
Мысалы, Сарыағаш ауданында 300 орындық Бақыбек мектебі, ал Дербісек елді мекенінде 350 орындық мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалған 350 орындық мектепте 52 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Жеке кәсіпкер Серік Нарбаевтың есебінен салынған зияткерлік мектепте суық су, жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында кітапхана, барлық пән кабинеті толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталып, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен қатар мектепте ішкі бассейн де орнатылған. Ауданда, сондай-ақ Сарысу елді мекеніндегі №40 Н.Әбдіров атындағы негізгі орта мектептің 200 орындық оқу ғимараты жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Ал Отырар ауданында Ақкөл елді мекеніндегі 100 орындық Ж.Егембердиев атындағы негізгі мектебінің, Сауран ауданында төрт мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа оқу жылына пайдалануға берілген төрт мектептің біреуі – мемлекеттік, үшеуі – жекеменшік мектеп. Ал жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сауран ауданында 3 мектеп пайдалануға беріледі. Келесі жылы Ынталы мен Құмтүйін елді мекендерінде 600 орындық екі мектептің құрылысы аяқталмақ. Оқушылардың білім алуына толық жағдай жасалған білім ошағы Кентау қаласында да пайдалануға берілді. Соңғы үлгіде салынған жекеменшік «Bastau» мектебі 450 оқушыға арналған. Ал Арыс қаласында оқушы санының артуына байланысты жаңадан пайдалануға берілген 300 орындық оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Үш қабаттан тұратын ғимаратқа жылы су жүйесі, ойын және спорттық алаңшалар орнатылған. Барлық оқу кабинеті жаңа парта-үстелдермен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжетханалармен жабдықталған.
Төле би ауданында пеш жағып, оқушылары түтінге тұншығып, тар, тозығы жеткен ғимаратта оқитын мектеп бар еді. Көршілес ауылдардағы балалар заманауи типтегі зәулім мектептерге барып жүргенде солардың қақ ортасында орналасқан Тағайна елді мекенінде оқушылар пешпен жылытылатын, әбден тозығы жеткен ескі ғимаратта оқуға мәжбүр болған еді. Бұл мектептегі жағдайды арнайы барып көргенбіз. Мәселені тиісті орындарға жеткізген де едік. Тәуба! Тағайнада тамаша мектеп салынуына атсалысқан азаматтарға, мәселені бақылауда ұстаған «Amanat» партиясының өкілдеріне, бюджеттен қаржы бөлу ұсынысын қолдаған облыстық әкімдіктегілерге ауыл тұрғындарының айтар алғысы шексіз. Жаңа оқу жылында Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық мектеп пен Көксәйек елді мекеніндегі аудандық саз мектебі пайдалануға берілді. Тағайна жалпы орта мектебінің ашылу салтанатында аудан әкімі Төлеген Телғараев ауыл халқының көптен күткен білім ордасының құрылысын мердігер мекеме «Дос и К сервис» ЖШС жүргізгенін атап өтті. Құны 925 млн теңге болатын мектепте оқушылардың тиянақты білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Ауданда тозығы жеткен үш білім ұясына күрделі, ал 33 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша үш мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Сондай-ақ Білім күні Түлкібас ауданында 300 орындық жаңа мектеп ашылса, Келес ауданы Қошқарата ауылдық округіне қарасты Бесқұбыр елді мекенінде №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінде 300 орындық қосымша жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында үш мектептің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Түркістан облысы