Жәдігер • 02 Қараша, 2024

Мақының сандығы

126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мақы (Әбілмақы) Уәлиханов – қазақтың алғашқы кәсіби суретшілерінің бірі. Ол Шоқан Уәлихановтан он жас кіші. Ағасы оның сурет салуға, қағаз шимайлауға, ағаштан ойыншық, мүлік жасауға икемі барын ерте аңғарған. Кейбіреулердің айтуына қара­ғанда, Мақы жасында сүзекпен ауырып, есту, сөйлеу қабілетінен айырылып, мылқау болып қалады.

Мақының сандығы

Шоқан Мақыны 10 жасында Санкт-Петербургтегі есту қабілеті жоқ балаларды оқытатын арнаулы училищеге орналас­тырады. Оқуға аттанарда әкесі Шыңғыс Мақыға шіркеуге бармауды, шоқынбауды, шошқа етін жемеуді қағазға сурет сала отырып түсіндірген екен. Құлдыраңдаған бала әкенің тапсырмаларын бойына терең сіңіріп, бұлжытпай орындаған.

Мақы оқыған училище кембағал балаларды сурет салуға, сызу, каллигра­фия, гравюра өнеріне үйреткен. Шо­қан Уә­лиханов Санкт-Петербургте оны өзінің демократ, ағартушы достарымен таныстырған. Зеректігінің арқасында Мақы әлемдік атақты суретшілердің өнерімен таныс болып, орыс және әлем әдебиеті өкілдерінің озық шығар­маларын бойына сіңірген.

Тоғыз жыл оқып, туған еліне сурет, қолөнер туындыларының кә­сіби маманы, үздік шебері болып ора­лады. Ағаштан, сүйектен оюлап төсек­ағаш, сандық, астау, саптаяқ, ожау, нақыш­ты қап (футляр) сияқты тамаша жәдігер­лер жасаған. 1876 жылы Санкт-Петер­бург­те болған Шығыс зерттеушілері шы­­ғар­маларының көрмесінде Мақының өнімдеріне алтын медаль берілген.

Ол өз әкесі мен оның замандастарына, ел ағаларына арнап түрлі кәдесыйлар, соның ішінде сүйектен, мүйізден жасалған шақшалар, оларға араб шрифтімен қол­таңбалар жазып беріп отырған. Тіпті жақын түскен орыс қалаларында үй салғысы келген қазақтарға тұрғын үйлер­дің жобасын, сәнді оюларына дейін сызып береді екен. Қазірдің өзінде оның архи­­тектуралық жобасын сызып берген үйлері Саумалкөл, Сырымбет, Көкшетау, Қы­зылжар қалаларында бар көрінеді.

Мақы – үйленіп, балалы-шағалы болған жан. Оның Ыдырыс деген ұлы, Ажар, Қалима деген қыздары болған. Мақы балаларының, әкесінің портретін салған.

Большевиктер өкіметті басып алып, зия­лы отбасылардың бәріне бүйідей тигенде Уәлиханов әулетінде де қудалау бас­талып, Мақының өнер туындылары шашылып, ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кеткен. Тіпті піл сүйегінен жасалды деген баға жетпес туындылары да қолды болған. Тек бірен-саран дүниелерін ұрпақтары сақтап қалыпты. Соның бірін Мақының немересі, қазақтың атақты архитекторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мемлекеттік герб авторларының бірі Шот-Аман Уәлиханов атасының туған жері – Айыртау ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет ауылындағы музейге тапсырыпты. Оны жуырда облыстық газеттің жас журналисі Самрат Құскен тауып, жариялады. Сырты піл сүйегімен әше­кейленген бұл сандықтың көркемдік құн­дылығы, дизайн шеберлігі орасан зор. Қол­данылған материалды Мақы Санкт-Пе­тербургте оқыған жылдарында сатып алған көрінеді. Қазір сандыққа қызығып, тамашалаушылар саны жыл сайын артып келеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Сырымбет ауылы