Өнер • 05 Қазан, 2024

Саятшы әрі суретші

121 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күздің мизам шуағында арқасын күнге қыздырып, аула­сында картина салып отырған Еркебұлан Жәкішев – сурет­ші­лердің ішіндегі серісі. Тарбағатай балалар өнер мектебінде ұстаз­дық ететін ол алғашқы қар жауса болды, тұл­па­рын ерттеп, тазысын ертіп, сән салтанатпен Арғанаты мен Толағайдың маңайына саят құрады.

Саятшы әрі суретші

Суретті түсірген – автор

Керілген кенептегі ком­пози­циялық суретте­ арқар бейнеленген. Иір мүйізді тұяқты жануар ары қарап тұр. Картина бетіне жар­тастағы петроглифтерді түсі­ріпті. Қазақы қоңыр реңді полотно астарында нендей ой бар деп қарап отырғанымызда, суретші сырын өзі ақтарған.

– Тарбағатай тауларында бұрын­ғыдай мыңғырған арқар жоқ. Азайып кетті. Ол ненің әсе­рі­нен жоғалғанын білмейміз. Десе де, біздің ауданның белгісі ретінде арқар жануары қала бермек. Сондықтан да мынау арқарды кенепке түсірдім. Неге ары қарап тұр деген ой келетін шығар. Айтып өткендей, азайып кеткен жануар­ мүмкін адамзатқа ма, мүмкін таби­ғатқа ма өкпелі болуы мүмкін. Бұрынғыдай тау-таста ойнақтап жүрген олар жоқ. Ал бетіндегі петроглифтер біздің өңірде көп кездеседі, – дейді қылқалам шебері.

Белгілі суретші Еркебұлан Жәкішевтің Шығыс Қазақстан көлемінде қатыспаған көрмесі, пленэрі кемде-кем шығар. Жеке қорындағы картина қаншама. Жеткен жетістіктері де аз емес. Шәкірттері де көптеген бай­қау­да топ жарып, ауданның намысын қорғап жүр. Жалпы, Тарба­ғатай өңірі – өнердің ошағы.

Ер азамат үй салып, ағаш отыр­ғызу, ұрпақ өсіру керек болса, Еркебұлан үшеуін де орындады. Алдыңғы жылы екі қабатты үй тұрғызып, ішкі жиһазына дейін өз қолымен жасаған. Кең ауласы гүлмен көмкеріліп, бау-бақшасы жайқалып тұр. Өнер адамы сұлулыққа, табиғатқа жақын ғой. Қылқалам шебері тауықтың түр-түрін өсіруді де ермек қылған. Сабалақ жүндісі «брама», қоңыр түстісі орыстың «хохлатыйы» секілді тауықтар ауласында өріп жүр. Тіпті Түркиядан асыл тұқымды жұмыртқаға тапсырыс беріп қойыпты. Жұмыртқасын алғызса болды, үйіндегі инкубатормен санаулы күнде балапан шығарып алады.

– Баяғыда кептер де асыраған едім. Қазір түрлі тауық асырап жүрмін. Шынымды айтсам, жұ­мыртқасы үшін емес. Ет өнді­руді де көз­деген емеспін. Аулада қызылды-жа­сылды болып жайылып жүр­ген­деріне қарап сүйсінемін. Тауық болға­нымен, ерекше жаратылыс ие­лері. Қолға да үйреніп алған, – деп қоңыр балапанды білегіне қондыра қойды.

Сондай-ақ суретші тауық қана емес, тазы жүгіртуді де жақ­сы кө­реді. Ауласында шынжырсыз жү­ре­­тін тазысы тауық көрсе, тұра қуа­тын иттердің қатарынан емес екен. Ал далалы жерде көзі­не қоян я түлкі түссе, алмай қой­май­ды дейді.

– Қансонарда арнайы жолдама алып, аң қуып қайтамыз. Оған дейін тазыларымды баптаймын. Мына тазым қасқырға да түскен. Түлкі, қоян секілді аңдарды оп-оңай алады, – деп, есік пен төрдей болып созылып жатқан тазысын ысқырып шақырды.

Қызығы, бұл тазыны Ерке­бұлан күшік кезінде Өске­мен тұрғынына сатып жіберіпті. Күндердің күні тамыр-таныстары қала көшесінде қаңғырып жүрген сол тазыны көріп қалып, Еркебұланға айтқан. Ит десе, ішкен асын жерге қоятын қыл­қалам шебері орталық қалаға ұшып жетіп, тазысын тауып алып келіп, баққан, баптаған.

Бекзат дәстүрді дәріптеп жүрген Еркебұлан Жәкішевтің өнері де бекзат. Кешегі Әбілхан Қастеевтерден қалған өнердің өрісінде тынымсыз еңбектеніп жүр. Өнер бағытындағы еңбегін үйіндегі қабырғаларға қарап-ақ байқайсыз. Төрінде майлы бояумен жазылған Шыңғыстай ауылының көрінісі тұрса, асүйінде натюрморт жанрындағы карти­налар көз жауын алады. Қарап отырып, қандай жетістік­терің бар дейміз ғой әдеттегі сұраққа басып.

– Оқушылардың марапат­тары мектепте. Өзім ІІІ халық­аралық сурет сайысында пейзаж аталымы бо­йынша бас жүлде алғанмын. Ең үлкен жетістігім сол шығар. Одан басқа да марапаттар бар. Еске түсіп тұрғаны осы, – деді қарапайым кейіпте.

Е.Жәкішевтің Ұлан, Тарба­ғатай, Катонқарағай аудандарына пленэрге шығып, жүздеген этюд жазғаны көпшілікке бел­гілі. Картиналары сонысымен де құнды. Бояу жағудағы стилін де жазбай тануға болады. Қол­­таңбасы ерекше шебердің жұ­мыс­тары Өскемендегі өнер музейіне де қойылған.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақжар ауылы