Туризм • 06 Қыркүйек, 2024

Турист тартудың тәсілі

62 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкент – республикада туризмнің дамыған орталығы болуға сұранып тұрған аймақ. Осыған байланысты мегаполисте туризм саласын өркендетуге қатысты іс-шаралар жиі ұйым­дастырылып тұрады. Мегаполиске саяхатшыларды тарту бойынша арнайы жоспарлар мен тұжырымдамалар да түзілген. Қазір оларды жүзеге асыру бағытынды тиісті мемлекеттік органдар мен осы жауапкершілікті мойнына алған арнайы мекемелер қызу жұмыс жүргізіп жатыр.

Турист тартудың тәсілі

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да осынау маңыз­ды іске қал-қадерінше атсалысып келеді. Мәселен, жуыр­да кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымында үшінші мегаполис­тегі туризм саласын дамытуға ар­нал­ған басқосу өтті. Аталған се­минарды кәсіпкерлер палатасы «Визит Шымкент» туристік-ақ­­па­рат орталығымен бірлесіп ұйым­дастырды. Маңызды іс-шараға кәсіпкерлер ұйымының салаға жа­уапты қызметкерлері, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық таби­ғи паркінің өкілдері, этнографтар, турагенттік жетекшілері, гидтер мен салалық басқарма маман­дары қатысты.

Мұның алдында кәсіпкерлер палатасында туризм саласы кеңе­сі­нің отырысы өткен еді. Онда туризмге байланысты бірқатар мәселе талқыланған-ды. Осы жиын­да қалалық Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индус­трия басқармасының басшысы Бек­сұлтан Әділханов баяндама жасап, туризмді дамыту бағытындағы мәсе­­лелерді ашып көрсеткен еді.

Басқарма басшысының айтуынша, Шымкенттің туристік әлеуеті жоғары. Статистикалық дерекке назар салсақ, мегаполиске кейінгі 3 айда 112 мыңға жуық турист кел­ген, оның ішінде 104 мың адам ішкі турист болса, 7 мыңнан астамы – шетел азаматы. Сала өкілінің мәлімдеуінше, шаһарда туризмге қатысты жалпы құны 7 млрд тең­­­гені құрайтын 8 инвестициялық ­жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәсе­лен, мегаполисте 2026 жылға ­қа­рай ­5 жұлдызды қонақүй пайда­ла­ну­ға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл өз кезегінде қалаға шетелден саяхатшылар көп келетінін және оларға жағдайы керемет қонақүй қажет екенін білдіреді. Міне, осынау сұранысты қанағаттандыру мақсатында Шымшаһардан және бір бес жұлдызды қонақүй бой көтереді. Осы орайда басқарма басшысы туризм саласындағы кәсіпкерлерді жергілікті атқарушы билікпен бірге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.

Кәсіпкерлер өз тарапынан сая­бақтарға көпшілік тамақтану орындарын орнату бойынша ұсы­ныстарын айтып жатыр. Олар­дың мәлімдеуінше, бұл өте ма­ңызды бастама, себебі қыдырып кел­ген азаматтар, әсіресе, шетелдік туристер бірінші кезекте тамақтану орындарын іздейтіні ақиқат. Әрі жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын сатып алуды жөн көреді.

Дегенмен бұл ұсынысқа кей­бір мемлекеттік органдар келіспей тұр. Мәселен, Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері ерек­ше қорғалатын табиғат аймақтары туралы заңға сәйкес, ол жерге дәмханаларды орнатуға болмайтынын айтады. Соның бір мысалы, шаһардың ең көрікті жер­лерінің бірі дендросаябақ ерекше қорғалатын аймаққа жатады. Сондықтан да ереже бойынша тамақтану орында­рын саябақтардың ішінде емес, тек аума­ғының сыртында, көлік тұрағында орналастыру керек. Оның өзінде тек белгілі бір өнімдерді ғана сатуға рұқсат беріледі.

Бұған қоса осы күнде Шым­кентте креативті индустрия саласы да екпін алып келеді. Бұл бағыт­та атқарылған маңызды ша­руа жетерлік. Айталық туризм, сыртқы байланыстар және креа­тивті индустрия басқарма­сы қа­лалық креативті индустрия қауымдастығымен бірге Арбат де­малыс аймағында тұрақты жәр­меңке өткізіп тұрады. Жәрмең­ке­де қолөнер бұйымдары сатылып қана қоймайды, шеберлік сабақтары да қоса өткізіледі. Басқарма басшысы мәлімдегендей, ендігі жерде мегаполистен креативті хаб ашу мәселесі жоспарға еніп отыр.

Қала аумағындағы санитарлық-гигиеналық нүктелер жайы да палатаның кеңесіндегі талқылауға түскен тақырыптың бірі болды. Кәсіпкерлер бұл мәселенің аса маңызды екенін атап өтті. Себебі тазалық жүрген жерге ауру жоламайды. Бұл бірінші қағида болса, екіншісі таза қаланың сәнін көрген туристер де өздерін жайлы сезіне бастайды. Ертеңгі күні саяхатшылар қатарының молая түсуіне де үлкен септігін тигізері хақ.

«Қала аумағында 50-ге жуық дәретхана бар. 13-і – парктерде, ­37-сі жолдардың бойында орналас­қан. Олардың жағдайы қанша­лық­ты талапқа сай екені зерде­лен­ді. Соның қорытындысына сай, алдағы уақытта тиісті жұмыстар қолға алынып, санитарлық ескі нүктелер жаңартылады. Осы тұста айта кетерлігі, қалалық әкімдік тарапынан дәретхананы күтіп ұстаушы заңды тұлғаларға ай сайын субсидия қарастырылған. Бірақ оған өтінім берген кәсіп­кер аз болып отыр. Сонымен қатар саябақтардағы, туристер көп жү­ретін көпшілік орындардағы ретсіз саудамен күресті де күшейте түс­тік», дейді мегаполистің туризм са­ла­сына жауапты басқарма басшы­сы Бексұлтан Әділханов.

Сонымен қатар ешқандай органда тіркелмей, заңсыз жұмыс істейтін гидтермен күрес мәсе­лесі де қоғамда өткір болып тұр. Жауапты мамандар ондай гидтер анықталған жағдайда дереу арада полицияға хабар беру керектігін айтады. Осыған орай енді алдағы уақытта тіркелген гидтер тізімі қайта жаңартылатын болды.

Ал «Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қа­уымдастығы» бірлестігінің өкілі Ромэлла Пак болса, жаңадан ашылып жатқан туристік агенттік иелеріне құжат алмастыруды, есеп-қисапты дұрыс жүргізуді оқы­тып-үйрету керек дейді. Себебі ту­ристік агенттіктерде бухгалтер­­лік есеп-қисап дұрыс болмаған­дық­тан көпшілігі жабылып қалып, банкротқа ұшырап жатыр екен. Сонымен қатар туристік операторлар мен туристік агенттіктер арасында біртүрлі түсініспеушіліктер бар көрінеді. Осыған байланысты ­тамыз айының басында турис­тік операторлар мен агенттіктер кез­десуі ұйымдастырылды.

Енді мақала басында айтыл­ған семинарға тоқталсақ, «Визит Шымкент» туристік-ақпарат ор­та­лығы басшысының орынбасары Бағдат Пардабай осы жиында Шым­кентке қыдырып келетін туристерді, әсіресе, шетел азаматтарын қарсы алып, күтудің ереже-қағидала­рын бекітіп, қонақжайлылық пен қыз­мет көрсету сапасын жақсарту керектігін алға тартты. Себебі кез кел­ген елмен алғашқы танысу шекарадан, әуежайдан басталатыны аян. Сондықтан ұшақтың текпешегі­нен түсіп, әуежай залына енген бойда туристер қо­нақ­жайлылық қасиеті бо­йына сіңген қазақ дейтін дарқан мінез халықтың еліне келгенін бір­ден сезінуі керек. Мұндай үрдіс Шығыс Азия елдерінде жақсы дамы­ған. Жапонияның, Оңтүстік Корея­ның әуежайына бара қалсаңыз, ұлттық киім киген, ұлттық аспапта ойнаған жандар адам жүрегін бірден жаулап алады.

Туған жердің табиғатын сүю, паркте қыдыруды жақсы көру бір бөлек, онда өзін-өзі қалай ұстау керектігін үйренудің ешқандай артықтығы жоқ екен. Мәселен, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Қалжігіт Қалыбаев табиғат аясында демалудың тәртібін былайша түсіндірді.

«Жалпы, қорықтар, табиғи парк­тер мен резерваттар ерекше қорғалатын табиғат аймақтары бо­лып саналады. Ол аймақтарда демалудың өзіндік ережелері бар. Табиғаты әсем, көпшілік қызыға­тын демалыс аймағының бірі «Сай­рам-Өгем» табиғи ұлттық паркі. Бізге туристер, қыдырушылар өте көп келеді. Парктің туристік рек­реа­ция және шектеулі шаруашылық аймақтарында қыдырушылар демалып, арнайы орындарда от жағып, тамақ әзірлейді. Бірақ ол тек парк қызметкерлерінің нұсқауымен ғана жүзеге асуға тиіс. Басқа орындарда от жағуға, қоқыс тастауға мүлдем болмай­ды. Сонымен қатар бір топ қы­дырушыны ертіп апаратын гидтер өз бағыттары туралы алдын ала хабарласа, ал туристер өзде­рімен бірге міндетті түрде жеке құжаттарын алып жүруі керек. Бұл ережеден Шымкент қаласын­дағы экскурсоводтар мен гидтердің барлығы дерлік хабардар деп ойлаймын», деді ол.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше