Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2024

Қазақстандағы ең ұзын 5 канал

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі ең ұзын каналдар туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы ең ұзын 5 канал

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жаңадария каналы – Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қызылорда облысының егістік жерлерін, көкөніс-бақша дақылдарын, табиғи жайылымдарын, жем-шөп алқаптарын суаруға арналған. Ұзындығы 555,4 шақырым, оның 535,6 шақырымы табиғи су арнасы арқылы өтеді.

Ертіс-Қарағанды – ұзындығы 458 шақырым. Оның 272 шақырымы Павлодар облысы арқылы, 186 шақырымы Қарағанды облысының аумағынан өтеді. Каналдың негізгі құрылыстары 22 сорғы станциясының көмегімен су 418 метрге, 14 су қоймасы мен 34 каналға көтеріледі. Бір сорғы станциясы секундына 18 текше метр немесе тәулігіне 1,5 млн текше метр су өткізе алады.

Арыс-Түркістан – ұзындығы шамамен 196 шақырым. «Қараспан» су қоймасынан «Бөген» су қоймасына дейінгі Арыс каналының ұзындығы – 51 шақырым. «Бөген» су қоймасынан басталатын Түркістан каналының ұзындығы шамамен 145 шақырым.

Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы Іле өзенінің бассейнінде орналасқан. Канал суы егіс алқабын суару, ірі өнеркәсіптік, шағын шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктер үшін пайдаланылады. Ұзындығы 168 шақырым. Канал облыстың Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары арқылы өтіп, Алматы қаласына жетеді.

Қызылқұм каналы – ұзындығы 116,3 шақырым. Шардара су қоймасынан бастау алып, Түркістан облысының солтүстік аймағына су жеткізеді. Канал 74,3 мың гектардан астам егіс алқабын суаруға, сондай-ақ Шардара су қоймасының толып кету қаупі төнген кезде тасқын суын өткізу үшін пайдаланылады.