Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2024

Медицина саласына – 40 көлік

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының медицина саласын санитарлық көлікпен қамту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Мәселен, былтыр жергілікті бюджет есебінен 40 санитарлық «Соболь» көлігі алынған. Ал жақында медицина мекемелеріне тағы да осынша көлік берілді.

Медицина саласына – 40 көлік

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмысы жүйеленіп отыр. Биыл 7 медициналық нысан бой көтерді. Оның ішінде шалғайда орналасқан 3 ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Қазір 15 елді мекенде дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.

«Жергілікті бюджеттің қаржысына Haval Н6 және Haval M6 маркалы көліктері сатып алынды. Енді алыс аудандардағы медицина мекемелерін қажетті жабдықтармен қамту жоспарланып отыр. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы орталық ауруха­наға МРТ аппараты орнатылды. Осындай диагностикалық құрылғыны Құрманғазы және Индер ауданындағы ауруханаларға да орнатуды көздеп отырмыз. Мұнымен бірге дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіп, баспанамен қамту мәселесі қолға алынды», деді С.Шәпкенов.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масы бастығының орынбасары Жақсылық Жанұзақовтың мәліметіне сүйенсек, 15 жаңа көлік аудандардағы ауруханалар мен ауылдық амбулаториялық пункттерге беріледі. Ал 25 көлік Атырау қаласындағы емханалар мен психикалық денсаулық орталығына, Дамбы дәрігерлік амбулаториясына тапсырылды.

Атырау қаласындағы №3 емхана дирек­торының міндетін атқарушы Мир­гүл Кенжеғалиеваның айтуынша, мұнда 53 мыңға жуық тұрғын тіркеліпті. Оларға 30 дәрігер медициналық қызмет көрсетеді.

«Біздің емхананың жанында бірнеше амбулатория бар. Бұл амбулатория­лар Ақжар, Ақсай, Алмалы, Береке елді мекендерінде орналасқан. Дәрігер­лер күніне 500-ден 700-ге дейін пациент қабылдайды. Тұрғындарға жедел қыз­мет көрсету үшін санитарлық көлік қажет. Енді біздің емхана мен амбула­то­рияларға 5 жаңа көлік бөлініп отыр. Бұл дәрі­герлердің сапалы қызмет көр­сетуіне оң ықпалын тигізеді», дейді
М.Кенжеғалиева.

 

Атырау облысы