публикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлт­тық баяндама – 2023» ресми құ­жатында келтірілген деректер айғақтайды. Мысалы, өткен жылы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға қарағанда, қоғамдық кеңестерге жүгінудің нәтижелілігі туралы сұраққа респонденттердің 87,8 пайызы оң жауап берген. Бұл елімізде қоғамдық кеңестер жобасын іске асыру тиімді екенін көрсетеді. Бұған қоса, қоғамдық кеңестер қызметін теріс бағалайтын азаматтар саны жылдан-жылға азайып келеді. 2022 жылы рес­понденттердің 43,8 пайызы қоғамдық кеңестер қызметі формалды сипатқа ие деп санаған болса, былтыр бұл көрсеткіш 21,7 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен қоғамдық кеңестердің жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жазып-көрсетіп, танымалдылығын арттыру ісі кемшін соғып тұрғаны анық. Себебі респонденттердің 49,9 пайызы ғана қоғамдық кеңестер қызметі туралы хабардар болып шықты. Халықтың 19,9 пайызы қоғамдық кеңестер қызметі туралы ештеңе білмейді. Сауалнамаға қатысқандардың 82,1 пайызы маңызды әлеуметтік мәселелерді талқылау үшін әртүрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестерге жүгінбеген. Азаматтардың тек 15,8 пайызы ғана әлеуметтік маңызды мә­селелерді шешу үшін өздері тұ­ратын елді мекендердегі қоғамдық кеңестермен бірлесе жұмыс істеген.

Азаматтардың қоғамдық кеңес­тердің мүшелері туралы хабар­дарлығы да көңіл көншіт­пейді. «Еркіндік қанаты» қоғам­дық қоры жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, барлық респонденттің 52 пайы­зы қоғамдық кеңестердің бір­де-бір мүшесін атай алмаған. Со­ның ішінде Астана қаласы тұр­ғындарының 84 пайызы және Алматы қаласы тұрғындарының 69 пайызы қоғамдық кеңестер мүшелерінің ешқайсысын біл­мейді екен. Ал Ақтөбе облысында респонденттердің 36 пайызы жергілікті қоғамдық ке­ңес­тер­дің кем дегенде бір мүшесін тани­тынын мәлімдеген.

Әлеуметтік сауалнамаға қатыс­қан қоғамдық кеңес мүше­ле­рі халықтың әлеуметтік қорғал­маған топтарын қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендерді абаттандыру мәселелерін шешуде анағұрлым табысқа жеттік деген пікір біл­дір­ген. Сондай-ақ өндірісті дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, нашақорлық, маскүнемдік, қаңғыбастық сияқ­ты теріс әлеуметтік құбы­лыс­тармен күрес, қала құрылы­сы, этносаралық және конфес­сия­аралық келісімді сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мәдениет және демалыс, шағын және орта бизнесті дамыту, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік, азық-тү­лік бағасын реттеу, адам құқын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, жол салу және жөндеу, білім беру мәселелерін шешуге оң ықпалымыз тиді деп санайды.

Қоғамдық кеңестердің сыбай­лас жемқорлықтың алдын алу­дағы рөлін күшейту мәселесі өзекті болып отыр. Қоғамдық ке­ңестер мүшелері өздерінің осы бағыттағы жұмысының тиім­ділігі төмен болуының мынадай себептерін көрсеткен: сатып алуды ұйымдастыру және өткізу үдерісіне араласуға немесе шешім қабылдауға заңды өкілеттіліктерінің болмауы, бюджетті жоспарлау кезінде нақты биліктерінің болмауы, сатып алуды және тапсырыстарды орындауды нақты бақылау мүмкіндігі берілмегені.

Осыған орай «Қоғамдық кеңес­тер туралы» заңға мем­ле­кеттік органдар басшыларына ҚК ұсы­нымдарына уәжді жауап беру үшін жауапкершілік жүктеу, сыбайлас жемқорлық фактілерін және мүдделер қақ­тығысын болдырмау мақса­тында қоғамдық кеңестер мү­ше­леріне сатып алу рәсіміне қатысуға байланысты құқық бе­ру, жергілікті деңгейде құқық қор­ғау органдарының басшыла­рын тыңдауды ұйымдастыру және оның қорытындысы бойын­ша құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған шешімдер мен ұсынымдар қабылдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сарап­тама жүргізу үдерісіне қоғам­дық кеңестер мүшелерін қатыс­тыру мәселелері бойынша толық­тырулар енгізу ұсынылып отыр. Қоғамдық кеңестер мүшелері заңнаманы жетілдіру қоғамдық кеңестер қызметін жетілдірудің ең басты шарты деп санайды.

Қоғамдық кеңестер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­­мылды жандандыруға да ерек­ше назар аударып отыр. Мы­салы, Өскемен қаласының қоғам­дық кеңес отырысында қа­лалық әкімдіктің бөлімдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет мәселесі қызу талқыланған. Әсі­ресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына шағым көп екеніне баса көңіл бөлініп, мердігер ұйымдардың атқарған жұмыстарының сапасына және кепілдік міндеттемелерінің сақталуына бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар берілген.

ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеуге сәйкес «Қоғамдық кеңес мү­шесі болғыңыз келе ме?» деген сауалға респонденттердің 61,2 пайызы оң жауап берген. Бұл – қоғамдық сана жаңғырып, азаматтық қоғамның белсенді­лігі артып келе жатқанының айға­ғы. Сонымен қатар «Қазақстан­ның Азаматт­ық Альянсы» заңды тұл­ға­лар бірлестігі қоғамдық ке­­ңес­тер мүшелері арасында жүр­гізген сауалнама қоғамдық кеңес­тер жұмысына бюджет қар­жысы жеткілікті қарастырыл­мағандықтан, оны қажетті ресурс­тармен қамтамасыз ету қажеттілігі туындағанын көрсеткен. Рес­понденттердің көпшілігі қоғам­дық кеңестер жұмысына кәсіби сарапшыларды тарту үшін бюд­жеттен қаражат бөлудің маңыз­дылығын атап өткен. Өйткені қазір қоғамдық кеңестер жұмы­сына сараптамалық білімі бар белсенді азаматтарды тарту қиын­ға соғып тұр. Бұл ретте сарапшылар мемлекеттік органдардың қолдауы арқылы қоғамдық кеңес­тер мен үкіметтік емес ұйым­дардың ресурстары мен әлеует­те­рін біріктіру маңызды деп есептейді.

Қоғамдық кеңестердің заң­ды мәртебесінің нақты айқын­далмағаны да  – өзекті мәселе­нің бірі. Бұл оның жеке мөрі мен электрондық цифрлық қол­таңбасының және өзіндік бюд­жетінің болуына кедергі келтіріп отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан, өз жұмысын жолға қоя білген қоғамдық кеңестер бар. Мысалы, «Еркіндік қанаты» ҚҚ жүргізген сауалнама Ақтөбе облысының ҚК-сіне маңызы бар мәселелерді шешу үшін респонденттердің 22 пайызы жү­гінгенін анықтаған. Бұл Алматы қаласымен салыстырғанда 7 есе және республика бойынша орташа көрсеткіштен 5,5 есе артық. Өткен жылдың бірінші жартысында Ақтөбе облысының қоғамдық кеңесі 64 отырыс өткізіп, онда мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қатысты 90 ұсыныс шығарылған, 13 қорытынды ұсынысы бар 10 қоғамдық тыңдау, 50 қорытынды ұсынысы бар 55 қоғамдық мониторинг өткізілген, барлық деңгейдегі 96 әкімнің есебі тыңдалған, келіп түскен 12 өтініштің барлығы дербес, яғни мемлекеттік органдардың ұстанымын күтпей-ақ қаралған. Аталған қоғамдық кеңестер өз мүшелерін әлеуметтік желіде азаматтар сынға алған мәселелер­ді жедел шешуге белсенді түрде жұмылдыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардан жа­уап алуда табандылық көрсету нәтижесінде жұртшылық арасында айтарлықтай беделге ие болған.

Түйіндей айтқанда, еліміздегі қоғамдық кеңестер қалыптасып, даму кезеңін бастан өткеріп жатыр. Олардың жұмысына қолбайлау болып отырған қаржыландыру, іс-сапарлар үшін ақы төлеу сияқты түйінді мәселелер шешімін тапса, қоғамдық кеңестердің ықпалы арта түсетіні сөзсіз.