Таным • 02 Қазан, 2024

Алтайдың 100 сырмағы

75 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сүмбіле тумай Ұланның жазира даласына төселген жүз сырмақ көпшілікті елең еткізді. Мұншама сырмақ ненің құрметіне төселді деген сан сауалға сауын айтып жатырмыз деп жауап қатты белгілі турис­тік оператор, кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров. Сөйтсек, 12 қазанда болатын бүркітшілер фестивалін ат шаптырым аумақты алмаса да, едәуір жерге жайылған сырмақ үстінде отырып хабарлаған.

Алтайдың 100 сырмағы

Мұндай хабарландырудан кейін Бозанбай ауылының маңындағы Бүркіттөбеде өтетін құсбегілер са­йы­сына асығатындардың қарасы көп болатын секілді. Басқасы басқа, ойы жаңашыл, идеясы ерекше кәсіпкер жүз сырмақты қайдан жинап алды деп таңданыстық. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан бекзат өнердің туындысы сырмақты му­зейден көретін күнге жеттік емес пе? Ал, бүгін табиғат аясына жайылды. 

«Бұл сырмақтар облыстың әр жерінен жиналды. Шығыстағы ең керемет, ең әдемі сырмақтар деуге болады. Музей қорынан алын­ғандары да, қолөнершілердің коллекциясынан алынғандары да, жекелеген әулеттен алынғандары да бар. Күздің бір әдемі, мизам шуақ төгілген күнін әдейі таңда­дық. Бірнеше жүз метр полиэтилен сатып алып, сырмақтың астына жайдық. Алтайдың 100 сыр­мағы – баршаңызға сауын айту. Жар салып, «Шығыс сал­бурыны» халықтық мейрамына шақыру»,  деді қазақтың руханиятын насихаттап жүрген Мұхтар Тойбазаров.

Қазақ халқының ға­жайып өнерін тамаша­лауға көпшілік арнайы барды. Неміс, орыс, беларус, татар, поляк, шешен сынды ұлттардың өкіл­дері де келіп, қазақтың өне­рімен танысты.

Иә, сауын айтылды. Енді 12 қазанда Бозанбай көгінде құс самғап, тұлпар дүбірі естіледі.

 

Ұлан ауданы,

Бозанбай ауылы