Қаржы • 25 Қазан, 2024

Қаржы сегменті: Алдымызда алтыншы кезең тұр

281 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаржы нарығы бүгінде бұрын-соңды болмаған мүмкіндік пен инновациялық серпіліс кезеңін бастан өткеріп жатыр. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, жасыл экономикаға бағытталған инвестиция мен нарықтың жаһандық интеграциясы – осының бәрі қаржы әлемінде болашаққа жол ашады. Өзгерістер толқынында икемділік танытып, жаңашыл шешімдер қабылдаған мемлекеттердің үлкен табысқа қол жеткізу мүмкіндігі де зор.

Қаржы сегменті: Алдымызда алтыншы кезең тұр

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мүмкіндік пен тәуекелдің арасы – бір-ақ қадам. Жаңа технологиялардың енуі келешектің керегесін кеңейтсе, жаһандық нарықтың тұрақсыздығы тығырыққа тірей түседі. Қаржы секторы сан мәрте сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Сарапшылар тәуелсіздік алғаннан бергі уақытты бес кезеңге бөліп қарастырады.

Күйреу кезеңі. 1990 жылдың басы мен ортасы посткеңестік кеңістікте саяси, экономикалық маңызды жыл ретінде есте қалды. Өндіріс тоқтап, экономика тұра­ла­ды. Экономист Айбар Олжаевтың айтуын­ша, ел егемендігін алған сәтте бізде әуелі толық күйреу кезеңі болған. Жазушы Дулат Иса­бековше айтсақ, жүн сабап отырып-ақ социа­лизмнен нарықтық экономикаға өтіп кеттік. Халықтың талғажау етерлік ас таппай, ала дорбаның жалпыхалықтық сипатқа ие болатыны да сол тұс. Инфляция жүздеген, тіпті мың­даған пайызға жетті. Мемлекет бюджетiнiң тапшылығы мен инфляция қатар өсті. 

– 1991 жылдан 1993 жылға дейін рубль зонасының күйреуі, біздің валю­тасыз қалуымыз кесірін тигізді. Гиперинфляция, зауыт-өндірістің бар­лығының тоқтауы тоқырауға әкелді. Осындай қиын заманнан өттік, – дейді сарапшы.

Мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын іздеп, сарсаңға түсті. Оның ең әуелгісі – бағаны ырықтандыруды бір жүйеге келтіру еді. Тарихи деректерге сүйенсек, елімізде ырықтандыру 1992 жылы мұнайдың, мұнайдан шы­ға­тын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүр­гізілді. Сәйкесінше, әр кәсіпкер, әр кә­сіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Содан баға шарықтап өсіп, ел экономикасы зардап шекті. Ойсырай опық жегеннен кейін жекешелендіруге көштік. 1991-1992 жылдары 5 000-ға жуық нысан жекешелендіріліп, ұжымдық меншікке берілген 470-тен астам кеңшар болды.

Алғашқы қадамдар кезеңі. 1993 жылы ұлттық валютамыз теңгенi енгізсек те инфляция белең ала берді. Ұлттық банк жағдайды реттей бастаған соң ғана ақша-несие саясаты жолға қойылып, валюталық реттеу жүзеге асырылды. Нәтижесiнде, 1995 жылдан бастап инфляция деңгейi төмендеп, экономикалық өсімге жол ашылды. 1993-2000 жылдар аралығында шетелдiк инвестицияның көлемi 12,5 млрд долларды құраған.

– Дүрбелеңнен кейін алғашқы қадамдар кезеңі болды. Ол 1993 жылдан 2000 жылға дейін жалғасты. Төл теңгемізді енгіздік. Банктер туралы заң қабылдап, қаржы нарығында белгілі бір биржалар пайда болып, ойын ережесі қалыптаса бастады, – дейді экономист.

Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі еді. Сол кезде шағын және орта бизнесті дамытуға жіті мән берілді. Көтерме-сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгертуге ден қойылды. 1994 жылдың күзінен бастап макроэкономикалық реттеу бас­талды. Бағаның өсуі біраз тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді. Ақша-қаражат саласына да біршама береке кірді.

Өрлеу кезеңі. 2000-2002 жылдары ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) жиынтық өсімі 35,5 пайызды құраған. Сауатты макроэкономикалық саясат еліміздің халықаралық беделін едәуір көтерген соң, ТМД елдері арасында жан басына шаққанда шетелдік инвестиция тарту жөнінен көш бастадық. Шетелдік инвес­торларды, әлемдегі аса ірі компанияларды да тарту көптеген түйткілдің түйінін тарқатты. 2000 жылдан бастап 2008 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыны 5 есе өсті.

Осы тұста ретке келген бір мәселе –зейнетақы төлеу еді. Үкімет зейнетақы мәселесін шешуде үш бағытта жұмыс істеді. Бірінші – зейнетақының бұрынғы қарыздарын жабу, екіншісі – зейнетақыны уақытында төлеу, үшіншісі – зейнетақы жүйесін реформалау. Төленбеген зей­нетақы төленіп, одан әрі арттыру шаралары жүргізілді. Атап айтқанда, зейнет­ақының ең төменгі мөлшері 1998 жылы 3 мың теңге болса, 2000 жылы 4 мың теңгеге жетті. 2000-2002 жылдары зейнетақы төлемдерінің ең аз мөлшері үш мәрте артып, 23 пайызға өсті. 2004 жылдың қаңтарынан төменгі зейнетақы мөлшері 5 800 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері 8 335 теңгені құрады.

– 2000-2007 жылдар аралығында біз өрлеу кезеңінде болдық. Ол кезде мұнай бағасы барреліне жүз доллардан асып тұрды. Бізге арзан шетелдік несиелер келді. Еліміздің суверенді рейтингтері жоғары болды. Банктер шетелден 1-2 па­йызбен долларлық несие алып, халыққа таратты. Кредит нарығы аясының кеңеюі тұрғын үй нарығының бағасын да өсірді, – дейді А. Олжаев.

Дағдарыс кезеңі. Сарапшымыздың айтуынша, 2007 жылы халықаралық қаржы-несие дағдарысы біздің қаржы жүйемізге де қатты қысым көрсеткен. Қарыз алудың ішкі көздеріне тәуелділік басталған. 2008 жылы біздің экспорт өнімдеріне деген әлемдік сұраныс та төмендеген. Мұның бәрі айналып келгенде, экономикалық белсенділігіміздің бәсін төмендеткен.

– Одан кейін дағдарыс фазасына түстік. 2007 жылы АҚШ ипотека нарығында дағдарыс басталғанда, әлемдік қаржы нарығының салқыны бізге де тиді. Сөйтіп девальвациялық кезеңге өттік. 2014 жылға дейін осы дағдарыспен күрестік, – деді сарапшы.

Мемлекеттік капитализм. Сарап­шы­ның айтуынша, кейіннен дағдарыс пен экономиканы қолдан басқаратын мемлекеттік капитализм заманына келдік. Осы дағдарыс заманында түрлі банкті құтқару, оларды мемлекет есебінен асырау басталды. Барлық нарық, бүкіл банк, теңге, барлығы белгілі бір бақылауға алынды. Бәрі де мемлекет қамқорлығына ілікті. Мемлекет экономиканың барлық секторына еніп кетті. Дегенмен соңғы жылдары мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл үдеріс біртіндеп жүзеге асырылып та жатыр. Мәселен, Ұлттық банк бірнеше мемлекеттік бағдарламадағы миссиясын тәмамдады.

Қазір біз алтыншы кезеңге аяқ басатын тағдыршешті тармаққа таяп та қалған секілдіміз. Мемлекет бизнеске қойылатын әкімшілік кедергілерді алып тастаумен белсенді түрде айналысып жатыр. Шағын және орта бизнес негізгі басымдыққа айналды. Иә, түрлі бағдарламалар арқылы бизнес субъектілеріне жеңілдетілген несие беру, субсидия ұсыну үдерісі тоқтаған жоқ. Бірақ мұның өзі бизнес аяқтан тұрып кеткенге дейінгі демеу әрекеті. Қазір мемлекет бизнестің қолтығынан сүйемесе, кейін бәрі кеш болмақ. Президент мұны өте жақсы түсініп отыр. Сол се­бепті әр Жолдауында, әр бастамасында кәсіп­керлікке жағдай жасау, бизнес мүмкіндіктерін ұлғайту жайын назардан тыс қалдырған емес.

Келесі кезеңде бизнес ұлттық эконо­миканың қозғаушы күшіне айналады, дайын өнімдер тізбегі қалыптасады, өндірістің барлық сатысы өз елімізде қамтамасыз етіледі, өз миссиясын адал атқарған мемлекеттік бағдарламалар үлесі азаяды деп күтеді сарапшылар.

Қай уақытта да дағдарыс мүмкіндік деп саналған. Пандемия, мұнай бағасының құлдырауы, одан кейінгі геосаяси шие­леністер, соңын ізі ала логистикалық тізбек­тердің бұзылуы экономикада іркіліс туғызды. Олардың негізгілері – азық-түлік қауіпсіздігі (азық-түлік импортының артуы), ­инфляция, теңгенің құнсыздануы, тасы­мал құнының артуы. Бірақ осының бәрі бізге басқа есіктерді іздеуге ынталандырды, тиісінше тығырықтан шығудың амалын да тапқандаймыз.