Қоғам • 19 Қыркүйек, 2024

БЖЗҚ: Цифрлық жүйе – заман талабы

175 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазір бірқатар сала цифрлық жүйелерге бірте-бірте көшіп, ел-жұрт шарапатын көре бастады. Мемлекеттік қызметтердің көбін үйден шықпай-ақ алуға болады. Тұрғындар әлеуметтік төлемдерді онлайн алып, медициналық мекемеге қашықтан кезекке тұруға дағдыланды. Осы ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да өз салымшылары мен алушыларына түскен қаражаттарын қашықтан бақылап, деректерді лезде өзгерту тәрізді сан алуан цифрлы қызмет түрлерін алғашқылардың қатарында ұсынып келеді.

БЖЗҚ: Цифрлық жүйе – заман талабы

Әрбір жұмысшы ай сайынғы жала­қы­сы­ның 10 пайызын жұмыс беруші БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына аударып отыруға міндетті екенін біледі. Бұрындары олар зейнетақы жарнасына, төлемдерге аса мән бермесе, қазір ай сайын болмаса да ара-тұра көз қиығын салып, тексеріп отырады. Егер кейбір айларда зейнетақы жинағына қаражат түспесе, әрбір азамат тиісті органдарға жүгініп, зейнетақы жарнасын даулай алады. Осылайша, «Зей­нетақы жарналарына зейнет жасына таяған азаматтар ғана бас қатырады» деген түсінік келмеске кетіп барады.

Зейнетақы жарналары есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге мүмкіндік берілген бойда жұртшылық Қор сайтындағы Жеке кабинеттеріне кіріп, деректерін жаппай тексере бастады. Қазір біржолғы төлемді алуға арнайы бекітілген жеткілікті шектің мөлшері де көпшілік үшін жаңалық емес. Тіпті жеке шотындағы жинағы шекті мөлшерден асып, үйлі болғандар, денсаулығын түзеткендер көп болмаса да, бар. Бастысы, зейнетақы қорына қатысты «онда ақша жоқ» деген сыңайдағы алып-қашпа жел сөздерге нүкте қойылып, жеке шоттарын үнемі бақылап, қызмет алатын тұрғындардың үлесі еселеп артты. Демек мұны Қордың кейінгі жылдардағы ірі табысы деп айтуға әбден болады.

ирл

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мамандардың жыл басынан бері көрсеткен қызметінің саны 30 миллионға жуықтаған. Әрине, бұл қыз­меттердің барлығын ел азаматтары Қор­дың бөлімшелеріне барып, маманмен бетпе-бет жүздесіп алды деген сөз емес. Мұнда қызметтердің 13,3 миллионнан астамы электронды форматта көрсетілсе, 14,8 миллион қызмет автоматты түрде ұсынылған. Шамамен 0,38 миллионы қашықтан көрсетілген. Ал шамамен 663 мың қызмет Қор кеңселерінде ұсынылған.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басшылығы мұнымен тоқтамай, цифрлық форматта көрсетілетін қызметтер тізбесін үнемі жаңартып, кеңейтіп отыруға ниетті. Есесіне, салымшылардың Қор кеңселеріне табанынан таусылып бармай-ақ алатын қызметтерінің қатары көбейді. Қазір қызметтердің барлығын дерлік қашықтан алуға болады. Осы ретте зейнетақы шотының БЖЗҚ-ға алғашқы жарна түскенде автоматты түрде ашылатынын еске салғанымыз жөн болар. Сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағ­дар­ламасының қатысушыларына, яғни 18 жасқа дейінгі балаларға жылына 100 доллар 52 цент мөлшерінде берілетін төлемнің де автоматты түрде есептеліп жатқанын айта кеткен ләзім. Қордағы бұдан өзге де жаңашылдықтың ретін «БЖЗҚ» АҚ Цифрландыру департаментінің директоры Арслан Арыстомбековтен сұрап білген едік.

– Біз көрсететін қызметтердің бұдан өзге де көптеген түрлері бар. Әсіресе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекеттік орган­дардың дерекқорларымен кіріктіріл­геннен кейін мүмкіндік те молайды. Қор­дағы зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша ашылған жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 4,5 миллионнан асты. Қызметтерді цифрландырудың арқасында қазір БЖЗҚ салымшылары жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан сондай-ақ, нысаналы жинақтау шотынан деректерді әп-сәтте оңай көшіре алады. Жыл басынан бері салымшылар осындай 15,2 миллион деректі көшіріп алды. Оның ішінде 12 миллион көшірме электронды түрде алынса, 2,7 миллионы автоматты режімде рәсімделді. Салымшылар БЖЗҚ сайтындағы және ұялы телефондағы қосымшасынан «Жеке кабинетке» өтіп, өз деректеріне, банктік деректеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады. Жеке кабинеттен шоттың бар екені туралы анықтаманы алу да қиын емес. Бірінші немесе екінші топ­тағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнет­­ақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш қалдыруға да мүмкіндік бар. Сон­дай-ақ зейнетақы төлемдерін алу туралы өтініштің мәртебесін қадаға­лау, инвестициялық портфельді басқарушы­лар­ға жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен зейнетақыны болжамды есептеу, ерікті зейнетақы жарналарын аудару сынды басқа да бірнеше қызметтер қолжетімді, – деп Қордағы бірнеше қызметті қалай жылдам алуға болатынын түсіндіріп өтті.

Онлайн көрсетілетін қызметтер өз алдына, елдің барлық аймағында, тіпті шалғай ауылдарда Қор бөлімшелерінің қызметкерлері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жиі-жиі шығып тұрады. Кез келген компания зейнетақы қорының кеңсесіне барып, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелер бойынша кездесу ұйымдастыруға өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі арқылы байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады немесе Қор сайты, ұялы телефондағы қосымша арқылы хабарласу жеткілікті. БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтеріне WhatsАpp, Viber чат-боттары, enpf.kz корпоративтік сайты, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram сияқты әлеуметтік желідегі Қордың ресми парақшалары арқылы оңай әрі жылдам жүгінуге болады.

Қор басшылығы ақпараттандырудың жұртшылыққа ыңғайлы әдіс-тәсілін ұсынуға әркез ұмтылыс жасап, дамытуын ешқашан тоқтатқан емес. Жаңа онлайн сервистерді енгізуге мейлінше күш салып келеді. Қазір Қордағы қызметтердің шамамен 93%-ы цифрлық форматта ұсынылады. Салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтары туралы деректермен кез келген уақытта онлайн режімде таныса алады. Ол үшін www.enpf.kz сайтына өтіп, жеке кабинетке кіру жеткілікті. Бұған қоса БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасын жүктеп алуға болады. Қосымшада «зейнетақы калькуляторы» сервисінен бөлек, жеке зейнетақы шотынан деректерді қарауға, деректерді өзгертуге және БЖЗҚ-ның басқа да көптеген қызметтерін қашықтықтан алуға болады.

– Қор филиалдарында жұртшылық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жауапты қызмет көрсету бөлімінің мамандары еңбек ұйымдарына барып, ұжымдармен жиі жүздесіп тұрады. Кездесуге қатысушылар зейнетақыдағы жиынтық сомалардың неден құралатыны, жарналарды жүйелі түрде төлеудің маңызы, Қордың қандай электронды қызмет түрлерін ұсынатынынан хабардар болады. Қазір нарық заманы, әркім өз шаруасымен жүріп, кейде зейнетақы қорындағы жаңашылдықтан бейхабар болып жатады. Әсіресе өндірісте еңбек ететін жұмысшылар Қор бөлімшелеріне баруға уақыт таба бермейді. Осыны елеп-ескерген Қор басшылығы облыстық филиалдарындағы мамандардың кә­сіпорын, мекемелерге барып, түрлі сала жұмыскерлеріне қызмет көрсетулерін жолға қойған. Сол секілді шалғай аудандар мен елді мекен тұрғындарына Қор қызметінің қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін бірнеше жылдан бері «Мобильді кеңсе» жобасы іске асырылып келеді. «Мобильді кеңсе» – шағын автобус. Автобус салымшыларға қызмет көрсетуге қолайлы керек-жарақ техникасымен, соның ішінде спутниктік байланыс құралдарымен жабдықталған. «Мобильді кеңсе» аудандарға алдын ала жоспарланған кесте бойынша шы­ға­ды. Барлық бағыттар жергілікті атқа­ру­шы органдармен келісіледі. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар тұрғындарға «Мобильді кеңсенің» келетіні туралы алдын ала хабар береді, – дейді Қордың Өңірлік желіні дамыту департаментінің директоры Мәмилә Мұсабекова сөзін түйіндеп.

Қазір Қордың қоржынын сіз бен біздің табысымыздан түскен міндетті зейнетақы жарналары жылдан-жылға толықтырып жатыр. Ендеше, қарапайым жұртшылық хабардар болсын деген ниетпен зейнетақы қорының бүгінгі іс-әрекетін сипаттайтын нақты сандық деректер мен көрсеткіштерге тоқталып, шолу жасап кетелік. Биыл 1 тамызға дейін отандастардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарында зейнетақы активтері 20,26 трлн теңгеден асып, жыл басынан бергі 7 ай ішінде 2,4 трлн теңгеге (7,7%) өскен. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 3,9 трлн теңге (немесе 23,7%). Жинақтардың 96,32%-ы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Оның көлемі тамыз айында 19,5 трлн теңге болды (бір жылдағы өсім – 23%, жыл басынан бері – 12,8%). Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен түскен зейнетақы жинақтары – 618,14 млрд теңге болса, бір жылдағы өсім – 19,6%. Мұнда ең үлкен өсімді ерікті зейнетақы жарналары (жылына 47%, жыл басынан бері 26,2%) бойынша жинақтар көрсеткен. Оның көлемі – 6,7 млрд теңге. Тағы бір атап кететін жайт, биыл 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы шоттарына қосымша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары түсе бастады. Жыл басынан бергі 7 айда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен түскен жинақтардың сомасы 120,5 млрд теңге болды.

Төлемдер мен аударымдар жайына келсек, биыл 7 айда БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары 608,64 млрд теңгеден асқан. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі төлемдер көлемінен 322,4 млрд теңгеге, пайызға шаққанда 112,7% көп деген сөз. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 266,16 млрд теңгеге жеткен. Яғни бұл қаржы салымшылар игілігіне жұмсалған. Ал зейнет жасына толуға байланысты төлемдер 114,5 млрд теңге болса, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 37,4% жоғары. Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем – 33 847 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы – 945 752 теңгеге жеткенін де атап кеткен жөн.

1 тамыздағы деректер бойынша салым­шылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны шамамен 12,4 миллион бірлікке тең екен. Оның ішінде 11,07 миллионы – міндетті зейнетақы жарналары бойынша, 690,7 мыңы – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша, 425 мыңы – ерікті зейнетақы жарналары бойынша қалыптасқан. Зейнетақы активтеріне қа­тысты көпті толғандырған өзекті ақ­парат­тармен қоса өзге де мәліметтер enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлі­мінде тұр.

Шын мәнінде, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тартатын, зейнетақы активтерін, инвестициялық портфельді есепке алып, салымшылардың зейнетақы шоттарының жай-күйін қадағалайтын ірі қаржы институты. Қор қызметкерлері салымшылар мен алушылардың деректеріне өзгерістерді уақтылы енгізіп отырады. Бір ауыз сөзбен түйіндегенде, Қор жинақтаушы зейнет­ақыны қалыптастыруға және жос­парлауға барлық мүмкіндіктерді қарастырған. Демек келешекте қомақты зейнетақыға қол жеткізу үшін көпшілік айтып жүрген «цифрлық сауаттылыққа» қазірден бастап үйреніп, бейімделген абзал.

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03