Қоғам • 23 Қазан, 2024

Бейнеттің зейнетіне лайық төлем

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында мемлекет мұқтаж адамдарға қашанда қолдау көрсететінін айтқан еді. Халықты қолдау тәсілдерін жетілдіріп, әлеуметтік көмек әділ, ашық бөлініп, тиімді жұмсалуға тиіс екенін ескертті.

Бейнеттің зейнетіне лайық төлем

Биылғы 14 қазанға дейінгі мәліметке сәйкес, 12 530 адам арнаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жазған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 11 814 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем (АӘТ) тағайындалғанын жария етті.

Екі көзден, яғни ел бюджеті мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін арнаулы әлеуметтік төлем алуға 3 077 адам өтініш жазып, оның ішінде 2  963 адамға тағайындалды. Ал республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші, өмірді сақтандыру ұйымы сынды төрт қаржыландыру көзінен әлеуметтік төлем алуға 8 928 адам өтініш жазып, оның ішінде 8 851 азаматтың құжаты өткен. Мұның сыртында 474 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартын жасаспақ. 51 азамат ұялы телефонына жолданған СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 191 өтініш берушіге АӘТ тағайындалмапты.

Өңірлерде арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдірген­дердің ең көбі Қарағанды облысында тіркелді. 2 көзден – 528, 4 көзден 1 598 адам тіркелсе, Қостанай облысында АӘТ алуға 2 көзден – 334, ал 4 көзден 1 057 адам құжатын өткізген. Шығыс Қазақстан облысынан 2 көзден төлем алуға – 275, 4 көзден берілетін жәрдемге 1 063 адам мұқтаж ретінде тіркеліпті.

Биылғы 1 қаңтардан бастап еліміз­де зиянды еңбек жағдайында ұзақ уа­қыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемге өтініш жолдаушылардың 55 жасқа толуы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының қаражаты болуы міндетті. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді  алушылар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе дема­лыс­қа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алып тұрады.

БЖЗҚ деректеріне сәйкес, арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындауға міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер ретінде өтінішін жолдауына болады. Төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскерге төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланыс­ты есептеледі. Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлерінде денсаулыққа зиянды әрі ауыр жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің кәсіптік зейнетақы жарнасын аударады.

Арнаулы әлеуметтік төлем эконо­миканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде, өзге де өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға беріледі.